Теміржол тарланы

Теміржол тарланы

Өмірде өзін-өзі жарнамалағанды, газет бетіне, теледидарға қайта-қайта шыққанды құп көре бермейтін, есесіне, аз сөйлеп, көп іс тындыратын, елі үшін жасаған игілікті істерін дабыра қылмай-ақ атқара беретін адамдар болады. Сондай тұлғаның бірі — техника ғылымының докторы, профессор Амангелді Жұмағалиұлы Омаров.
А.Омаров теміржол саласында жас­тайынан еңбек етіп, қызметі сатылап өсті. Бүгінде ол Қазақстан Республикасының инженерлер, Халықаралық көлік және Халықаралық байланыс академияларының академигі, 2003 жылдан бастап Қазақ жол қатынастары университетінің ректоры қызметін атқарып келеді.
30 сәуірде теміржол тарланы атанған А.Омаров 70 жасқа толады. Алайда Амангелді Омаров осы уақытқа дейін ешбір мемлекеттік марапатқа ие болмапты.  Әрине, ол кісі – атақ-даңқ, марапатсыз-ақ тек Қазақстанға емес, шетелде де танымал ғалым, іскер, кәсіби басшы. Дегенмен ең­бегі ескеріліп,  құрмет көрсетіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Аспан ҚАЖЫҒҰЛОВ,  техника ғылымының докторы, құрметті теміржолшы:
– Амангелді Жұмағалиұлын  ақылшы аға ретінде өте құрметтеймін. Іскерлік қабілетін, ұйымдас­ты­ру­шылығын, парасат-пайымы мен адам­гершілігін, ұлтжан­дылығын,  кез келген істі бастаса, аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табандылығын ерекше бағалаймын. Ол кісінің әкесі Жұмағали Омаров та теміржол саласына зор еңбек сіңірген.  Алматы теміржол ин­женерлері институтының ашы­луына мұрын­дық болып, шаңырағын көтерген кісі.  Отбасылық династияны жалғап, та­бысты еңбек етіп келе жатқан Аман­гелді ағамыздың еңбегі мемлекет тарапынан ескерілмей отырғаны қын­жылтады. Біз үшін «теміржолдың генералы» атанған Амангелді Жұма­ғалиұлы Омаров қандай да болсын марапатқа әбден лайық.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Амангелді бала кезі­нен әкесі Жұмағалидің ізін басып, бола­шақта теміржолшы болуды армандайды. Теміржол көлігі инженерлерін дайындайтын Новосібір институтын тамамдап, еңбек жолын Қазақ теміржолының Арыс жол дистанциясында қарапайым жұмысшы болып бастайды. Одан кейін бес жыл Қарағанды жол дистанциясында алға­шында жол шебері, кейіннен аға жол шебері болып қызмет етеді. Іскерлігімен көзге түсіп, аталмыш мекемеге бас инженер болып тағайындалады.
1971 жылдың шілдесінде А.Омаров Балқаш жол дистанциясының бастығы, 1972 жылы Қарағанды жол дистанция­сының бастығы болып тағайындалады. Одан соң Қарағанды бөлімшесінің бас инженері қызметіне көтеріледі. 
1983 жылы Алматы теміржолы бас­тығының орынбасары болып ауысып, арада сегіз жыл өткен соң аталмыш жолдың бастығы болып тағайындалады. Осы кезеңді үзеңгілес досы әрі теміржол сала­сына еңбегі сіңген құрметті темір­жолшы Жаһанша Ахметов былай деп еске алады:
— Амангелді Омаров Алматы теміржолы бастығының орынбасары болған кезінде жолдың локомотив және вагон деполарын толығымен қайта қалпына келтірді. Арыс, Жамбыл, Шу, Алматы-1 және 2, Семей, Защита тағы басқа теміржол мекемелері күрделі жөндеуден өтіп, байланыс және орталық бақылау орындары жа­ңартылды. Алматы теміржолында әуелі Шеңгелді-Арыс бағытын электр­лендірді. Одан кейін Арыс-Луговой-Шу-Отар-Алматы, Шу-Мойынты бағыт­тары да толығымен электрлік жүйеге көшті. Луговой-Шу теміржолының электрленген бағытының ашылу салтанатына Елбасы Н.Ә.Назар­­­баев­­тың өзі арнайы қатысып, оң бағасын берген.
1988-90 жылдары Ақтоғай-Алашань­коу бағыты толық күрделі жөндеуден өтіп, Қытайға жол ашылды. Достық бекетінде қысқа мерзімде вокзал іске қосылды. Мек­теп, аурухана, қонақ­үйлер салынып, темір­жолшылар отбасына арналған үйлер бой көтерді. Негізі, Ақтоғай–Достық бағыты 1958 жылы әкесі Жұмағали Омаровтың басшылығымен  салынған   болатын.
Ж.Ома­ров ол кезде Қазақ теміржолының бас инженері еді. Әкесінің бастағанын 30 жылдан соң баласы жүзеге асырды.
Амангелді Жұмағалиұлының бұл істері қара жұмыстан қашпай, шешім қабылдауда батылдық көрсете отырып, өзіне сеніп тапсырылған қызметін қазағының абы­ройы, ұлтының мерейіне балап, оны қасиетті ұрпағының бойына сіңіріп келе жатқандығының дәлелі. Басшы болудың қыр-сырын терең меңгерген жан.
А.Жұмағалиұлы 1997 жылы «Қазақстан теміржолы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары болып тағайындалады. Одан кейін бұл қызметке жастар келіп, М.Ты­ныш­баев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына ректор болып келеді. Мұнда да тынбай еңбек етіп, академияның материалдық-техникалық базасын жақсартып, студенттердің жан-жақты білім алуына барынша жағдай жасайды.
А.Омаров 2003 жылдан бастап, Қазақ жол қатынастары университетінің ректоры қызметін атқарып келеді. Оның құрамына Техникалық-экономикалық колледжі де кіреді. Аталмыш университет пен колледж техника және экономика бағытында, көлік және коммуникация мекемелеріне, басқа да еліміздің экономикалық салаларына 16 бакалавр, 9 магистратура, 4 Рһ. D және колледж мамандықтары бойынша ма­мандар даярлайды. Оқу орнының лабо­раториясы, дәріс беретін аудиториясы, компьютермен жабдықталуы, кітапханасы, спорт кешендері, студенттерге арналған жатақханасы — барлығы заманауи қон­дырғылармен жабдықталған. Уни­верситет қызметкерлері жыл сайын шетелдерде білімін жетілдіріп тұрады.
Әміржан ШАЛТЫҚОВ,  профессор:
– Амангелді Омаров – қазақтың нағыз арда азаматтарының бірі.  Ол – тұлға, текті тұқымның тұяғы, асыл­дың сынығы. Әкесі Жұмағали Омаров Түрксіб теміржолы құрылысын бас­қарған Тұрар Рыс­құлов, Мұхаметжан Тынышбаев­тармен бірге қызметтес болған. Соғыс кезінде Түрксіб темір­жолын басқарып, Қазақстаннан май­данға қару-жарақ, азық-түлік тасы­малдауды ұйымдастырған. Сталиннің өзі Жұма­ғали Омаровты екі рет қабылдап, іскерлігіне тәнті болған. Қа­зақстанның басшысы болған Жұ­мабай Шаях­метовпен жақсы қарым-қатынаста болып, жанұяларына дейін араласып тұрған. Сондай ірі тұлға­лардың қа­сында жүріп, ақыл-кеңесін тыңдап, өнегесін көріп өскен Аман­гелді де – олардың ізгі қасиеттерін бойына сіңіре білген жан.
А.Омаров қарапайым халықтың әлеу­меттік мәселелеріне белсене араласудан қалыс қалған емес. Жыл сайын еңбек және соғыс ардагерлерімен кездесу өткізіп, материалдық көмек беріп отырады. Өткен жылдың наурызында Қазақ жол қаты­настары университеті «Қазақстан» ұлттық арнасымен бірлесіп, «Жан жылуы» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Онда кембағал жандардың емделуіне, шетелде ота жасатуларына 2 миллион теңгеден аса қаржы бөлінді.
Жалпы, А.Омаровтың 200-ге жуық ғылыми еңбегі жарық көріп, оннан астамы өндіріске енгізілген. Оның барлығы – темір­жол торабы инфрақұрылымының дамуына, теміржол жылдамдығының артуына, тасымалдау қызметі сапасының көтерілуіне байланысты ғылыми жо­балар.
Бар ерік-жігерін, қазына жылдарын ел-жұртының  мақсат-мұратына арнаған А.Омаров­тай ардагер азаматымыздың, аға лектің ғұмыр жолы — бүгінгі буынға үлгі-өнеге әрі сабақ. Қай жерде қызмет жаса­сын әріптестерін, өскелең ұрпақты ізгі істерге жұмылдыра жүріп, өзінің орнын, отбасының берекесін, бақытын теміржол­дан тапты және жиған-тергенін теміржо­лына беріп келеді. Қазір ағалық жастан аталық жасқа жеткен Амангелді Омаров 70-ке толып отыр. Отбасының тірегі, сүйікті әке, бақытты ата болып отырған ағамыз бен Кәрима жеңгей балаларынан бірнеше немере сүюде.
Көлік және коммуникация экс-министрі Әбілғазы Құсайынов А.Омаровтың кәсіби теміржолшы, көреген, іскер басшы, ұла­ғатты ұстаз-ғалым ретінде Қазақ елінің өркендеуіне қомақты үлес қосқанын айта келіп, үлгі-өнегеге толы ғибратты еңбек жолын бағалайтынын өзінің алғысхатында жеткізген екен. Сондай-ақ экс-министр мырза алғысхатта бүгінде теміржолшы деген мамандықтың мерейін үстем етіп, туын биікте ұстап жүрген А.Омаровтай азамат­пен мақтанатынын атап өтіпті.
Біздің бұған қосарымыз, Алла ден­саулық нәсіп етсін дей отырып, осындай аза­маттар елде көп болғай дейміз! Мерей­тойыңыз құтты болсын, Амангелді аға!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста