Таразда жер сілкінді
Тараз қаласында таңертеңгісін сағат 04:58 минут кеткенде күші 2-3 балдық жер сілкінісі болды. Эпицентрі Қырғыз Республикасында болған зілзала күші Алматының оңтүстік-батысында да сезілген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік Білім және ғылым министрлігінің Сейсмология институтына сілтеме жасай отырып хабарлаған болатын.
Оқиға таңғы елең-алаңда өріс алғандықтан, көпшілік сезбей де қалған. Ал байқағандар «тек люстра шайқалып, жай ғана сезілді» дейді. Бұл – жыл басынан бері орын алып отырған екінші жер сілкінісі. Қаңтардың 24-і күні болған жер сілкінісінің бастауын да Қырғызстаннан алған еді. Жамбылдықтардың үрейге бой алдыратындары да бар. Бұдан кейін де жиілеп кете ме деген қорқыныш та жоқ емес.
Әбікен МАКЕТОВ, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары:
– Адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Жердің қозғалғандығы аса сезіле қойған да жоқ. Егер 6 балдан асса, қатерлі болып саналады. Бұл жолғының ондай қатері болған жоқ.