14 жастағы қызы зорланған шымкенттік ана тергеушілердің салғырттығын айтып NUR.KZ порталынан көмек сұрады. Келіншектің сөзінше, оқушының абыройын айрандай төккен күдікті қазір бостандықта тайраңдап жүр. Құқық қорғау органдары болса бір айға жуық зардап шегушілерді салпақтатып, мекеме есігін күзеткізіп қойған.
NUR.KZ порталы қызының жағдайын айтып берген келіншектің әңгімесін сол күйінде назарларыңызға ұсынады.
«Әпше келісейік, мені соттатпа»
«10 мамыр күні таңертең сабаққа кеткен қызым түсте кешіккен соң ұялы телефонына қоңырау шалдым. Алайда, оның телефонын бір жігіт көтеріп: «Төлбасы деген жігіт болам, қызыңыз менің жанымда, уайымдамаңыздар, айыпшы (келін түсірген жақтың туыстары, кешірімге келушілер - ред.) барады үйлеріңізге», - деп өшіріп тастады. Дереу полицияға арыз жазып, қызды іздеуге шықтық.
Тәртіп сақшылары телефон қоңырау шығысын тексеріп, олардың Бәйдібек ауданы Шаштөбе деген жақта жүргенін анықтады. Осылайша, 4 полициямен Бәйдібек ауданындағы үш ауылды түгел тінтіп шығып, таппадық. Артынша адамдардан сұрап жүріп, қыз ұрлаушылардың Беловод ауылында екенін анықтап, ол жігіттің жақын туысын таптық.
Әлгі азамат: «Сендер біздің отбасыны ауылда масқараладыңдар, қыздарыңның қайда екенін айтпаймыз, ауылдың сыртына шығыңдар, сол жаққа барады», - деп бәрімізді қорқытты. Тіпті полицияны да көзге ілмейді.
Баланың амандығы үшін айтқанына көніп, ауыл сыртына шыққанда кішкене көлікпен әлгі 21 жастағы Төлбасы деген жігіт қызымды әкеліп беріп, «Әпше келісейік, мені соттатқаннан түк шықпайды» деді.
Ал полиция бізге: "Баланы алып қайтыңдар, Төлбасы адам ұрлаушы ретінде біз одан жауап алып, өзіміз айналысамыз", - деп қайтарып жіберді.
Сараптамада қыздың зорланғаны анықталды
Осы оқиғадан соң, қызымды сараптамадан өткізіп, «кәмелет жасына толмаған оқушыны ұрлап кеткен жігітті жауапқа тартыңдар» деп Шымкенттегі Бәйдібек аудандық полиция бөлімшесіне, прокуратурасына бірнеше арыз жаздым. Сараптама қорытындысы бойынша қыздың зорланғаны анықталды. Алайда, тергеушілер «қызыңнан сұра, ол жыныстық қатынасқа бұрын барған» деп былқ етпейді.
Прокуратура болса, баламен өзіміз сөйлесеміз, сен сыртқа шық деп салғырт қарады. Міне 20 күннен асты, жөні түзу жауап жоқ. Қызымды зорлаған қаскөй бостандықта жүр. Ал полицейлер қызың өзі кінәлі деп бізді мазақтайды.
Зорланған оқушы не дейді?
Ұ. есімді оқушының айтуынша, жігітпен ол ВКонтакте әлеуметтік желісінде танысып, бір-екі рет хат алмасады. 10 мамыр күні сабақтан шыққан оқушыны аялдамадан Төлбасы есімді жігіт ұстап алып, күштеп көлікке отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен. Тіпті қорқыту үшін электр есеңгреткіш те (электрошокер) қолданған.
Артынша Шымкенттегі пәтердің біріне әкеліп, жыныстық қатынасқа түспесе өлтіретін айтып қорқытады. Тіпті, арам ойы іске асқан соң болған жайды полицияға айтсаң, әке шешеңді де тірі қоймаймын деп әбден қорлаған.
Жаға ұстатар жайт жайлы Шымкент қаласында орналасқан Бәйдібек аудандық полиция бөлімшесіне хабарласқанымызда, тәртіп сақшылары зорланған қызға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
«Сіздерге арызданған ананың көп сөздері шындыққа жанаспайды. Қыздың жыныстық қатынаста болғанын сараптама растады. Бірақ оның зорланғанын немесе басқаша екенін тергеу құпиясына байланысты айта алмаймын. Жазылған арызға қатысты Қылмыстық кодекстің 122 бабы, кәмелеттік жасқа толмаған баламен жыныстық қатынасқа түсу бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Шындықты сот кезінде білесіздер», - деді тергеу бөлімі басшысының орынбасары Еркін Қаттабанов.
Әділдік іздеген ана құқық қорғау органдарына сенбей қазір әлеуметтік желі арқылы жанайқайын жеткізіп, видео үндеу жариялады. Отбасының қауіпсіздігі үшін зардап шегуші қыздың және өзінің атын айтпай, түр келбеттерін көрсетпей құпия ұстауда.
Оқиғаның қалай болғанын мына жерден естіп, көруге болады. NUR.KZ порталы екінші тараптың да пікірін беруге дайын.