Тауы шағылған аналарға қалай көмек береміз?

Ағымдағы жылдың желтоқсан айының 10-ы күні «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Заң және біз» бағдарламасының ұжымы еліміздегі әлеуметтік мәселелерді ұдайы назарда ұстап отыратын газет жүрналистерінің басын қосып дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел өткізуге арқау болған – алимент төңірегінде қордаланған мәселелер.
Отырыстың әлқиссасын бастаған «Заң және біз» бағдарламасының продюсері Сәуле Жиреншинаның айтуынша, 9 жел­тоқсан күні телеарнаның тікелей эфирінде алимент мәселесіне қатысты өткен «Заң және біз» бағдарламасы барысында теле­фонға тыным болмаған. Толассыз хабар­ласқандар – тиісті алименттік төлемге қол жеткізе алмай жүрген жалғызбасты ана­лар.
Сәуле ЖИРЕНШИНА, «Заң және біз» бағдар­ламасының продюсері:
– Жалпы, «Заң және біз» бағдар­ламасы – әзірге «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жалғыз әлеуметтік жобасы. Бағдарлама қыркүйек айының 2-сінен бастап тікелей эфирде шығып келеді. Бағдарлама әр аптаның дүйсенбісінде кешкі сағат 19:00-де басталады. Эфирдегі уақыттың ұзақты­ғы 30 минут. Әрине, тікелей эфирдегі 30 минут уақыт ішінде көтерілген мәселені толықтай қамту мүмкін бола бермейді. Кеше өткен бағдарлама соны көрсетті. Сондықтан да бұл мәсе­лені қоғам тамырын басып отыратын газеттермен бірлесе, одан әрі қаузасақ деген тұжырымға келіп, «Алаш айнасы», «Президент және халық», «Заң», «Алматы ақшамы», «Қазақстан заман» газеттерінің журналистерін шақы­рып отырмыз. Сондай-ақ бұл шараға Қазақ радиосы мен Ұлттық арна тілшілері де қатысып отыр. Және «Заң және біз» бағдарламасының тұрақты сарапшысы Шолпан Ризабе­кова қатысуда. Жалпы, алимент мәсе­лесі өте үлкен проблемаға айналғанына кеше өткен бағдарлама барысында тағы бір рет көз жеткіздік. Бағдарлама аяқталған соң да хабарласушылар легі толастамады. Тиесілі алиментке қол жеткізе алмай, қайда барарын білмей, тауы шағылған аналардың жан айқайын естігенде жүрек сыздайды. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» дегенді жиі айтамыз. Бірақ бесікті түзеу мәсе­лесіне келгенде бар ауыртпалықты жалғыз ананың мойнына артып қоямыз. Әрине, ана мен балаға мемле­кет тарапынан көмек көрсетіледі. Бірақ бүгінгі таңда балаға төленетін жәрдем­ақының қанша екені бәрімізге мәлім. Кеше өткен «Заң және біз» бағдар­ламасы барысында мемлекеттік алимент қорын құру керек деген ұсыныс айтылды. Ол ұсынысты Алматы қаласы Бостандық ауданы сотының төрағасы Қалдарбек Досымбет пен бағдарламаның тұрақты сарапшысы Шолпан Ризабекова қолдады. Бүгін осы ұсыныс жайлы пікірлеріңізді ортаға салып, алимент мәселесін шешудің өзге де жолдарын ұсынуларыңызды сұраймыз. Біздің білуімізше, өркениетті елдерде мұндай тәжірибе бар. Мысалы, Германияда ана балама алиментті қалай өндіріп аламын деп бас ауыртпайды. Алимент мемлекеттік қордан төленеді де, кеткен шығын кейін борышкерден өндіріп алынады екен. Бәлкім, біздің елде де осындай қор құру қажет шығар?

Ресми дерек бойынша, бүгінгі таңда тиесілі алиментке қол жеткізе алмай отырған балалардың саны 100 мыңнан асқан. Ал белден шыққан баласына алимент төлемей, бой тасалап жүрген безбүйрек әкелердің қарасы 90 мыңға жетіп отыр. Бір ғана Алматы қаласында алимент­тік қарызын өтемей жүрген борыш­керлер саны 14 мыңнан асады екен. Борышкерлердің жалпы қарызы 130 млн теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ олардың қатары күн санап артып келеді. Мамандардың айтуына қарағанда, борышкерлердің бейқам, алшаң басып жүруіне «Неке және отбасы туралы» Кодекстің олқы тұстары да себеп болып отырған көрінеді. Өйткені борышкерлер «дүние-мүлкі жоқ, жұмыс істемейді» деген бір тілім қағазбен жазадан құтылып кете барады. Ал табысы, мал-мүлкі жоқ борыш­керден қарызды өндіріп алу тетігі заңда нақтыланбаған. Борышкерлерді қылмыстық жазаға тарту да заңнан алынып тасталған.
«Заң және біз» бағдарламасына қатыс­қан сот өкілі судьялар тарапынан алимент­ке қатысты істердің уақтылы қаралып, дер кезінде шешім шығарылатынын тілге тиек етті. Сот өкілінің айтуына қарағанда, шешім шыққан соң оның орындалуы тікелей сот орындаушыларына қатысты. Ал сот актілерін орындау департаментінің өкілі Алматы қаласы бойынша бір сот орындаушысына үш мыңдай алименттік іс жүктеліп отырғанын, оған қоса өзге де істердің бар екенін айтады. Маманның айтуына қарағанда, сонша істі атқару физикалық тұрғыдан мүмкін емес. «Бүгінгі таңда елімізде жеке сот орындаушылар кеңсесі қызмет атқара бастады. Бірақ олар алиментке қатысты істерді алмайды»  дейді сот актілерін орындау департаменті өкілі. Мамандардың айтуына қарағанда, жеке сот орындаушылардың алименттік істерді алмауының да өзіндік себептері бар. Өйткені жеке сот орындаушыларының жалақысы өндірілген сомаға байланысты болады. Ал борышкерден алимент өндіру – қиынның қиыны, тіпті өндірілген күннің өзінде одан түсер пайда шамалы. Сон­дық­тан да жеке сот орындаушылары али­мент­тік істерден аулақ жүргенді жөн көреді екен. Осындай жағдайды ескерген баз бір ма­мандар мемлекеттік сот орын­дау­шы­ла­рын да ынталандыру үшін оларға өтелген қарыздың 10 пайызын сыйақы ретінде беруді заңдастыру керек екенін айтып жүр.
Бағдарламаға қатысқан прокуратура өкілі де өздерінің мәселені сырттай бақы­лап қана отырмайтындарын айтты. Бұл органда қажет кезінде іске араласатын мобильді топ барын жеткізді. Десе де, бүгінгі таңда алимент мәселесі алдырмас қамал болып тұр.
Елеусіз МҰРАТОВ, «Заң» газетінің тілшісі:
– Бүгінгі таңда алимент мәселесі өзекті әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Алимент мәселесі – бұл отбасылық құндылықтардың әлсіреуінің салдары. Бүгін танысып, ертең отбасын құрып, арғы күні ажырасып жату жағдайлары жиілеп кетті. Сондықтан алдымен жас­тардың шаңырақ көтерудегі жауап­кер­шілігін арттырудың тетіктерін қарастыру керек деп ойлаймын. Ал мемлекеттік алимент қорын құру туралы ұсыныс, меніңше, қолдауға тұратын дүние сияқты. Біздің Ата Заңымызда «мем­лекеттің басты құндылығы – адам және оның құқықтары мен бостандығы» деп жазылған. Демек, мемлекет алимент ала алмай жүрген аналарды әр орган­ның босағасынан сығалатпай, алимент қоры арқылы төлеуді қолға алуы тиіс. Шыны керек, қазіргі уақытта мемлекет қаржысын оңды-солды шашу, мақсат­сыз жұмсау фактілері жетіп-артылады. Қаншама қаржы игерілмей қалып жатады. Неге сол қаржыны алимент ала алмай жүрген ана мен балаға бермес­ке?! Өйткені дәл бүгінгі күні борыш­керлерден алимент өндіру мүмкін болмай тұр. Борышкерлер дүние-мүлкін туыстарына жаздырып, «жұмыс істемейді» деген анықтама алып, «түгім жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп отыру­ға машықтанып, әккі болып алған. Сондықтан да заңға толық­тырулар енгізіп, туыстарының дүние-мүлкіне, табысына тексеру жүргізетін тетік қарастыру қажет. Егер борыш­кердің алдын ала мал-мүлкін туысының атына жаздырғаны анықталса, заңға оны тәркілеуге мүмкіндік беретін баб енгізу керек. Сонан соң сот орын­дау­шыларының жалақысы аз екенін де ескеру керек сияқты. Соның салда­рынан кей жағдайда сот орын­дау­шы­ларының тура жолдан тайып жататыны жиі сөз болып жүр. Сондықтан оларға өндірілген соманың 10 пайызын сыйақы ретінде беру арқылы ынта­лан­дыру қажет деп есептеймін. Сөзімді аяқтай отырып, «Заң және біз» бағдар­ламасы жайлы екі ауыз сөз айтуды жөн санап отырмын. Бұл хабар бүгінгі қазақ қоғамына қажет. Өйткені біздің қоғам­да заңдық құқығын білмеудің кесірінен ақысын айыра алмай жүргендер көп. Ал бағдарламаның сондай жандарға көмегі тиетіні сөзсіз. Осы қысқа уақыттың ішінде белгілі бір азаматтар қолдау тауып та жатыр. Одан әрі де осылай жалғаса береді деп сенемін.

Сөзге араласқан «Заң және біз» бағдарламасының продюсері Сәуле Жиреншина «Заң газетінің» тілшісі Елеусіз Мұра­товтың сөзін нақты мысалмен дәлел­деді. Сәуле ханымның айтуына қарағанда, Сыр өңірінде өткен «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты фестиваль қатысушысы Зәуре атты азаматша құқы­ғының тапталғаны туралы бағдарламаға хабарласқан. Бұл жағдай тікелей эфир арқылы жалпақ жұртқа жария болған соң, мәселе оң шешімін тапқан. Тіпті бағдар­ламадан кейін жергілікті әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандары хабарласып, көптен бермей жүрген мүге­дектерге тиесілі жөргектерін алып кетуін сұраған көрінеді. Сондай-ақ алимент мәселесіне қатысты хабарласқан екі ананың проблемасын бағдарламаға қатысқан сот актілерін орындау депар­таментінің өкілі бақылауға алып, шешетінін жеткізген. Бұл жағдайға біз де қуандық. Егер бағдарлама бір адамның болса да проб­лемасын шешетін болса, онда бағ­дарлама ұжымының текке тер төкпе­гені.
Дөңгелек үстел отырысында ортаға салынған мемлекеттік алимент қорын құру туралы ұсынысты қатысушылардың бірі құптаса, енді бірі қолдамай жатты. Сөз кезегін алған «Заң және біз» бағдар­ламасының тұрақты сарапшысы Шолпан Ризабекова да аталмыш ұсынысты қолдайтынын білдірді.
Шолпан РИЗАБЕКОВА, «Заң және біз» бағдар­ламасының тұрақты сарапшысы:
– Кеше тікелей эфир барысында мемлекеттік алимент қорын құру тура­лы ұсынысты қолдайтынымды айтқан­мын. Бүгін де сол ойдамын. Өйткені бүгінгі таңда алимент төлеу туралы сот шешімі шыққанмен, ол орындалмай отыр. Оның себебі де әртүрлі. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі уақытта бұл мәселенің түйіні шешілмей тұр. Оған бүгінгі қолданыстағы заңдарымыздың солқылдақ тұстары да себеп болып отырған жайы бар. Ал бұдан зардап шегіп отырған – жалғызбасты ана мен бейкүнә бала. Егер мемлекет алимент төлеуді өз мойнына алып, қарызды борышкерден өндіріп алатын болса, бұл мәселе шешілер еді. Бірақ Елеусіз мырзаның өндірілген ақшаның 10 пайызын сыйақы ретінде сот орын­даушыларына беру керек деген пікірін қолдамаймын. Бірақ борышкердің бәрін соттамасақ та, қылмыстық жаза қарастыратын бабты қалдыру керек еді.

Осы жерден сөзге араласқан Қазақ радиосында «Территория права» хаба­рының жүргізушісі Балзия Мирфаизова жоғарыда айтылған пікірлермен келісе қоймайтынын жеткізді. Оның пайым­дауын­ша, бұл жерде мәселе сот орын­даушыларының өз ісіне жауапкершілікпен қарамауынан орын алып отыр.
Балзия МИРФАИЗОВА, Қазақ радиосы «Терри­тория права» хабарының жүргі­зушісі:
– Меніңше, мемлекеттік алимент қорын құру деген пікір орынсыз. Неге біз әкенің міндетін мемлекетке жүктей салып, қарап отыруымыз керек?! Бұл мәселемен тікелей айналысып шеше­тін мемлекеттік органдар бар емес пе?! Егер олар өз жұмыстарына салғырт қара­май, міндетін өз деңгейінде орындаса, мәселе мұнша күрмеулі болмас еді. Сот шешімі шықты ма, сот орындаушысы «оның табысы жоқ, дүние-мүлкі жоқ» деп қоя салмай, істі соңына дейін жеткізуі керек. Ал мемлекеттік қор құрсақ, борышкерден қарызды өндіріп алу туралы іс тағы да сол сот орындаушыларына бармай ма? Онда не өзгереді? Қарыз қалай өтелмек? Бәлкім, расымен де, сот орын­даушыларын сыйақы тағайындау арқылы ынталандыру керек шығар. Өйткені, менің ойымша, көп нәрсе сот орындаушыларына байланысты сияқты. Сонан соң тағы бір айтатын мәселе – заң талабын қатаңдату керек. Заңға алимент төлемей қашып жүрген­дерді қылмыстық жазаға тартатын баб енгізу керек. Егер осындай баб енсе, борышкер түрмені емес, алимент төлеу­ді таңдар еді.

Пікірталас барысында талқыға түскен мәсе­ленің түйінін шешу үшін сот орындаушыларының мәртебесін көтеру және олардың жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс атқаруына қол жеткізу керектігі де сөз болды.
Айнабек МӘДИ, «Алматы ақшамы» газеті­нің журналисі:
– Мен осы жерде мынадай ұсыныс айтқым келіп отыр, байыптап қарасақ, мәселенің оңтайлы шешімін таппай отыруына сот орындаушыларының өз міндеттерін дұрыс атқармауы себеп болып отырған сияқты. Ал сот орын­даушылары болса, бір сот орын­дау­шысына үш мыңға дейін іс жүктелгенін, физикалық тұрғыдан оны атқару мүм­кін емес екенін алға тартады. Расымен де, сот орындаушыларына жүктелген істер өте көп. Сондықтан борыш­керлерді анықтап, олардан қарызды өндіріп алуда сот орындаушыларына атқарушы органдар, жергілікті әкімдік көмекке келуі керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлық мемле­кеттік органдар мен атқарушы органдар топтасып, мобильді жұмыс атқарған жағдайда мәселе белгілі бір дәрежеде шешімін табады. Сонан соң сот орын­даушыларының мәртебесін арттырып, жеке сот орындаушыларын да осы мәселеге жұмылдыруымыз қажет.

Пікірталас барысында сөзге араласпай, сабырлылық танытып отырған жас тілшінің де өз түйгені бар екен. Отырыста жүргі­зу­шіден сөз алған, көп тыңдап, аз сөйлейтін қарындасымыз іштей қорытынды жасап отырғанын байқатты.
Нұргүл ЖАМБЫЛҚЫЗЫ, «Қазақстан заман» газетінің тілшісі:
– Менің осы дөңгелек үстел отырысына берерімнен аларым көп сияқты. Тәжірибесі мол, алдыңғы буын аға-апалардың пікірлерін тыңдап үнсіз отырғаным да – сол. Тыңдағаннан түйгенім, бізде заң да бар, заңды жүзеге асыратын да, бақылайтын да органдар бар. Бірақ заң талаптарының орындалуы кемшін. Кей жағдайда сыбай­лас жемқорлық та араласып жататын сияқты. Бармақ басты, көз қыстымен дүние мүлкі , табысы жоқ деп құжат алып, борышкерлер жауап­кер­шіліктен сытылып кетіп отыр. Ортаға салынған ойталқы барысында заңдағы солқылдақтықтар сөз болды, демек, бүгінгі қолданыстағы заң қатаңдатуды қажет етеді.

Соңғы болып сөз алған «Игілік» журна­лының бас редакторы Меруерт ханым мәселенің ушығып бара жатуына отбасы­лық тәрбиедегі олқылықтардың себеп болып жатқанын жеткізді.
Меруерт ӘБДІРАЙЫМ­ҚЫЗЫ, «Игілік» журна­лының бас редакторы:
– Мен отбасылық журналды бас­қарып отырған соң осы мәселенің қыр-сырына өзгелерге қарағанда көбірек қанықпын деп ойлаймын. Мен жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіре тұра, алдымен отбасы жағдайын оң­тайлауды ойладым. Отбасын құрдым, бала сүйдім. Содан соң ғана 30 жасым­да жұмысқа кірістім. Мен бәрінен отбасын жоғары қойдым. Құдайға шүкір, одан жаман болғам жоқ. Бұл – әжелер мен аналар «академиясының» жемісі. Біз осы «академияны» жоғалтып алдық. Егер жастарымызды бәрінен отбасын жоғары қоюға үйрете алсақ, мәселе күрделенбес еді. Бізде тәрбие ақсап тұр. Сондықтан отбасы инс­титутын дамытуымыз керек.

Мен де мемлекеттік алимент қорын құруға қарсылар жағында болдым. Әр азамат қоғамдағы міндетін, заңмен көзделген жауапкершілігін өзі көтеруі тиіс. Егер жауапкершілікті мемлекет мойнына жүктер болсақ, азаматтардың жауап­сыздығы одан әрі артуы ықтимал. Алимент мәселесі – отбасылардың ажырасуынан туындап отырған проблема. Яғни отбасы­лық жауапкершіліктің болмауы салдарынан туындап отыр. Қазақ – жетімін жылатпаған халық. Демек, заң шығаруда да халықтың салт-дәстүрі ескерілуі тиіс. Яғни асырап-бағуда, бала тәрбиесінде ата-ана мен туған-туыс та шет қалмауы керек. Бағана­дан айтылып жатқан әңгімеден белгілі болып отырғаны – борышкерлер табысын жасырып, дүние-мүлкін туған-туысының атына жаздырып қояды екен. Демек, борышкердің табысы бар екенін ата-анасы, туған-туысы біледі. Егер заңмен борышкерлердің туған-туыстарына да жауапкершілік артуды қарастырар болсақ, онда борышкер табысын жасырудан түк шықпасын түсініп, алимент төлеуден жалтармас еді. «Заң және біз» бағдар­ламасының тұрақты сарапшысы, заңгер Шолпан Ризабекованың айтуынша, заңда ондай баб бар. Тек оны іске қосу тетігі әлсіз.
Кеңес үкіметі кезінде жұмыс істеуден жалтаратындарды қоғамдық жұмысқа жегетін. Сол тәжірибені алимент төлеуден қашатындарға қолдануға болады. Күннің аптабында, қыстың аязында бала-шағасын асырау үшін көше сыпырып жүрген әйелдердің жұмысын соларға мәжбүрлеп істету керек. Сондай-ақ құрылыс саласын­да қара жұмыс атқаратын жұмыс күші жетіспеуінен елімізде мыңғырған мигранттар 40-50-мың айлық жалақыға ауыр жұмыстарды атқарып жүр. Себебі өз азаматтарымыз ондай жалақыға жұмыс істегісі келмейді. Міне, сондай жұмыстарға борышкерлерді жегер болсақ, біріншіден, алимент мәселесі біршама шешілсе, екіншіден, қаптаған мигранттар мәселесін де жеңілдеткен болар едік. Сонан соң көрші Ресейдің тәжірибесін де пайдалануға болады. Ол елде борышкердің ұялы телефонына түскен ақшаны қарыз есебіне алу қарастырылып отыр. Бірқатар ұялы байланыс операторларымен келісім де жасалған. Енді Ресей елі теміржол және әуе жолы билеттерін сатумен айналысатын операторлармен келісімге келмек. Егер жол жүру билетін сатып алған азамат борышкерлердің қара тізімінде болса, онда ол азаматтың ақшасы тәркіленіп балаға алимент ретінде беріледі. Сонымен бірге сот орындаушыларының жауап­кершілігін арттыруды ойластыру қажет. Өйткені кей жағдайларда сот орындау­шысы мен борышкер ымыраласып жатады деген пікірлер де айтылып жүр. Сонан кейін барлық жұмыс берушілерді «али­мент­тік борышы жоқ» деген анықтамасыз азаматтарды қызметке қабылдамауды және жұмысқа орналасқан жағдайда тиісті органға хабар беруді міндеттеу керек.
Дөңгелек үстел отырысын қорытын­дылаған С.Жиреншина жиналғандарға алғысын білдіріп, отырыс хатшысына айтыл­ған ұсыныстарды хаттап алуды тапсырды. Жиынға қатысушылар кей тұста пікірі қайшы болып жатқанмен, басты мақсаттары бір қордаланған алимент мәселесін шешу болды. Қашан да ойдың ойды қозғайтыны хақ. Егер осы отырыста айтылған ойлар заң шығарушыларға ой тастап, мәселенің түйінін тарқатуға септігі тисе, онда талқыға жұмсалған екі сағат уақыт текке кетпегені. Жиналғандардың қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамай, жан күйдіре үн қосуы көңілге қуаныш ұялатты. Қоғамдағы кез келген мәселеге сырттай қарап тұру дұрыс емес. Үнсіз, «не болсаң, сол бол» деген немқұрайды көз­қарас қоғамды құрдымға кетірері анық. Сондықтан да мәселеге үн қосайық, ағайын!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста