Темекіні қоямын деп қатерлі ісікке ұрынбаңыз...
Атам қазақ қалтасына шақша салып, өз құмарын насыбайдан тапса, кейін келе-келе оны қураған жапырақ – темекіге алмастырды. Одан кейін басқа тебер қорқор келді. Енді көп уақыт өтпей қазақ нарығын электронды темекі – понс-сигарет жаулай бастады.
Рас, қазіргі кезде Қазақстанда темекінің дәурені жүріп тұр. Бұл бизнестің шарықтағаны сонша – қазір елімізде темекі өндіретін сегіз компания болса, соның небәрі біреуі ғана жылына 18 миллиард қорап шылым шығарады екен. Оның үстіне, сырттан 3 миллиард қорап темекі жеткізілетін көрінеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің есебі бойынша, жыл сайын темекі салдарынан 25 мыңнан астам қазақстандық көз жұмады. Ал дүниежүзілік есеппен қарасақ, жыл сайын 19 млн адам темекі салдарынан туындайтын әртүрлі аурулардан жапа шегіп, қайтыс болатын көрінеді. Қазір қысықкөз Қытай елі шылымның жаңа түрі – электронды темекі дегенді ойлап тапты. Алайда бұл өнім Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының клиникалық сынағынан өтпесе де, қытайлықтар «бұл темекі шегуді тастауға көмектеседі» деп жалған жарнама таратып, елді алдарқатып отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары «бұл өнім толық зерттеуден өтпегендіктен, оның ел арасында сатылуына тыйым салу керек», – дейді. Тіпті Бразилия, Австралия, Түркия, Норвегия, Еуропа, Канада елдері бұл темекіні қолдануға тосқауыл қойған. Алайда қытайлықтар шығарған өнімдерін өзінің сынақ алаңына айналдырып алған – Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанға шығарып, жарнамасын күшейтіп сатып отыр. Егер Қазақстан, Орталық Азия елдерінің халқы бұл өнімді тұтынып, денсаулықтарына зияны тимесе, онда «қауіпсіз темекі» бүкіл Еуропаның нарығына шығатын болады.
Ал еліміздің дәрігер-нарколог мамандары бұл сынақтан өтпеген өнім болғандықтан, оның сатылуына, таратылуына тыйым салу керектігін айтады.
Нұрғали ИМАНБЕРДИЕВ, Республикалық нашақорлықпен күрес ғылыми-тәжірибе орталығының бас дәрігері, нарколог:
– Негізі, интернетті ақтарып отырсаңыз, бұл туралы алыпқашпа әңгімелер өте көп. Алайда бұған байланысты біздің орталықта арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан оның анық-қанығын, адам ағзасына зияндығын нақты айта алмаймын. Себебі біз оның құрамында никотиннен басқа тағы не бар екенін білмейміз. Никотинді пропиленгликольдың қою буымен ішке сору қандай нәтиже береді, ол жағы да белгісіз. Дегенмен америкалық ғалымдар электронды темекінің буын зерттеп, оның құрамында қатерлі ісік тудыратын негізгі химикаттың бар екенін анықтаған. Біз алдағы уақытта мұны ғылыми тұрғыда толық зерттеп, ресми мәлімет беретін боламыз. Ал әзірге мұны нақты клиникалық сынақтан өткізбей жатып таратып жібергеніміз дұрыс емес.
Электронды темекіні понс-сигарет және е-сигара деп те атайды. Оның түсі кәдімгі темекіге ұқсас, алайда сәл ауырлау және ұзындау келеді. Екі металл түтіктен тұрады. Ортасына батарейка мен никотині бар картриж салынады. Оның ішіне арнайы лампа орнатқан. Ол темекі тартушының ішке тартқанын, буын сыртқа шығарғанын сезініп, сигараны ішке тартқанда лампа жанады. Бұл бұйымның бағасы қара базарда 2000 теңгеден, ал электронды дүкендерде 35 мың теңгеге дейін тұрады.
Электронды темекілер соңғы кездері кеңінен жарнамаланып кетті. Егер сатушыларға сенер болсақ, электронды темекілер кәнігі шылым шегушілер үшін денсаулықтарына зиянсыз ғана емес, тіпті пайдалы көрінеді. Оның пайдасы сол – олардың көмегімен шылым шегуді оңай қойып кете аласыз.
Бексұлтан, электронды темекі сатушы:
– Маған сеніңіз, кәдімгі шылымға қарағанда понс-сигара қауіпсіздеу. Егер темекі тартатын болсаңыз, осындай шылым тартқан жөн. Өзіңіз сатып алып көріңіз, сонда көзіңіз жетеді. Кәдімгі темекі тұтанғанда шығатын иісі де, түтіні де, концерогендер де, басқа химиялық элементтер де жоқ. Бізден түрлі құрамдағы никотині бар картриж сатып аласыз да, мөлшерін біртіндеп азайта бересіз. Мұны шеккен кезде жағымсыз иісі болмайды әрі тісті сарғайтып, зиянын тигізбейді.
Ермек, электронды темекіні тұтынушы:
– Мен понс-сигараны жеті жарым мыңға сатып алып, қолданып көрдім. Темекі тартқан кезде ауыздан жағымсыз иіс шығатын. Ал мұнда ондай емес. Өкпең сау болатын секілді. Бірақ бәрібір шын темекідей болмайды екен. Қанағаттанбайсың. Темекі тартқышқа темекіні тұтату, оны сорғанда ұшынан қызаруын көру, түтінді рақаттанып шығару, күлін түсіру – мұның барлығы маңызды үдеріс. Тіпті темекінің шоғы фильтрге дейін жетіп, таусылуы да маңызды. Ал понс-сигарада ондай болмайды, сондықтан оны пайдалануды доғарып, бұрынғы темекіме қайта көштім. Электронды шылым темекіні қойдырады дегені өтірік. Батарейка темекіге тәуелділікті жоя алмайды. Оны тек ұшақтарда, сыртқа шығып шегуге болмайтын кездерде уақытша өзіңді алдау үшін қажет.
Қалай десек те, арнайы дәрігер мамандардың клиникалық сынағынан өтпей жатып, мұны елімізде сатылымға шығарып жібергеніміз қауіпті емес пе? Қытайдың құрт жемейтін алмасының өзі халқымыздың денсаулығына зиянын тигізіп жатқаны аздай, енді электронды темекілердің адам ағзасына басқа да аурулар таратпасына кім кепіл? Америкалық ғалымдар қазірдің өзінде оның қатерлі ісік ауруына алып келетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп отыр. Ал темекі шегушілікті қою электронды шылымға байланысты емес, әр адамның өзінің ішкі ерік-жігеріне байланысты жүзеге асады. Темекіні тастау үшін понс-сигарет сатып аламын деп қатерлі ісік ауруын сатып алуыңыз да мүмкін екендігін ескерген жөн.