Қала салу бір күндік шаруа емес. Оның іргетасы қаланғанша атқарылатын жұмыс ауқымды. Сырдың сол жағалауынан жаңа қаланың бой көтеретіні туралы айтылғанына бірнеше жыл болды. Осы қадасы енді қадалатын қаланың жайы қалай болып жатыр? Осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Расында кез-келген дамыған елдердің өзен бойына орналасқан қалалары өзіндік кескін-келбетімен, көзтартар сәулеттілігімен ерекшеленеді. Дарияның сол жағалауына қала салу үшін алдымен көпір қажет. Көп күттірместен көпірдің құрылысы өткен жылы Ғ.Мұратбаев көшесі бойынан басталды. Бүгінде құрылыс жұмыстарымен «Мостотряд-25» ЖШС секілді тәжірибелі компания айналысып жатыр. Осы сәттен Қызылорда қаласының 2009 жылы бекіген Бас жоспарына сәйкес 2300 гектарды құрайтын Сырдария өзенінің сол жағалауын жоспарлы игеру жұмыстары басталды.
Жалпы құны 5,9 млрд. теңге тұратын көпір құрылысына өткен жылы республика бюджетінен 1 млрд. теңге қаралса, қалған қаражат биыл бөлінуде. Сонан бері мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, көпір 9 тіреуіштен (опорадан) тұрады. Нақты кезеңде сол жағалаудан 1, 2, 3 және 4 тіреуіштердің скважиналары (барлығы 96 скважина) бұрғыланып, олар арматуралар арқылы бетондалып болды. Ал, оң жағалаудағы 9-шы тіреуіштен 16 скважина, 8-ші тіреуіштен 24 скважина бұрғыланып, бетондалған. Көпірдің ұзындығы – 386,82 метр, ені 22,4 метрді құрайды. Ал, көпір өткелінің жалпы ұзындығы – 2141,19 метр. Оның автокөлік жүретін бөлігі 3,5 метрден 4 жолақты жол болады және екі жағынан жаяу жүргінші жолы (тротуар) түседі. Жалпы, күрделі нысанның салыну мерзімі – 26 ай. Яғни, көпір құрылысы келер жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде.
Бұны жай ғана көпірдің құрылысы басталды деп қабылдамау керек. Яғни, ұлы өзеннің сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталатын тарихи сәт деса жарасады. Бас жоспарға сәйкес бұл аумақта әлеуметтік-әкімшілік, өндірістік, мәдени орта және шағын бизнес нысандарын салу қаралған. Айта кетейік, қаланың сәулеттік келбетіне шығыс элементтері кеңінен қолданылады. Сонымен қатар қос жағалау абаттандырылып, тынығу аллеялары, бульварлар мен жасыл аймақтар, жаяу жүргіншілер мен велосипедке арналған арнайы жолдар салынбақшы. Жалпы, заманауи талаптарға сай ірге көтеретін жаңа қоныста келешекте 90 мыңнан астам халық тұрады деп болжануда. 15 мың жаңа жұмыс орындары ашылады.
Дәл осындай сәулетті шаһар салу үшін қазіргі таңда жергілікті билік Ислам банкі секілді әлемдік қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр. Яғни, инвестиция арқылы зәулім ғимараттар бой көтеретін болады.
Төрткүл әлемдегі бірқатар мемлекеттердің астаналары өзеннің екі бетін ала орналасқан. Мәселен, жауһар қала Париж – Сена өзенінің, тұманды Альбионның астанасы Лондон – Темза өзенінің қос жағалауына орын тепсе, асқақ рухты Астанамыз Есіл өзенінің екі жағалауынан бой түзеуде. Осы ару қала Астанаға қарап бой түзеп келе жатқан шаһарлардың бірі – Қызылорда ірге көтергелі өзеннің оң жағалауында дамыды. Енді жаңа қоныс Сырдың сол жағында өсіп-өркендейтін болады.
Осы уақытқа дейін дарияның сол жағалауына геодезиялық зерттеу жүргізілді. Дегенмен, орман-тоғай қорын елді мекендер санатына ауыстыруға қатысты құжаттар уақытылы рәсімделмеген. Өйткені, жерасты су жолдары мен топырақ құрамын зерттеу шаралары көп уақытқа созылған. Дейтұрғанмен, бұл жұмыстар бүгінде аяқталды. Соның бастысы, таяу уақытта барлық жоспар бекітіліп, Астанадан үлгі ала отырып, көпір құрылысы аяқталған бетте жаңа қаланың құрылысы басталатын болады.
Жоспар демекші, Қызылорда қаласының бас жоспары 2009 жылы бекітілді. Бас жоспарда қала дамуының басым бағыттары айқындалып, коммуналдық шаруашылық және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту қарастырылды. Соның ішінде Қызылорда қаласын дамытуды екі кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланды. Бірінші кезең 2015 жылға, ал екінші кезең 2025 жылға дейін деп белгіленді. Бірінші кезеңде Қызылорданың мұнай-газ өндірісін, жеңіл және тамақ өнеркәсібін, сондай-ақ құрылыс материалдары индустриясын дамыту көзделген. Айта кету керек, бүгінде қаланың бекітілген аумағы бас жоспарға сәйкес 13 мың гектарды құрайды. Болашақта бұл көлем 40 мың гектарға жеткізіледі.
Сөз басында айтқанымыздай, сонымен қатар бас жоспармен Сырдария өзенінің сол жақ бөлігін игеру жоспарланып отыр. Жоба бойынша алдағы уақытта өзеннің сол жақ бөлігінде 2300 гектар жерді игеру жоспарланып отыр. Бүгінгі күндері осы жердің 1532 гектарына инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеулер жүргізіліп, оның оң қорытындысы алынған. Ал, қалған жер қаланың резервіне қойылған.
Сонымен, қаланың сол жағалауын дамыту жобасы іске аса бастағанда Сырдың бас қаласы жаңаша келбетке ие болады. Ал ең бастысы, қаланың аумағы кеңеюімен қатар оның экономикалық дамуы да қарыштап алға басады.
Қорыта айтқанда, Қызылорда келбетті қалалардың қатарынан орын алатын күн алыс емес.