Таудағы көлдер қашан зерттеледі?!
Былтыр жазда алматылықтар арасында біраз әңгіме болған таудағы мұзды көлдің тасуы жайлы қауесеттің биыл да басылмайтын түрі бар. Мәншүк Мәметова есімі берілген мұздық түбіндегі қорымтасты көлдің қаупін тағы да белгілі сарапшы, географ ғалым Борис Степанов көпшіліктің есіне салып отыр. Осы кезге дейін төтенше жағдайларға жауапты мамандар оны көл деңгейінің төмендеп келе жатқанын айтып сабасына түсіруге әрекеттенсе, енді ғалым көл суының азаюынан да алматылықтарға қауіп төнуі мүмкін екенін болжайды.
Жорамалдарынан жұрт үркетін профессор Борис Сергеевич біршама уақыт жұмыссыз қалғандықтан, оны әрең іздеп таптық. География ғылымының докторы бізге алдымен өзінің сөзін кейбір республикалық газеттердің зорайтып жазатынын айтты. Бірақ ғалым соңғы уақытта көл суының азаюынан қауіптену керектігін жасырмайды. Оның айтуынша, биіктегі судың қайда және қалай ағып кетіп жатқаны зерттеуді қажет етеді. «Қазіргі мезгілде көл қауіп төндіріп тұрған жоқ. Бірақ мұздықтар ери бастаса және көл суы толса, қауіп күшеюі мүмкін. Мәселен, жаздың аптабында мұздықтар міндетті түрде ериді. Қыс бойы көл түгелдей судан босады. Бұл – көл суы қорымтасқа немесе бір арыққа сүзіліп жатыр деген сөз, сүзілу процесі қалай жүзеге асатыны әзірше белгісіз, мұны зерттеу керек», – дейді ғалым. Былтыр Мәншүк Мәметова мұздығы түбіндегі көлдің табиғатын жан-жақты зерттеу Білім және ғылым министрлігінің География институтына тапсырылған болатын. Институт мамандары мұзды көлге қатысты дәл қазір алаңдауға негіз жоқ екенін айтады, дегенмен Степановтың бір жорамалының ықтималдығын мойындайды.
Ахметқал МЕДЕУ, ҚР Білім және ғылым министрлігі География институтының директоры, география ғылымының докторы:
– Қыстыгүні біздің мамандар тауға екі рет көтеріліп, №6 көлдің деңгейін қарады. Оның деңгейі әжептәуір төмен түскен екен. Көл суының табиғаты сондай, егер қыстыгүні онда қосымша су келмесе, судың астындағы «таликовая зонадан», яғни жібіген тоң аймағынан су төмен қарай ақырындап аға береді. Біздің мамандар қыста су бетіндегі мұзды бұрғылап, температурасын өлшеді, деңгейін анықтады, әйтеуір, белгілі болғаны – көлдің деңгейі ақырын-ақырын төмендеп жатыр. Бірақ Степановтың бір сөзінің жаны бар – ондағы судың төмендеуінен де бір қауіп болуы мүмкін: ол – төмен қарай құлдилаған су жер астынан құбыр сияқты арналы жол салып кетеді, сондай құбырлар белгілі бір кездері бітеліп қалуы мүмкін, сондай жағдайда көлдің деңгейі бірден көтеріледі. Бірақ дәл қазіргі уақытта біз ондай жағдайды байқап отырған жоқпыз. Бұл аймақта «Қазселденқорғау» мекемесінің тұрақтары жұмыс істейді, біздің мамандар да көлге ғылыми шараларды атқарып жатыр. Әлі де зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет, әрине. Табиғаттың құпиясын білу өте қиын.
Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының қолындағы мәліметке қарағанда, теңіз деңгейінен 3600 м биіктіктегі көлдің көлемі 200 мың текше метрден асады. Бірақ мұздық түбіндегі көл суының деңгейі мен таудағы ауа температурасының ауытқуына байланысты оның батиметриялық өлшемдері де бірнеше мәрте өзгеріп отырады.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Стратегиялық жоспарлау, ақпараттық-сараптамалық жұмыс, ғылым және жаңа технологиялар департаменті мамандарының айтуынша, Алматы маңындағы тау мұздықтары мен қорымтасты көлдердің деңгейі «Қазселденқорғау» мекемесінің мониторингі және аэровизуалды түсірілімдер негізінде тұрақты түрде бақыланып, қажет болғанда, инженерлік жұмыстар ұйымдастырылып отыр.
Мамандардың сөзіне қарағанда, көлден сел жүре қалғанның өзінде оның суын қала аумағына жібермей, Кіші Алматы бассейнінің шатқалдарына немесе Мыңжылқы, Медеу плотиналарына жинауға мүмкіндік бар. Дегенмен Іле Алатауы жоталарының сейсмикалық жағынан тұрақсыз аймақ екені белгілі. Алматы болжау полигоны аумағында соңғы кездері қуаты төмен жер сілкіністері жиілеп отыр. Жуырда тау бөктерлерінде беймәлім жырықтар да пайда болды. Мұндай жағдай мұздық көлге де әсер етіп, оның қаупін арттыруы мүмкін. Бірақ осы сияқты талай сұраққа жауап жоқ: мамандар көл табиғатының терең зерттелмей келе жатқанын алға тартып, тұрақты түрде жүргізіліп отырған бақылаудың үрей туғызбайтын нәтижелерімен сабырға шақырады.