Теміржол саласында нарық пен табысты реттеудің нақты саясатын жасау қажет
Қадыл Таласбеков, «Локомотив» АҚ президенті:
– Қадыл Секенұлы, локомотив шаруашылығы – Қазақстан теміржолы кешенінің аса маңызды буыны. Бұл саланың дамуы, бүгінгі аяқ алысы қалай? Таяу болашақта қандай нәтижелер күтуге болады?
– Иә, арбаны дөңгелексіз елестете алмайтынымыз секілді, теміржол құрамдарын да локомотивсіз елестету мүмкін емес. Бейнелеп айтсақ, локомотив – теміржол құрамдарын ғана емес, тұтастай елдің жүк тасымалын да алға сүйрейтін шаруашылық. Сондықтан біз былтыр «Локомотив» АҚ-тың даму стратегиясын қабылдадық. Ал стратегия кәсіпорынның өміршеңдігі мен табыстылығының негізін қалайтындықтан, біз бұл құжатқа айрықша ыждаһатпен қарап, жан-жақты әзірледік. Онда қозғалыстың қауіпсіздік деңгейін, кәсіпорынды басқару тиімділігін көтеруге, локомотив паркін жаңғырту және жаңарту арқылы негізгі құралдардың тозуын төмендетуге бағытталған негізгі стратегиялық басымдықтар айқындалды. 2020 жылға дейінгі стратегия аясында түрлі мақсаттағы мыңнан астам локомотив алу жоспарланып отыр. Бұл ретте жаңа техникалардың 96 пайызы осы саладағы General Electric, Alstom секілді жетекші компаниялардың технологиясы бойынша отандық көліктік машина жасау кәсіпорындарында шығарылмақ. Ал пайдалану жүйесін жетілдіру үшін тасымалдаушылардың локомотивтік тартушыға деген қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын технологиялық үрдіс әзірленіп енгізілетін болады. Бұл құжатта тартушы-қозғаушы құрамды жөндеу мен техникалық қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге айрықша назар аударылды. Бұл жүйе мейлінше тиімді пайдаланылу үшін қажетті техникалық деңгейге жеткізіледі.
Сонымен қатар стратегияда энергия және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу мен дамытуға айрықша мән берілген. Ол үшін біз тиісті жұмыс ауқымын еш кемітпей-ақ энергия мен отын тұтынысын азайтуға мүмкіндік беретін техникалық құралдар мен технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, электр энергиясы мен дизельдік отынды коммерциялық есептеу технологиясын қазірдің өзінде енгізіп жатырмыз.
Жалпы, қазіргі тартушы-қозғаушы құрам паркін қауіпсіздік жүйелерімен және техникалық құралдармен жарақтандыру пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде тиісті нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді. Ал ақпараттандыру және автоматтандыру үрдістерін дамыту біздің операциялық қызметіміздің жеделдігі мен ашықтығын, тиімділігін қамтамасыз етеді.
– Жөн екен. Ал енді заманауи техникалық мүмкіндіктермен жабдықталған жаңа локомотивтердің келуімен жөндеу және пайдалану бөлігінде оңтайландыру, яғни штат қысқарту ықтималдығы туындауы мүмкін бе?
– Әлбетте. Локомотив паркін жаңартудың есебінен жөндеу және пайдалану бөлігінде айтарлықтай штат қысқаруы мүмкін. Бірақ біз де, жалпы, ҚТЖ да жұмыскерлеріміздің әлеуметтік қорғалуы мәселесіне баса мән береміз. Сондықтан штат қысқаруы мүмкін тұстарда алдын ала ескерту жасалып, босайтын адамдарды өзге жұмыстарға орналастыру үшін жергілікті әкімдіктерге хабар берілетін болады. Сонымен қатар біз жаңа локомотивтерге қызмет көрсететін сервис-орталықтар құруды да жоспарлап отырғандықтан, босаған мамандардың басым бөлігі сонда орналастырылуы мүмкін.
– Локомотивтің заманауи жарақтануы бір басқа да, оған сай техникалық қызмет көрсету, жөндеу бір басқа. Локомотивтерді жөндеу мәселесі бүгінгі күннің талабына сай ма?
– Бұл – енді күрделі мәселе. Локомотивтер паркінің ескіру көрсеткіші жоғары болғандықтан, оны ең маңызды мәселелер қатарына жатқызуға болады. Локомотивтер көптеген жылдар бойы жаңартылмады, ал соңғы кездері алып жатқан техникалар қажетті межені толық қамтымайды. Сол себепті де біз тартушы-қозғаушы құрамды жөндеу жұмыстарының сапасына айрықша көңіл бөлеміз. Сол үшін «Локомотив» АҚ локомотив жөндеу бағдарламасын қабылдады.
Әрине, бізде локомотив жөндеу қызметін көрсететін кәсіпорындарға қатысты туындайтын мәселелер көп. Бұл мәселелерді шешу үшін және жөндеу тиімділігін арттыру үшін ондай кәсіпорындарға жөндеу технологиясын қайта қарап, мейлінше жаңа ғылыми әдістерді, заманауи жабдықтар мен бақылаудың автоматтандырылған жаңа жүйелерін енгізу керек. Сондай-ақ ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіріп, қосалқы бөлшектер мен маман даярлау мәселесін де назарда ұстау қажет. Осындай шаралар локомотив жөндеу жұмыстарының сапасын айтарлықтай көтеретіні сөзсіз.
– Ал енді мына теміржол саласын реформалау барысы «Локомотив» АҚ-қа белгілі бір деңгейде ықпал ететіні анық. Осы ретте кәсіпорынның болашақ стратегиялық жоспарларын жүзеге асыру жайы қалай болмақ?
– Қалай болған күнде де стратегия жүзеге асырылатыны анық. Өйткені акционерлік қоғам нысаны өзгеріп жатқан күннің өзінде локомотивтер мен локомотившілер қалады. Пойыздарды да сүйреу керек қой. Олай болса, техника паркін жаңарту, қауіпсіздікті сақтау және пойыздарды ғана емес, бүкіл үрдісті сүйреу қажет! Ең бастысы – іс-әрекеттердің мақсаттылығын, бағдарын сақтау. Сол себепті де біз қайта ұйымдастыру қандай болған күнде де басқарылуы үшін стратегиямызды бизнес-сегменттерге бөліп құрылымдадық. Бұл орайда ұмтылыстар мен іс-қимылдардың кезеңділігі, ең бастысы, мақсат сақталатын болса, стратегия да бүгінгі қабылданған күйінде жүзеге аспақ. Әлбетте, жекелеген тұстарда түзетулер мен толықтырулар болуы мүмкін.
Бізді бүгінгі таңда мазалайтын ең басты мәселе – жоспарланған табысқа қалай жететініміз және локомотивтік қызметке лайықты тарифті қалай алатындығымыз. Ал лайықты тарифсіз біз техникалық паркті жаңарту секілді ең негізгі жоспарларымызды жүзеге асыра алмаймыз. Ал бұл мақсат 800 миллиард теңгеден астам қаражатты қажет етеді. Біз осы қаражатты өзіміз табуға тиіспіз. Ол үшін ҚТЖ ҰК АҚ теміржол тасымалы нарығының 80 пайыздан кем емес бөлігін иелену туралы міндеттемесін қамтамасыз етуіміз керек. Ал бұл — оңай шаруа емес. Әсіресе барлық тасымалдаушыларға біздің нарықта белгіленген тәртіппен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін заңнамаларымыз бен халықаралық келісімдерді ескерсек. Ал отандық және шетелдік, бірінші кезекте көрші елдердің тасымалдаушылары санының өсуімен жұмыс та азаяды, сонымен бірге біздің табатын табысымыз да кеми түспек.
Сондықтан да мен бұл жағдайда еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық орны бар теміржол саласында нарық пен табысты ұстаудың нақты саясатын жасау қажеттігіне нық сенімдімін. Бұған ҚТЖ ғана емес, үкіметтік құрылымдар мен мемлекет басшылығына дейін араласуы керек деп ойлаймын.