Тәжікстанда қалған жесірлеріміз атажұртқа қарап көз жасын сығып отыр

Жуырда Тәжікстанда тұратын қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атынан Күлгазира Балтабаева екеуміз іссапарда болып қайттық.
«Бармасаң, келмесең жат боласың, бермесең, алмасаң сарт боласың» дегендей, шетелдегі қазақтардың бүгінгі жағдайымен көзбе-көз танысып, олардың ұсыныс, тілектерін естіп, тыңдау, оны тиісті жерлерге жеткізіп шешісуге атсалысу Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының міндеті де. Қыркүйектің соңғы күндеріне қарамастан күншуақты Алматыдан түс ауа ұшқан ұшақ екі сағатты артқа тастап, асқақ, қарлы Памир тауларының қойнауында орналасқан Душанбе аэропортына аман-есен келіп қонған кезде бізді Тәжікстандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің консулы Қанат Жұмаханов, «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Зәуре Саминова және Мариям Елбаева қарсы алды. Аэропорт маңындағы және қаланың орталық көше алаңдарындағы әскери күзет көзге түрпідей тиді. Біз келерден бір күн бұрын Душанбеде жарылыс болған екен. Сондықтан сақ жүруімізді елшілік адамдары ескертіп жатты. Біз түскен қонақ үй маңын да қаптаған әскерилер күзетіп тұрғанын байқадық.

Елшімен жүздесу
Тәжікстан Республикасындағы Қазақ­стан Республикасының Төтенше және өкі­летті елшісі Әбутәліп Ібіжанұлы Ахметов бізді жылы шыраймен қабылдады. Елші мырза: «Тәжікстанда жеті жыл азаматтық соғыс болды. Қазақтардың көбі елге кетті. Осы елде жүзге жуық ұлт өкілдері тұрады. Ең азы – қазақ. Діні бір мұсылман әрі ба­уыр болғандықтан қыздарымыз осындағы тәжік пен өзбекке тұрмысқа шығып жатыр. Қазақтардың көбі биік таулы жерлерде мал өсірумен айналысады. Елдегі ішкі алауыздықтан туындаған азамат соғысы кезінде бұл жақтағы экономикалық және саяси жағдай өте төмендеп кеткен. Тәжік­с­танда су байлығынан басқа алтын, күміс  бар. Соңғы жылдары Тәжікстан экономи­касында аздап болсын көтерілу байқалады. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мыр­за Елбасымызды сыйлайды, жалпы, жергілікті қазақтарға деген көзқарасы жақ­сы. Ол желтоқсан айында Астана қала­сында өтетін ЕҚЫҰ-ның саммитіне баруды жоспарлап отыр», – деді.
Елбасы ашқан қоғам
Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Рес­пу­бликасының Президенті Н.Назарбаев Тәжікстанға ресми сапармен келген кезінде осы елде қазақ мәдени қоғамдық бірлес­тігінің ашылуын құптап, «Бәйтерек» деген ат беруді ұсыныс еткен. Бүгінгі таңда атал­мыш «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі абы­роймен еңбек етіп жатыр. Бұл бірлестікті Зәуре Саминова басқарады. Ол Тәжікстан Президенті жанындағы қоғамдық кеңестің белсенді әрі беделді мүшесі ретінде қазақтардың мүддесін қорғауда үлкен еңбек сіңіруде. Елшілік осы қоғаммен ты­ғыз байланыста. Бұл қоғамның құрылға­нына небәрі үш жыл болса да, көптеген жұмыстар атқарған. Басқа да қоғамдық ұйымдар бар, олардың артықшылығы ұйым­шыл болғанмен, атқарып жатқан істерінің көлемі «Бәйтерекке» жетпейді. «Бәйтерек» өткен жылы Орта Азия елдері және Иран, Ауғанстан қазақтарының кіші құрылтайын өткізді. Құрылтайға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев қатысты. Қоғамға елшілік қол­дан келгенше көмек көрсетіп жатыр. Осы қоғамның жаңа ғимаратын елшілік тауып берген. Қазақстан елшісінің айтуынша, соңғы айда елдегі жағдай қиын болып, сол елдегі тұрақтылықты сақтау үшін қарапа­йым киінген әскерилер саны көбейген екен. Душанбенің сырты тіптен қиын. Үш-төрт рет терракт болыпты. Осындай жағ­дайға байланысты қауіпсіздігімізді ескеріп, бізді «Бәйтерек» қазақ қоғамдық бірлестігі үйі­не консул Қанат Жұмаханов жеткізіп сал­ды.
«Сафина ТВ» телеарнасында қазақ диаспорасының «Бәйтерек» қоғамының атқарып жатқан істері туралы арнайы хабар түсіріліп, бірнеше рет көрсеткен екен.
«Бәйтерек» үйі 
Сыртқы үлкен үш метр биік дарбаза­сынан ішке кіргенімізде екі қабат ақ үйдің ауласы тап-таза, ағаш егілген, ал іші одан да көрікті бірнеше бөлмеден тұратын қазақ қоғамының қара шаңырағы ұлттық нақыш­тағы қазақы ою-өрнектермен көмкерілген көрпешелер, қазақ тіліндегі кітаптар және Қазақстанның көрікті жерлерін көрсеткен суреттермен безендіріліпті. Тәжік тілінде Абайдың қара сөздері мен Қазақстан Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы бар.
Осы жерде қандастарымыз күтіп отыр екен. Бәрінің көздерінен қуанышты көрдік. Елден іздеп келді деп ризашылықтарын жаудырып жатыр. Сол елде қалғандарының көбісі Тәжікстанда тұрған қазақтардың басым бөлігі елімізге оралған, ал осында қалғандардың көбі атамекенге әлі аяқ баспаған көрінеді. Оған себеп көп. Ең бер жағы жол машақаты, қаражат дегендей...

Елден хабар
Қауымдастық өкілдерімен кездесуге қатысқандарға Қазақстанда болып жатқан бүгінгі жаңалықтарды, Елбасының «Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын, ЕҚЫҰ-ның саммиті жөнінде, 2011 жылы өтетін Дүние­жүзі қазақтарының IV Құрылтайы және 2009-2011 жылдарға арналған этникалық қазақтардың көші-қоны мен «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысу жағдайы және Жад­­на­ма туралы ақпаратты толығынан тү­сін­діріп, айттық. Бұдан тысқары сұрақтар да өте көп болды. Себебі айтпаса да түсінікті. Қазақстан тарапынан тек «Caspionet» теле­ар­насын көре алады, басқа ешқандай мәлі­мет алуға мүмкіндіктері шектеулі, қара­пайым халықта интернет жоқ, жергі­лікті газет пен журналға жазылмайды. Ал Қазақстан Республикасының 150 азаматы Тәжікстанда оқып жүр. Бұлар да Қазақстан туралы ақпараттарды елшілік арқылы ғана алып тұрады. Жергілікті қазақтардан ме­м­ле­кеттік қызметте ешкім жоқ.
Біздің «Бәйтерек» үйіндей үй тек татар-башқұрт  қоғамында ғана бар. Экономикасы жоғары кәріс халқында да мұндай ғимарат жоқ. Осы ғимаратты жалға алу үшін ай сайын 1000 АҚШ долларын төлейміз. Бұл өте қиынға түсіп отыр. Сондықтан да қоғам жанынан балабақша ашуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан жайымыз бар. Тәжікстандағы қазақ диаспорасының басқа елдердегіден ерекшелігі сол – 70 пайызы әртүрлі қақтығыстарда қаза тапқан бауырларымыздың жесір әйелдерінен құралған. Тәжікстанда қалған ат төбеліндей аз қазақтың біраз қиындықтарға душар болып жатқаны жасырын емес. Тәжікстан қазақтары арасынан шыққан ҰОС ардагері Әбдиев ақсақал көп жылдар колхоз бас­шы­сы болып тұрған, қазір атажұртта өмір кешуде. Бұл жаққа Тұрар Рысқұлов, Қаныш Сәтбаев т.б. қоғам қайраткерлерінің қыз­меті сіңген. Ал қазір осында жоғары немесе орта лауазымды бірде-бір қазақ жоқ. Мемлекеттік қызметте болған қазақтардың барлығы дерлік қысқартуға ілігіп жатыр. Ең бер жағы халықаралық спорт шебері, ауыр атлетика шебері, Азия ойындарының қола медалінің иегері Марат Ыдырысов бір жылда 28 медаль (9 алтын) алған балаларды тәрбиелеген. Осы азамат өзінің қоржынынан 6000 АҚШ долларын жұм­сап, спорт кешенін күрделі жөндеуден өткізсе де, оның еңбегі ескерусіз қалып, жуықта жұмыссыз қалған. Ұлттық банкте қызмет атқаратын Гүлжан есімді қандасы­мыз да Мараттың кебін киді. Ауыл жақпен байланысу қиынға түсті. Мақта жинау ісі басталды дегендей. Сондай-ақ саяси жағ­дай да оңып тұрған жоқ. Сондықтан бір-бірімізбен телефон арқылы ғана ха­барласудамыз. Осындағы ағайындар қоғамымызға шама-шарқынша көмек беріп отырады. Жақсылық болсын, жаман­дық болсын тез арада естіп жатамыз, – дейді Зәуре Саминова ханым.
Зәуренің өзінде екі жоғары білім бар. Ол – балалар психологы әрі заңгер. Сөйте тұра, мемлекеттік қызметтен шеттетіліп, өз қаражатын жұмсап, жоғарыдағы қоғамды басқарып отыр. Осындай қайсар қыздары­мыз көп болсын дейміз.
Өзі – қазақ, баласы – орыс
Кезінде басқа ұлт болып жазылып кет­кен қазақтар мұрағаттан іздетіп, өз ұл­тын қайта жаңғыртып алып жатыр. Азамат  соғысы уақытында  Хатлон облысындағы мұрағат өртеніп кеткені себепті бұл мәсе­ленің күрделі болып жатқан жайы бар. Ал Қазақстан мұрағатынан мәлімет алу үшін көп ақша төлеу керек. Осының дәлелі ре­тін­де бүгінгі кездесуге келген Теңізбаев Романды атауға болады. Өзі қазақ болға­нымен, оның 28 жастағы Америкада оқи­тын тұңғышы «орыс» деп жазылып кеткен. Әйтеуір кенжесін қазақ деп жаздырғанына да шүкіршілік етеді. «Осы тұңғышымның құжаттарын қайта қалпына келтіруге көп­теген қаражаттың, қаншама уақыттың бекерге кететінін ойла­сам, еңсем түседі», – дейді бейбақ. Осы тұста шетелдегі этни­калық қазақтар үшін әлі де болса «Нұрлы көш» бағдарла­масына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, осындай шетін мәсе­лелер терең қамтылса деген ұсыны­сымызды айта кетуді жөн санаймыз.
Оралман куәлігінің қауқары жоқ
Тәжікстандағы жалғыз қазақ мектебінің жабылып қалуы 80-жылдардың ортасы болса керек. Оны қазақтардың аздығынан және де «Тіл туралы» Заңның қабылда­нуынан деп түсіндіреді. Тәжікстандағы жас жеткіншектердің көбісі Қазақстанның жо­ғары оқу орындарынан тыс колледждерде, мамандық беретін училищелерде оқып, білім алуды армандайды. Сондай-ақ бала­ларының Қазақстанда тұрақтап қалғысы келетіндерін жеткізген ата-аналар олардың болашағына қатты алаңдаушылық білдіру­де. Балалары жасқа толып, Қазақстан аза­маттығын алайын десе, кедергілер көп екен. Үй сатып алуға рұқсат жоқ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1992 жылғы №791 Қаулысы өз күшіне енетін болса, жоғарыдағы күрделі мәселелердің біразы жеңілдері хақ. Сон­дай-ақ осы қаулының негізінде ұлтының қазақ екенін көрсететін куәлік ҚР Сыртқы істер министрлігі тарапы­нан берілетін. Бұл куәлік күшін жойғалы қиындықтар көбей­месе, азаймапты. «ҚР Көші-қон туралы» Заңы бойынша «орал­ман» куәлігі бері­леді, мұның қауқары аз болып тұр. Осы куәлікпен өз аттарына үй және жер сатып ала алмайды. Тіптен тұрақ­ты тіркеуі болма­са, бұған да қол жеткізу қиын. Шетелден келіп, Қазақстанның оқу орындарында оқып жүрген студенттердің мақсаты – елде қалу, азаматтық алу. Сонда оларға жеңілдіктер қарастырылмаған. Этникалық қазақтар үшін жоғарыдағы №791 Қаулыны қайта жаңғыртып, оған өзгертулер мен толық­тырулар енгізсе, ештен кеш жақсы болары сөзсіз.
 Жүрегім «атажұрт» деп соғады
Қазір Тәжікстанда 936 қазақ қалған. Олар Душанбеде –185, Соғды облысында – 350 қазақ (37,39%), Хатлон облысында – 311 (33,55%), республикалық дәреже­дегі 9 ауданда – 87 (9,30%), ал Таулы Бадақшан облысында 3 қазақ өмір кешуде. Қазақстан Тәуелсіздігін алған соң, көбісі ата­жұртқа оралды. Олардың азаюына мұндағы азаматтық соғыс та әсерін тигіз­ді.
Тәжікстанда туып-өскен Батыр есімді жас жігіт өзінің ешқашан атамекенде бол­мағанын айта келе, сөзін былай сабақтады: «Өзім осында туып-өссем де, сіздер жаққа барып көрмесем де, әрдайым жүрегім  «атажұртым» деп соғады. «Көңілі – ала, көкірегі – дала» дегендей, менің есімнен үнемі Қазақстан кетпейді. Анам аурушаң, өзім оқи жүріп, жұмыс істеймін. Оқуды аяқтауға бір жыл ғана уақытым қалды. Алла бұйыртса, ел шетіне менің де бір жетер күнім болар, атажұрттың топырағын басып, ауасын жұтармын...», – дегенде сай-сүйегің сырқырап, еріксіз көзіңе жас келеді екен.
Тәжікстан тәуелсіздігі үшін отандастар қаны төгілді
Душанбенің шетіндегі саябақта орна­лас­қан ескерткіш тақтада: «Тәжік-ауған шекарасын күзету кезінде қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың жарқын бейнелері мәңгі жадымызда», – деп жазылыпты. Сол соғыста қаза тапқан 34 сарбаздың есімдері мынау:
аға лейтенант: Р.З.Жақыпов,
А.А.Комаров,
М.А.Сәпиев,
кіші лейтенант – К.С.Бақбаев,
старшина – Р.Б.Қаймолдиев,
аға сержант – Н.К.Қосжанов,
сержант – Р.А.Батырханов,
кіші сержант – М.М.Мұсаев,
А.Т.Өгізбаев,
К.И.Шеховцев,
Е.С.Әбдиев,
қатардағы солдаттар –
Е.К.Байбағысов,
Е.Т.Байбабылов,
Е.Т.Бекебаев,
Б.Т.Далабаев,
Х.К.Дюсупов,
К.А.Едырышов,
К.А.Есетов,
А.К.Жұмабеков,
И.П.Жұматов,
С.Х.Жалмұрзин,
Ж.А.Жансүгіров,
Е.О.Исабаев,
М.К.Қосбергенов,
В.С. Метельский,
Е.Н.Мақажанов,
М.В.Мартыненко,
Д.Т.Нұрметов,
Ж.Е.Орынбаев,
А.А.Пятков,
Т.М.Райымжанов,
В.Д.Сафроний,
К.А.Өмірзақов,
Н.Е.Қожаев
делінген. Өкінішке қа­рай, олардың туған жылы, айы, күні және қай­тыс болған жылы мен айы, күні көрсе­тілмеген. Бұл болашақта ескерілуге тиісті деп есептейміз. Әскери борышын өтеу кезінде басқа елде жүріп, қыршын кеткен жауынгер сарбаздарымыздың есімдері атамекенде де жаңғыртылса, жастары­мыз­ға патриоттық үлгі болары сөзсіз. Душа­нбе қаласы әкімшілігінің қаржылық балансына өткен бұл ескерткішке «қалалық бюджеттің қаржысы жетіспейді» деген сылтаудың бұл жерде орынсыз екені анық. Тәжік ағайын­дар қарамады екен деп, біздің тастап қоюымыз елдігімізге сын емес пе! Тозған, ескірген ескерткішке қарап, «мұны күтіп-баптауға Қазақстан Республи­касының Қор­ғаныс министрлігі жауапты ма әлде басқа құзырлы мекеме жауапты ма»? деген көкейде сұрақ тұрды. Тәжікстан тәуелсіздігін қорғаймын деп қаза болған қайран сарбаздардың жатқан жері жаннат, иманы жолдас болсын!
Ерулік
Қауымдастық жанындағы «Атажұрт» баспа орталығынан шыққан кітаптарды, «Алтын бесік» журналын, «Туған тіл» аль­ма­нағын және Моңғолия мен Қытай елдеріндегі қазақтардың айтатын әндері мен күйлерінен шығарылған СД дискіні, Мұрат Мұхтарұлының берген А.Кимнің аудармасындағы М.Әуезовтің «Абай жолы» романы мен А.Головинскийдің «Триум­фатор қайғысы» атты кинофильмін, Қазақстанның картасын, туын және БҒМ-нің Алматыдағы ғылыми кітапханасынан студенттерге арнайы фольклорлық, өнер тақырыбындағы кітаптар мен Қ.Сәтбаев туралы естелік кітабы тарту етіліп, олардың кітапхана қорына біраз үлесімізді қостық. Тәжік ағайындар арнайы келіп, Қ.Сәтбаев­тың естелік кітабының көшірмесін жасап алды.
Қазақтың тәжігі – тәжіктің қазағы
«Тәжікстан – Қазақстан» қоғамының мүшелері Абсаттор Нуралиев, Қайыржан Құрбанова, Абдурасул Шарипов, Мура­дил­ло Жанабилов және Саидахтам Давля­товтармен кездесудің сәті түсті. Барлығы Қазақстанда білім алған, ғылыми атақ-дәрежесі бар зиялы қауым өкілдері. Атал­мыш қоғам тарих ғылымының докторы Қалыбек Қобландиннің көмегімен 2001 жылы құрылған екен. Осы қоғамды 2007 жылдан бері Абсаттор Нуралиев басқара­ды. Ол – Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің түлегі. Әбекең­мен бірге оқыған Қазақстанға белгілі адамдар – Орынкүл Тәжиева, Ақселеу Сейдім­бе­ков, Сұлтанәлі Балғабаев, Дандай Ысқақов, Серікбай Оспанов, Орысбай Әбділдаев, Жұмат Тілеков. А.Нуралиевті 1968 жылы Қазақ ССР Орталық Партия комитетінің нұсқауымен Тәжікстанға жіберген. Ақсақал қазақ тілінде керемет шешен сөйлейді. Өзі Оңтүстік Қазақстан облысында қазақ мектебін бітірген екен. Қазір аудармамен шұғылданып, кітап жазады. Қазақ пен тәжік халқының достық ынтымақтастығын нығайтуда көптеген істер атқарып жүр. Қазақстанмен жиі байланыста. Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына деле­гат болып қатысқанын мақтанышпен еске алуда. Бір ұлы мен келіні, немерелері Оңтүс­тік Қазақстан облысында тұрады, Қазақстан азаматтары. Абсаттор Нуралиев жайында белгілі ғалым әрі ұстаз Рахманқұл Бердібаев «қазақтың тәжігі – тәжіктің қаза­ғы» деп дөп басып айтса керек. Душанбеде Абай атында көше бар. Ұлты қазақ болмаса да, Қазақстанда оқып, тәрбие алған Әбе­кең­нің ендігі мақсаты – осы жерден  Қ.Сәтбаев атындағы көшеге қол жеткізу. Қазір ол «Тарихи и Рашиди» кітабын аудару үс­тін­де. Абсаттор ағамыз бізге өзінің «Тад­жик­­ско-казахские культурно-литерату­рные связи XIX и XX в.в.», «Мерейі биік Ғисар бұл» атты кітаптарын сыйлады. Келесі жылғы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арнап, «Тәжікстандағы қазақ­тар» атты кітапты ұжымдық жинақ ретінде жазуды ортақ жоспарға енгіздік.
Дүйсенбіден – дүйсенбіге дейін
Душанбе сөзі – қазақтың дүйсенбісі. Орыстардың «понедельник – день тяже­лый» дегеніндей, біз Тәжікстан аста­насы Душанбеге Алматыдан дүйсенбі күні шығып, келесі дүйсенбіде қайттық. Саяси ахуалға байланысты Душанбеден тысқары шығуға мүмкіндік болмады, бірақ та қауымдастықтың белсенді мүшелерінің араласуымен қазақтардың әлеуметтік мәде­ни жағдайы, көзқарасы, тілі жөнінен сауалнама жүргізіп, сұхбат жазып алдық. Оған астанадан тысқары облыстар мен қалалардан өкілдер келіп көмектесті. Сауалнамаға барлығы 128 адам қамтылды. Душанбеден – 50, Хатлон және Соғды облысынан – 59, Хорог қаласынан – 3, Руда­ки­ден – 5, Ғисардан – 3, Вахдаттан – 3, Таулы Бадақшан облысынан 3 қазақ қатысты.
Енді сол сауалнаманы сөйлетсек: ол жақтағы қазақтар тәжік тілін еркін меңгерген, Қазақстанмен байланыстарын нығайтуды көздейді. Қазақ диаспорасының 70 пайызы әйелдер екендігін айттық және олардың көбісінде қос азаматтық бар – Ресей мен Тәжікстандікі. «Қазақтардан гастербайтер жоқ» деп келген едік. Ол жақтан еңбек көші-қонымен қазақтардың Ресейге барып жұмысқа жалданып жүргендері баршылық екен. Тәжікстандағы қазақтардың тыныс-тіршілігімен осылайша таныстық.
Әрине, шеттегі қазақтың өмірін тек бір сауалнама арқылы ғана біле алмаймыз. Сондықтан оны жиірек көзбен көріп, көңілмен түйген дұрыс.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста