Ана туралы ой
Аналарға құрмет – бізге парыз. Бірақ анаңыздың сіздің алдыңызда иілгені сізді азапқа салады екен. Азапқа салғанда... анықтап жазсақ, былай ғой: Жұпар Мәдуанқызы – қазақтың көп анасы секілді қарапайым, мейірімді, аузынан ақ тілегі түспейтін аналардың бірі. Ол кісінің кей ісі жүректі аударып-төңкеріп, толқытып қояды. Бірде ұлы жұмысқа жиналған. Балконда ой үстінде тұрған ана баласымен ілесе шығып, ақ жол тілеп, тіпті еңкейіп аяқкиімінің бауын байламақ болады. «Мама-ау, мұның не, өзім істеймін ғой», – дегені сол, «Сенің басың иілмесін дегенім ғой, құлыным», – деген уәж естиді. Әрине, бұл жай құрмет емес, жай аналық ақ бата ғана емес, бұл – бір міндет, парыз еді ол ұл үшін. Аналары осылай қадірлесе, қай азамат басын төмен салсын?!
Өзегін жарып шыққан баласына осынша ізет көрсеткен ана «ерім – пірім!» дейді екен.
Жұпар ананың айтқаны
– Менің пірім есті азамат еді ғой. Сөзі, ісі тиянақты еді. 1968-69 жылдары Шардара ауданы құрылып, сонда аупарткомның бірінші хатшысы болды. Бұрын елсіз жатқан иен өлкенің 70 мыңнан астам жерін игеріп, жүрген жерін көктетті. Қолға алған ісі өнімді болатын. Жұрт күніне сегіз сағат жұмыста болса, Қауысбек 16 сағат жұмыс істейтін. Көзі тірі куәгерлер бар ғой арамызда. Әлі күнге жұрты:
Қағып алтын қазығын Шардараның,
Ақ күріштің ақ маржан ектің дәнін», – деп еңбегін ескеріп отырады.
Есті әйелдің ерлігі жайында
Әйел есті болса, ер жігіттің қарақан басына ғана емес, айналасына да шапағаты тиеді екен. Жұпар апамыз жары Қауысбек Тұрысбековті екі рет күндізгі оқуға жіберіп, өзі балаларға бас-көз болып ауылда қалыпты. Бұл – айтуға ғана оңай, іс жүзінде шыдаммен күреске түскен, сабырмен, кеңдікпен жеңген ғажап ерлік.
Жұпар ананың айтқаны
– 29 жыл бірге тұрдық дедім ғой, оның жеті жылы Мәскеу мен Алматыда өтті. Елден озбаса, кейін қалмасын деген ниет қой. Ақылына, парасаттылығына сай біліміне білім қоссыншы дедім. Оқуының жемісін елі көрді, тәубе!
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң, жауға найзаң тисін!
Бай болып, пайдаң тимесе,
Батыр болып, найзаң тимесе, –
Жұрттан ала бөтен үйің күйсін», – деген ғой Төле бабамыз. Бай болмасаң да, қолыңа билік тигенде елге, жерге пайда келтіріп, артыңда өшпес шырақ қалдырудан үлкен қандай бақ болсын?!
Өзім дүкенші болдым. Бес баланы өсіріп, жеткіздім. Жұмыстың арасында жүріп мал ұстап, бақшамен айналыстым. Көршілерім: «Баласы да, бақшасы да гүлдеп жатыр» деп тамсанатын еді. Еңбектен ешкім еңкейіп қалмайды екен. Сөйтіп жүріп бір шаңырақтан екі бірдей бірінші хатшы шығардым, – деп ақтарыла бір күліп алды апа. Сосын бір сәт сабырлы кейіпке еніп: «Әттең... қазір «жатырсың ба, арыстаным!» деп басына жиі барып, жыл сайын еліне ас бергенге қанағат етіп жүрген жайым бар. Ерте кетті ғой азаматым, – деп ақырын күрсініп алды.
Тағдыр белестері хақында
«Ханшайым болғысы келетін әйел ерін хандай сыйлап, өзі ханшайымға айналады» деген осы болар. Жұпар апаның бойынан өмірге құштарлықтың ғажап иісі аңқып тұр. Мыңжылдықтар тоғысында қара жер қойнына сүйген, сүйенген ерін ғана емес, кенжекей қызы Ләззатын да табыстаған еді.
Жұпар ананың айтқаны
– «Атамдатсаң, атамдат – ботамдатпа» деген ғой бұрынғылар. «Ботам» деп жоқтау іші-бауырыңды езіп кетеді екен ғой. Ләззатымның артында қалған Зарина, Нұрсұлтан деген қос құлынымды бағып, өзім тамағын жасап, кірін жуып өсірдім. «Қызметші жалдайық», – деді балалар. Оған көнбедім. Қартайсам да құлындарыма аналарының жоқтығын барынша сездіргім келмеді. Олардың да кемел тәрбиеге қарық болып, көз тарта гүлдеп келе жатқанын көргенде, «Ләззатым тірі болса, қалай шаттанар еді?!» деп мұңаямын, бірақ «артында ізі бар ғой әрі оларға бас-көз болар мен бармын, маған ауыруға болмайды» деп уайымды сілкіп-сілкіп тастаймын.
Әже әңгімесінен бір үзік сыр
Жұпар апаның жары Қауысбек Тұрысбекұлы ажал аузында арпалысып жатып, бақұлдасқанда: «Мен шапанның тысы болсам, сен астарысың ғой, Жұпар» деген мәнді сөз айтыпты. «Жылуды шапанның астары сақтайды, бордай үгіліп кетпей, балаларға, артымда қалған еліме жылуыңды шаш» дегені болар. Әкесі Мәдуан сталиндік репрессия құрбанына айналып, жоқшылық көрген, соғыс мехнатын шеккен, өмірдің өзге де сындарына төтеп берген ананың бойынан жасымаған рухты көресіз; бүгінгі баршылық заманда абырой мен беделге бөленіп отырса да тасымаған, астамшылық танытпаған жүректі көресіз.
«Садақаңды сауда бер,
Ауырғанда мейлің берме,
Мейлің бер!», «Адал бол, адал арың – ақ мамық жастығың, алаңсыз бақ берекең» деп ұрпағына ақылын айтып отыратын, тілі шешен, ақылы дария бұл қария атақты Төле бабамыздың сегізінші ұрпағы екен.
Жұпар ананың айтқаны
– Төле би бабамыздың бес әйелі болыпты. Бірінші әйелі өзбек, екінші әйелі қожалардың қызы екен. Осы әйелінен Қожабек, Жолан деген екі бала дүниеге келіпті. Төле атамызды жұрт «Қарлығаш әулие» деп қастерлегені ел есінде болар. Жоңғарлар елді қуырып, ақтабан қылған кез ғой. Сондай бір шапқыншылық кезде жұрт үдере көшсе, би атамыз көшпей қалыпты. Амандық-саулықсыз дікеңдей келген шапқыншыларды әуелі сөзден тосқан бабамыз: «Шаңырағыма қарлығаш ұя салды. Балапандары қанаттанып ұшпады. Мені паналап келген құстың ұясын қиратып, балапандарын қалай шырылдатайын?! Сендерде де бала-шаға бар шығар?!» – деп бетін қайтарыпты. Сол жолы ол кісі «біраз уақыт елге тыныш өмір бер» деп жоңғарлармен келіссөз жүргізеді. Оларға он шақты жылға кепіл деп Қожабек, Жолан деген екі ұлын беріпті. Қожабегі сұлу, келісті, мінезі де жайдары жігіт екен. Жоңғарлар оны айырбастап жіберіпті дейді. Ал бірбеткей мінезі бар Жоланды сіңіре алмай, кейін қайтарыпты. «Жоланым – Жолан» деп, Төле бабамыз оны бірден таныпты. Ал Қожабекті ауыстырып жіберді-ау деген күмәнмен: «Ал Қожабегім – деркүмән...» деп басын шайқапты жарықтық. Соңынан оқуға жіберіп, Қожабегі оқымысты кісі болыпты дейді.
Жоланның бірінші әйелі көпке дейін құрсақ көтере алмай жүріпті. Бір балшы: «Сен жатпа, жүр. Сонда жеті ұл туасың» депті. Ол да мыңғырған мал айдаған байдың қызы ғой. Ол уақытта «бай – байға, сай-сайға» құятын заман болған ғой. Ол кісі жүкті болып, қасқырдың бауырына жерік болыпты. Сонда бір ту жылқыны сойып, ішін жарып, қасқырдың бауыры деп әкеліңдер депті. Сол бірінші баладан туған ұрпақ – бізбіз. «Жеті ата Жолан» дейді. Жетеуінен де ұрпақ кең тараған, өте көп, – дейді Жұпар апа.
Әңгіме мәйегінен туған тобықтай түйін
Әйгілі Төле бабаның ұрпағы, салт пен дәстүрді өмірмен сабақтастырып, мақал-мәтелді сөзінің мәйегі қылып отырған апамыз ұрпағына да осы жолды сіңіруге барын салуда. Әнебір жылы жаңа туған шөбересіне Жасмин деп ат қойғалы жатыр екен, «ақылымен елін сақтаған Нұриладай болсын, атын Нұрила деп қойыңдар!» деп тоқтау салыпты. Анаға тән ақылмен ұрпағын тәрбиелеп, анаға ғана тән мейіріммен мәпелеп отырған данагөй апаны көрген сайын: «Даламның иісі бұрқырап, Қарттарым, аман сау жүрші!» дегің келеді.