Тарбағатайда Қабанбай батырдың ескерткіші ашылды
Тарбағатай ауданының Боғас елді мекенінде қазақтың баһадүр ұлдарының бірі Қаракерей Қабанбай батырдың ескерткіші бой көтерді. Еңселі ескерткіштің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге, еліміздің Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Сәдібек Түгел, белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы секілді есімдері елге танымал азаматтар да қатысты.
Бұл күні даңқты батырдың ескерткіші ашылып қана қойған жоқ, дүркіреп той өтті. Аста-төк ас беріліп, балуандар бозкілемнің шаңын шығарды, жүйріктер аламан бәйгеде бақтарын сынады.
Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Қабанбай батырға ашылып отырған ескерткіш еліміздің береке-бірлігін көрсетеді, ынтымағын айғақтайды. Осындай бірлікте болсақ, келешегіміз де кемелдене түспек. Сондықтан осындай игі іске ұйытқы болып, ұйымдастырған, оған үлестерін қосқан ниеттес азаматтардың бәріне, бүкіл Тарбағатай халқына алғыс айтқым келеді.
Айтпақшы, облыс әкімі осы тойда жағымды бір жаңалық айтты. «Алла сәтін салса, келесі жылы облыс орталығы Өскеменде Қабанбай батырдың тағы бір еңселі ескерткіші ашылатын болады», – деді Бердібек Сапарбаев.