Теңге ауылындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді
Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге ауылындағы №14 жалпы білім беретін мектепке 22 жылдан кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығы мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Тозығы жеткен білім ордасын жаңарту үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 50 миллион теңге бөлінді. Мектеп басшысы Гүлзада Қайнарбаеваның айтуынша, жөндеу жұмыстарына дайындық өткен жылдың тамыз айынан басталған. Білім ошағының қабырғасы, едені мен терезесі, есігінен бастап оқушыларға арналған парталар мен тақталар да жаңартылған.
-Біздің мектепке 2000 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан ешқандай шағым болмаса да заман талабына сай жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, соңғы үлгідегі мектептер санатына қосуды жөн көрдік. Оқушылар үшін ең маңыздысы сапалы білім мен ыңғайлы мектеп. Сондықтан, таза, жарық әрі жайлы оқу ордасы әрбір баланың білім алуға деген ынтасын арттыра түсері анық, - деді Гүлзада Қайнарбаева.
№14 жалпы білім беретін мектепте 871 оқушы білім алып жатыр. Тәртіпті, зерделі әрі алғыр өрендер оқу ордасының жаңарғанына дән риза. Биылғы мектеп түлегі Сәуле Түгелбаева ризашылығы мен қуанышын жасырмады.
-Кез келген оқушының жетістіктерге жетуіне ұстаз ғана емес, ыңғайлы, қолайлы мектеп те ықпалдасады. Мұндай көз тартарлық мектеп әрқайсымызға ерекше жігер мен талпыныс сыйлайды. Ішкі әдемілік пен сыртқы тартымдылық үйлесім табатыны анық. Мектептегі оқу деңгейі қаншалықты жоғары болса, сыртқы көрінісі де соған сай деңгейде болғаны дұрыс деп ойлаймын, - деді Сәуле Түгелбаева.