Шымкентте «Наурыз» алаңы ашылды
Жыл өткен сайын Шымкент қаласындағы тарихи-мәдени құндылықтар көбейіп келеді. Жуырда соның жарқын дәлеліндей ірі сәулеттік алаң халық игілігіне берілді. Иә, Наурызды тоғыз күн тойлау оңтүстіктен бастау алған еді. Соның жалғасындай күні кеше пайдалануға берілген аталмыш нысанның атауы «Наурыз» алаңы деп аталады. Қала халқын қуанышқа бөлеген «Наурыздың» салтанатты ашылуына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, шаһар басшысы Дархан Сатыбалды, сондай-ақ зиялы қауым мен қаламыздағы түрлі диаспора өкілдері, өңір тұрғындары қатысты.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей басшылығымен қолға алынған «Наурыз» алаңы бір гектардан астам аумақты қамтиды. Облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған бұл нысанға 100 млн теңге жұмсалған. Құрылыс жүргізуші – «Заңғар-Сәулет» ЖШС-і. Бұл аумақта «Ауылым – алтын бесігім» атты барельефті композициясы, қазақтың салт-дәстүрін көрсететін «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» кейіптері көрсетілген сәулеттік декоративтік элементтер орналастырылған.
Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінде қаламызда халық саны көбейіп, шаһардың ауқымы ұлғайып жатыр. Сол себепті Шымкентте жаңа әкімшілік орталық бой түзеп, қаланың тынысы кеңеюде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздегі үшінші қала мәртебесін иемденген қаламызда халқымыздың салт-дәстүрінен терең сыр шертетін «Наурыз» алаңы ашылып отыр. Бұл – келесі жылы құрылысы толықтай аяқталатын этносаябақтың бір бөлігі. Келешекте бұл саябақ тұрғындардың емін-еркін сейіл құратын сүйікті демалыс орнына айналады.
Бұдан соң алаңға жиналған қауым ашық аспан астында ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалады. Облыстағы қала, аудандар тіккен киіз үйлерге аялдап, қазақы дастарқаннан дәм татты. Шара барысында қаламызда тұратын барша диаспора өкілдері театрландырылған қойылым ұсынып, халықтар арасындағы тату-тәтті тіршілігімізді паш етті. Қала жастарынан құралған 300-ге жуық студент пен мектеп оқушылары үлкен алаңда көпшілікті қазақтың қасиетті «Қара жорға» биімен тамсандырса, «Тұмар» фольклорлық оркестрі әдемі әндерімен сүйсінтті. Сондай-ақ осы «Наурыз» алаңының ашылу рәсіміне арнайы келген қазақтың дүлдүл ақыны, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қасымхан Бегманов сахна төрінде сылқым жырын жатқа оқып, жұртшылықтың жүрегін елжіретті.
Нұрлан АРХАБАЕВ, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
– Шаһардың шығыс солтүстігінде орналасқан «Ипподром» аумағынан бастап, Бәйдібек би ескерткішіне дейінгі аумақта этно-тарихи тематикалық саябақтың, облыстық мұражай және әдет-ғұрып орталығының эскиздік жобасы жасалған. Жобаның жалпы құны – 2 миллиард теңге. 50 гектар жерді алып жатқан этно-тарихи саябақ аумағында облыс көлемінде орналасқан тарихи маңызы бар кесенелер мен ескерткіштердің шағындалған макеттері орналастырылатын болады. Облыстық мұражай және әдет-ғұрып орталығының құрылыс жұмыстарына ағымдағы жылы облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Келешекте бұл аумақта айтулы мәдени көпшілік шаралар өткізіліп, бірыңғай сәулеттік кешен қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны болып қалыптаспақ.