Тәуелсіздік жылдарындағы оқулықтар және олардың сапасы: сарапшымен сұхбат

Тәуелсіздік жылдарындағы оқулықтар және олардың сапасы: сарапшымен сұхбат

Елімізде орта білім саласындағы оқулықтарға қатысты айтылатын сын көп. Ата-аналар «оқулық тілі балалардың жас ерекшелігіне сай емес», «өте күрделі сұрақтар беріледі» дегенді жиі айтып жатады. Педагогтер «оқулықты бір ғана автор емес, бірнеше автор жазуы тиіс» дегенді де айтып жүр.

 
Осы тұста біз БҒМ Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Болатханұлымен сұхбаттасып, тәуелсіздік жылдарынан бері еліміздегі оқулықтар сапасы қалай өзгерді, олардың бұрынғысынан айырмашылығы қандай, оқулық авторлары мен сарапшылардың байланысы және басқа да маңызды сұрақтар төңірегінде қоғамның көкейінде жүрген мәселелерді сұрадық.

– Елдос мырза, тәуелсіздік жылдарынан бері еліміздегі жаңа оқулықтар сапасы өзгерді ме?

– Бұл тұста мынадай бір маңызды жайтқа назар аударған жөн. Өткен ғасырдың басында, шамамен 1905-1920 жылдар аралығында алаш қайраткерлері кітап басу ісіне араласқан-ды. Одан кейінгі 70 жыл бойы Кеңес үкіметі жағдайында Қазақстан өзге одақтас республика іспеттес орыс тіліндегі мақұлданған оқулықтарды аударумен ғана айналысты. Қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақ СРО тарихы сияқты пәндер бойынша жекелеген оқулықтар ғана әзірленетін. Демек, Қазақстанда егемендік алғанға дейін оқу басылымдарын әзірлеу мен мақұлдаудың ұлттық жүйесі толыққанды қалыптаспады десек қателеспейміз.

Олай болса, Тәуелсіздік тарихында еліміздің барлық мектеп пәндері бойынша төл оқулықтарды әзірлеу тәжірибесі 1996 жылдан бастау алып, 25 жылды құрайды. Бұл айтарлықтай көп уақыт емес. Айта кетейік, 1996 жылы жалпы бiлiм беретін мектептер үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін (ОӘК) дайындаудың және басып шығарудың мақсатты бағдарламасы қабылданған еді. Бұл бағдарлама мен одан кейінгі саяси шешімдер елімізде оқу кітаптарын басудың ұлттық саласын қалыптастырды. Бұл сала оқулықтануды, мектепке дейінгі және орта білім ұйымдарына арналған оқулықтар мен ОӘК әзірлеуді, сонымен бірге олардың мемлекеттік сараптамасы мен жеткізілуін мониторингтеуді қамтиды.

1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында жарық көрген оқулықтарды кітапханалардан қарап, қолданыстағы оқулықтармен салыстырар болсақ, оқу пәндерінің мазмұны мен құрылымында, оқыту әдіс-тәсілдерінде, иллюстрацияларында, ресімделуі мен техникалық безендірілуінде көп ілгерілеудің барын айқын көруге болады. Әлбетте, проблемалар да жоқ емес. Десе де, қолданыстағы оқулықтардың бүгінгі педагогика, тиісті пәндердің теориясы мен практикасы және баспагерлер іс-тәжірибесінің ағымдағы даму деңгейіне тәуелді екенін ескермесек болмайды. Мемлекеттік сараптау жүйесі және жекеменшік баспа үйлерінің авторлары аталған салалардағы жетістіктерді барынша пайдаланып, оқулықтарға бейімдеп енгізуге тырысады. Менің ойымша, қолданыстағы оқулықтардың сапасын бағалау мен қамтамасыз ету тетіктері өз міндетін атқарып келеді.

– Қазіргі оқулықтар қандай стандарт бойынша жазылады, бұрынғысынан несімен ерекшеленеді?

– Оқулықтар ҚР заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілерге жататын Жалпыға міндетті білім беру стандартына және тиісті пәндерге арналған типтік оқу бағдарламаларына негізделіп әзірленеді. Қолданыстағы стандарт пен бағдарламалардың көбісі 2016-2021 жылдар аралығында жүзеге асқан «орта білім мазмұнын жаңарту» реформасы аясында қабылданған. Реформаның түпкі мақсаты – отандық мектептік білім мазмұнын әлемнің дамыған және ірі дамушы мемлекеттерінде 90-жылдардан бері орнығып, 2000-жылдары кеңінен тараған заманауи білім беру философиясын ендіру. Ғылым тіліне салсақ, бұл конструктивистік оқыту парадигмасы (ірі теория) деп аталады. Бұл парадигма аясында мұғалім энциклопедия рөлінен көмекшіге (фасилитатор) ауысады, оқушы болса, білімді енжар «сіңірушіден» өз танымының «құрылысшысына» айналуы керек. Түптеп келгенде, мектептегі оқыту процесі түбегейлі білімдік модельден әрекет, функционалды сауаттылыққа өзгеруі тиіс.

Аталған реформаның, оны іске асыруға бағытталған стандарт пен оқу бағдарламаларының қаншалықты тиімді болғанын дөп басып айту қиын. Сондықтан бүгінде бұл бағытта белгілі зерттеулер жүргізіліп келеді. Осы зерттеулердің нәтижесінде өзіңіз айтып отырған стандарт пен оқу бағдарламаларының бұрынғысынан қаншалықты тиімді жүзеге асқаны туралы сенімді мәлімет алынады деп ойлаймын.        

– Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сараптамасы не үшін жүргізіледі, ол қандай кезеңдерден тұрады?

– Қазақстан әлемнің басым көпшілік мемлекеттері секілді мемлекеттік деңгейде оқулықтарды сараптап, ішіндегі ұтымдыларын мақұлдайды. Яғни, мемлекеттік сараптаманың мақсаты қазақстандық баспа үйлері әзірлеген оқулықтардың ішінен үздігін, мейлінше сапалысын таңдау, олардың мазмұны мен құрылымының жалпыға міндетті білім беру стандарты мен үлгілік оқу бағдарламасына сәйкестігін және мемлекет пен қоғам үшін маңызды талаптарға лайықтығын тексеру.

Қолданыстағы заңнама бойынша бүгінде оқулықтар 5 кезеңді сараптамадан өтеді, олар: (1) сынаққа дейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама, (2) жаңа оқу бағдарламасы бойынша әзірленген оқулықтарды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу, (3) қоғамдық-педагогикалық талқылау, (4) сынақтан кейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама және (5) пәндік сарапталық комиссия қарауы.

Ғылыми-педагогикалық сараптама кезеңдерін (1-ші, 4-кезең) іске асыру үшін әрбір оқулық пен оған ілескен оқу-әдістемелік кешен бойынша арнайы команда жасақталады. Мұндай командаға нақты сала ғалымы және біліктілік санаты «зерттеуші педагогтан» төмен емес мұғалімдер тартылады және арнайы оқу курсынан ұдайы өтеді. Осындай жоғары талаптар сынақ және пәндік сарапталық комиссия қатысушыларына да қойылады.

5-кезең аясында комиссия шешімімен қалыптастырылған орта білім беру ұйымдарының қолдануына ұсынылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесі Білім және ғылым министрлігіне бекіту үшін жолданады.

– Оқулық сапасын бағалауда қандай параметрлерге ерекше назар аударылады?

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатын кітап. Бұл кітапқа қойылатын талап көптен-көп және бірігіп кешен құрайды. Осы ретте оқулық талаптарында жеңіл-желпі дүние жоқ дер едім. Қолданыстағы критерийлер саны 80-ге жуық. Шартты түрде оқулық талаптарын екіге бөлуге болады: құрылымдық және мазмұндық.

Құрылымдық талаптар оқулықтың құрауыштарына қатысты. Мысалы, оқулық міндетті түрде шартты белгілер мен айдарлардан, тақырыптары тізілген беттен, кіріспеден, бөлімдер мен тақырыптар мазмұнынан, глоссарий (сөздіктен) және әдебиеттер тізімімен тұруы керек. Мазмұндық талаптағы оқулықты құрудағы принциптер мен қағидалар десек болады. Мұнда оқулықтың негізгі және мәтіндеріне, иллюстрацияларына (кесте, сурет, диаграмма, т.б.), қолданылған оқыту әдіс-тәсілдеріне және баяндау тіліне нақты талаптар тұжырымдалады. Мәселен, мазмұн құруда пәнаралық байланыстарды сақтау, балалардың жас ерекшелігін және өмірлік тәжірибесін ескеру, теория мен практиканы байланыстыру, мазмұнды саралап оқытуға бағыттау, кітаптың оқуға деген жағымды көзқарас пен түрткі қалыптастыру принциптеріне жіті көңіл бөлінеді.

Соңғы жылдары қолданысы қарқынды түрде артқан ғалам торабы мен әлеуметтік желінің сын-қатерлерін ескеру сарапшылардың оқулық мазмұнын зерделеу қызметінің маңызды бағытын құрайды. Атап айтқанда, оқулық мазмұнында мемлекет пен қоғамның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін кемсітушілік (дискриминация), құқықбұзушылық, қатыгездік, үрдісшілдік, суицид, лаңкестік, отбасы құндылықтарына қарсы мінез-құлық, коммерциялық жарнама, бейресми дереккөздер сияқты мәліметтердің көрініс табуына жол берілмейді.

– Оқулықтарды тексеру кезінде-ақ жетілдіре түсу үшін сарапшылар мен авторлардың бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі бар ма?

– Елімізде орныққан жүйеге сәйкес оқулықтарды жекеменшік баспа үйлері үйлестіретін авторлармен әзірлейді. Авторлар баспамен арнайы келісімшарт негізінде жұмыс істейді және баспаның тапсырысын орындайды. Сарапшылар баспа үйлерінен келіп түскен оқулықтардың міндетті критерийлеріне сәйкестігін мұқият тексеріп, әділ шешім шығарады. Бұл шешімнің оқулық одан арғы сараптама кезеңіне қарауға «ұсынылады», «ұсынылмайды» немесе «өңдеуді қажет етеді». Яғни, авторлар мен сарапшылардың мүддесі әртүрлі, оларды біріктіру мүдде қайшылығын, жауапсыз бәсекелестікті туғызады. Мұндай қауіп-қатерді болдырмау мақсатында заңнамаға сәйкес сарапшылар оқулықтарды «иесізденген» (баспа деректері мен авторларының шифрланған) күйде қарастырады және құпиялылықты сақтауға міндетті. Ал баспа үйлері мен авторлар сараптама рәсімдеріне араласуына жол берілмейді.

– Мемлекет, әсіресе, өңірлерде оқулықтардың жетіспеушілігі мәселесін қалай шешіп жатыр? Барлық оқушылардың тегін оқулық алуға құқы бар ма әлде тек белгілі бір санаттағы балалар ала ма? 2020-2021 оқу жылында қанша оқулық сатып алынды?

– Елімізде 2007 жылдан бері мемлекеттік оқу орындарында тегін әрі міндетті орта білім беру жөніндегі конституциялық кепілдікке сай оқулықты ақысыз қолдануға мүмкіндік берілген. Демек, мемлекеттік мектептердің барлық оқушысы оқулықтармен тегін қамтамасыз етіледі. Ата-аналар мен оқушылардың оқулықты сатып алу қажеттілігі жоқ.

Аталмыш кепілдікті қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар өз өңірлеріндегі білім алушылардың контингентіне, ішкі көші-қон, демографиялық өсімге қарай жылда оқулықтар сұранысын анықтайды. Осы сұранысқа байланысты жергілікті бюджеттер қажетті қаражатты бөледі. Оның бөлінуі мен оқулықтардың оқу жылы басталмас бұрын, уақытылы жеткізілуі министрліктің және біздің орталығымыздың жіті бақылуында. Егер қайсыбір мектепте оқулық жетіспесе, бұл мәселе әдетте шұғыл түрде елдімекеннің ішінде шешімін табады. 

2021-2022 оқу жылына облыс бойынша 1-сыныптың барлық пәндері бойынша жаңа оқулықтар сатып алынды. Сонымен қатар оқулықтардың 5 жылда, ал арнайы білім беру ұйымдары үшін 6 жылда жаңарту қажеттілігін ескере отырып, 2–11-сыныптар бойынша ішінара оқулықтар сатып алынды. Бұдан бөлек, қолданыстағы 1–11-сыныптарға арналған барлық мектеп оқулығының электронды нұсқалары (100%) ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтына орналастырылды, олар да толығымен ақысыз түрде қолжетімді. Кез келген тұлға оқулықтарды пайдалану үшін ресми сайттан тегін жүктеп, қолдана алады.

– Жалпы, қоғам оқулықтарды талқылауға келгенде қаншалықты белсенді?

– Оқулықтың сапасына байланысты кімнің болса да айтары бар. Бүгінде оқулықтарға сын-ескертулер негізінен әлеуметтік желілер арқылы айтылады. Олардың көбісі расталмайды. Себебі, әдістемені түсінбеу, субъективті ой-пікір немесе оқу бағдарламасынан хабарсыздықтан, кейде фейктен туындайды. Осыған орай қоғамдық талқылауға арналған кезеңде қайсыбір шешім қабылданбайды. Бұл кезең жүріп жатқан жұмыстан хабардар етуге, таныстыруға көбірек арналады. Нақты пікірді біз өңірлерге шығып, практик-педагогтармен және пәндік қоғамдық бірлестіктермен талқылай отырып аламыз. Мысал үшін, биыл 1-сынып оқулықтарын, соның ішінде «Әліппе» мен «Букварь» оқулықтарын қоғамдық талқылау кезінде 4 аймақтарда барлығы 389 бастауыш сынып мұғалімдерімен бірлесіп зерделедік.  Сондай-ақ бес баспа үйі ұсынған Әліппе нұсқаларының, Букварьдің үш нұсқасының онлайн-таныстырылымын өткіздік. Оған әлеуметтік желінің шамамен 16 мың қолданушысы қатысты; мұғалімдер, ата-аналар, тәуелсіз сарапшылар мен оқулық сапасына бейжай қарамайтын өзге де азаматтар.

 – «Оқулықты жеке автор емес, арнайы комиссия жазуы керек» деген ұсынысқа қалай қарайсыз?

– Жоғарыда атап өткеніміздей, оқулықтарды әзірлеу мен басып шығару бәсекелі ортаға берілген. Авторлар тобын баспа үйлері өздері ұйымдастырады. Олар нарыққа ең сапалы әрі бәсекелі оқу басылымдарын ұсыну үшін оқулық жазу процесіне ең мықты авторлар, білікті редакторлар мен корректорларды, шебер суретші-дизайнерлер, иллюстратор-аниматорларды тартады. Сонымен қатар жыл сайын авторларды оқыту, олардың біліктілігін арттыру баспа есебінен жүргізіледі. Айта кетейік, мектеп оқулықтары авторлар қатарында міндетті түрде практик-мұғалімдер, ғалымдар мен әдіскер болады. Жалпы, оқулық жазу – ұдайы ізденіс пен жан-жақтылықты, білік пен дағдыны қажет ететін процесс.

azattyq-ruhy.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста