Тәжік Президенті хиджабқа қарсы
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон елдегі қыз-келіншектердің діни киім-кешек киюіне наразылығын білдіріп, оларды қазіргі заманға сай мейілінше еркін стильді ұстануға шақырды. Рахмонның айтуынша, бұл – өзге мұсылман елдері тұрғындарына еліктеушілік.
«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, қыркүйектің бірі – Білім күні Тәжікстан ұлттық университетіндегі салтанатты шарада болған Президент «Мен астана көшелерінен басына діни орамал таққан қыз балалар мен әйелдерді жиі кездестіремін, олар өзге елдердің киім үлгілерін көшірмелеп жүр. Егер сіздер тәжік еліне, оның мәдениетіне разы болсаңыздар, осы елдегі еркін киім үлгісі де көңілдеріңізден шығуы керек», – деген. Агенттік хиджаб пен чадраның тәжік мәдениетіне алабөтен екенін айтқан Эмомали Рахмонның мұның алдында шетелдердің діни оқу орындарында оқитын азаматтардың елге қайтуын үгіттеген сөзін де келтіреді. Тәжікстан халқының 98 пайызы – мұсылман. Бірақ ел конституциясы оқу орындары мен ресми мекемелерге қыз-келіншектердің бет-жүзін тұмшалайтын орамалдармен баруына тыйым салады. Осы кезге дейін кейбір студенттер елдің білім министрлігімен аталған мәселе төңірегінде талай рет соттасқан, алайда негізгі заңдағы баптардың ықпалымен бұл процестердің ешқайсысы хиджаб киетіндердің пайдасына шешілген жоқ. Біз тілдескен тәжікстандықтардың пікірінше, шынымен де ислам әлеміндегі киім үлгісіне жаппай бет бұру – соңғы кездері етек алған келеңсіз құбылыс.
Манучеһр Очилдиев, Тәжікстан Республикасының азаматы, байланыс саласының инженері:
– Бізде Қазақстандағы сияқты халық еркін киінетін. Етек-жеңді, бет-әлпетті, шашты бүркемелеу деген болған жоқ. Мұсылмандық киім кию соңғы жылдары ғана пайда болды. Бұрын бірлі-жарым әйелдер ғана хиджаб киетін, қазір олардың қатары көбейіпті. Меніңше, бұл – еліктеу және еріккендік. Президентіміз дұрыс айтты, өз мәдениетіңе сай киінген дұрыс.