Сұрапыл соғыстағы тұтқындар қасіреті

Жауға тұтқын болғандарға аяушылық жоқ

Соғыстың алғашқы айларында кеңес әскерлері жанталасып, ауыр қорғаныс ұрыстарын жүргізіп, еріксіз шегінуге мәжбүр болып, топ-тобымен қоршауда қалып тұтқынға түсіп жатқан кездерінде 1941 жылдың 16 тамызында Мемлекеттік қорғаныс комитетінің № 270-жарлығы шықты. Бұл құжатта кеңес әскерлері қатарында жасқаншақтық, қорқақтық көрсетіп, жауға тұтқынға түсу жиілегенін атай келіп, жауынгерлерге жауға соңғы мүмкіндігі қалғанша қарсылық көрсету бұйырылды және тұтқынға түскен қолбасшылар мен саяси қызметкерлердің жанұясы қудаланатыны туралы айтылды. Шегінуге немесе жауға тұтқынға түсуге дайын тұрғандарды табанда атуға рұқсат берілді.

1941 жылдың 12 қыркүйегінде барлық атқыштар дивизияларында өте сенімді жауынгерлерден бөгеуші батальондар құру туралы № 227-бұйрық шықты. Бөгеуші батальондар шегініп, қашып бара жатқандарды тоқтатуға, егер тоқтамаса, оларға оқ атуға тиісті болды. Бөгеуші батальондар бұйрық шыққан сәттен бастап бес күн ішінде құрылып, іске кірісуге тиісті деп көрсетілді. Осылайша ауыр жағдайда қорғаныс ұрыстарын жүргізіп, аса көп шығынға ұшырап жатқан әскерлерді жүйелі түрде белгілі бір шепке шегіндіріп, болашақ шайқастар үшін сақтаудың орнына оларды екі оттың ортасында жанталасуға ұшыратты.

Алайда бөгеуші бөлімдердің әрекетіне қарамастан, алғашқы үш айда жау 3 миллионнан астам кеңес жауынгерлері мен офицерлерін тұтқындады. Бүкіл соғыс барысында тұтқынға түскендердің саны 5 миллионнан асты, олардың 57 пайызы қаза тапты. Соғыс тұтқындарының Отанына қайтып келгеннен кейінгі тағдыры да ауыр болды. 1943-1947 жылдарда 5,5 миллионға жуық соғыс тұтқындары мен Германияға жұмысқа айдалған азаматтар елге оралды. Олардың 20 пайызы ату жазасына немесе 25 жыл лагерьде жазасын өтеуге кесілді, 15-20 пайызы 5-10 жылға лагерьлерге жіберілді, 10 пайызы Сібірдің алыс аудандарына жер аударылды, 15 пайызы соғыста қирап қалған аудандарда ауыр жұмысқа салынды, 15-20 пайызы туған жерлеріне оралды, ал қалғандарының тағдыры белгісіз. Бұл қайғылы статистиканың түпкі себебі Кеңес өкіметінің тұтқынға түскен өз азаматтарының барлығын сатқындар деп санауы еді.

Соғыс тұтқындарын сатқын деп санады

Жау қолына тұтқынға түсіп қалған жауынгерлерді сатқын санаған көзқарас тек Кеңес өкіметінің ғана саясатына тән құбылыс болды, ал халықаралық қауымдастықта соғыс тұтқындарына адамшылықпен қарау дәстүрі қалыптасқан еді. Соғыс жүргізудің ережелерін және тұтқындардың құқықтарын белгілеген халықаралық келісімдер ХІХ ғасырдың екінші жартысында-ақ жасала бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде соғысушы елдердің барлығының (соның ішінде патшалық Ресейдің де) тұтқындарға қатысты саясаты 1907 жылғы Гаага келісіміне негізделді. Соғыс аяқталған соң, 1919 жылы Англия және Францияның талабымен арнайы комиссия құрылып, ол Германияның соғыс тұтқындары лагерьлерінде Гаага келісімінің дұрыс орындалмау фактілерін тексерді. Ал екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1929 жылдың 27 шілдесінде Женевада қабылданған «Соғыс тұтқындарын бағып-күту туралы» келісім қолданылды. Келісімнің 2-бабында соғыс тұтқындары оларды қолына түсірген жеке әскери бөлімдердің емес, мемлекеттің билігінде болады, ал мемлекет соғыс тұтқындарына адамшылықпен қарауға, оларды зорлық-зомбылықтан, қорлаудан қорғауға тиісті деп көрсетілген. 3-бапта соғыс тұтқындарының жеке басы мен ар-ожданы құрметтелуін талап етуге қақысы бар екені айтылған. Женева келісімі – 97 баптан тұратын үлкен құжат, мұнда офицерлер мен жауынгерлердің тұтқынға түскен кезінен бастап, соғыс біткенде еліне қайтарылу шарттарына дейінгі барлық мәселе қамтылған. Келісім бойынша, тұтқындар тіркеуге алынып, тізімдері бейтарап мемлекетке (Швейцарияға) беріледі, ал ол тізімді тұтқындардың Отанына жеткізеді; тұтқын лагерьлерін Халықаралық Қызыл Крест қоғамы үнемі тексеріп отырады; тұтқындарға берілетін тамақ мөлшері тұтқындаушы елдің тылдағы әскери бөлімдеріне берілетін мөлшерде болуға тиісті; тұтқындардың елінен хат-хабар, сәлемдеме алуға және Қызыл Крестен азық-түлік, витамин, дәрі-дәрмек алуға, лагерьдегі Женева келісімі шарттарына сәйкес келмейтін жағдайлар туралы арыз айтуға құқығы бар.

47 мемлекет мақұлдаған бұл келісімге Кеңес Одағы қосылған жоқ. Осы ағат шешімін ақтау үшін Кеңес өкіметі Женева келісімі ұлттық және нәсілдік кемсітушілікті уағыздайды деген сылтау ойлап тапты, өйткені келісімде «соғысушы жақтар мүмкіндігінше әртүрлі нәсілдер мен ұлттардың өкілдерін бір бөлмеде орналастырмауға тырысуы қажет» деген бап бар еді. Ал шындығында, бұл баптың нәсілшілдікке ешқандай қатысы жоқ, ол бірінші дүниежүзілік соғыстың сабағын ескеруден туған болатын (бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бір баракқа орналастырылған австриялықтар мен славяндар үнемі қақтығысумен болды). Кеңес өкіметінің Женева келісіміне қол қоймауының нақты себептері баршылық, соның ішінде ең негізгісі – лагерьлерді халықаралық ұйымдардың тексеруін қаламағаннан болуы мүмкін. Әрине, сталиндік өкімет елді тұтастай түрмелер торына айналдырғанын еске алсақ, онда жеке адамның құқығын қорғау, тұтқынға адамшылықпен қарау міндеттеріне Кеңес Одағының үрке қарауының мәнін түсіну қиын емес. Ал Кеңес өкіметінің патшалық Ресейдің шетелдермен жасаған барлық келісімдерінің күшін жоюы енді Кеңес Одағының 1907 жылғы Гаага келісіміне де қосылмайтынын көрсетеді. Осылайша КСРО өз азаматтарын халықаралық құқық негізінде қорғану мүмкіндігінен айырды.
Кеңестік соғыс тұтқындарының құқықтық жағынан қорғалмауы Халықаралық Қызыл Крест ұйымын қатты алаңдатты. 1941 жылдың тамызында Қызыл Крест қоғамы кеңес тұтқындарына өз елінен азық-түлік жеткізіп, көмектесуге ниет білдірді, алайда бұл ұсынысты В. Молотов қаржы жоқ деген сылтаумен қайтарып тастады. Сол жылы 13 қарашада Мәскеудегі АҚШ елшілігі КСРО Сыртқы істер министрлігіне нота тапсырды, онда Германиядағы кеңес елі тұтқындарының жағдайының ауыр болу себебі олардың халықаралық-құқықтық жағынан қорғалмағандығы екендігі ескертілді. Кеңес өкіметі бұл ескертуді негізсіз деп тапты. АҚШ Президенті Ф.Рузвельтпен кездесуінде   В.Молотов Кеңес Одағының Женева келісіміне қосылмайтындығын тағы да растады. 1943 жылы Ватиканның Анкарадағы елшісі кеңестік тұтқындарға көмек ұйымдастыру туралы кеңес елшілігіне жасаған ұсынысына «біздің үкімет соғыс тұтқындарының жағдайына назар аударуға тиісті емес, өйткені олар – сатқындар» деген жауап алды.
Гитлер Азиялық тұтқындарға аяушылық танытпады

Фашистік Германия Женева келісіміне 1934 жылдың 21 ақпанында қол қойды. Германия мұрағаттарының материалдары Кеңес Одағына шабуыл басталған бойда неміс қарулы күштерінің қолбасшылығы кеңес әскерлерінің қолына түскен немістердің жағдайын ойластыра бастағанын көрсетеді. Жоғарғы қолбасшылықтың соғыс тұтқындары бөлімі 24 маусымнан бастап тамызға дейін бірнеше рет Сыртқы істер министрлігіне хат жазып, онда Кеңес Одағының Женева келісіміне қол қоймағанын ескертіп, енді неміс соғыс тұтқындарының жағдайы қалай болады деп сұрайды. Сыртқы істер министрлігі бейтарап елдер арқылы Кеңес үкіметіне тұтқындар мәселесінде Женева келісімін қолдануды ұсынады.

Ал Кеңес үкіметі «біз тек қана Гаага келісімін қолданамыз» дейді. Бұған Гитлер келіспейді, ол Женева келісіміне қосылуды талап етеді, ал Кеңес өкіметі өз айтқанынан қайтпайды. Осы демагогиялық жекпе-жек тамыз айына дейін созылды, нәтижесінде кеңестік соғыс тұтқындары өз мемлекетінің қорғауынан айырылып, фашистердің қорлығы мен азабына төзуге мәжбүр болды.

1941 жылдың 8 қыркүйегінде Германия Қарулы Күштерінің жоғарғы қолбасшылығының №3058/41-бұйрығы шықты. Осы құжаттың «Кеңестік соғыс тұтқындарына қатысты негізгі ережелер» деп аталған бірінші бөлімі «Большевизм – ұлтшыл-социалистік Германияның қас жауы. Демек, қызыл әскер тұтқындарға өте бір сақтықпен және салқындықпен қарау қажет. Тұтқындардың әсіресе азиат тектестердің зұлым, айлакер болатыны ескерілсін. Сондықтан олардың әсіресе большевиктік арандатушылардың қарсылығына аяусыз тойтарыс берілсін. Кез келген белсенді немесе енжар наразылық атаулы толық құртылсын. ...Біздің қарсыласымыз 1929 жылғы 27 шілдедегі тұтқындарды бағып-күту туралы келісімді мойындамады», – деген сөздермен басталды. Кеңес тұтқындарына халықаралық ұйымдармен байланыс жасауға мүлде тыйым салынды.

Катынь құрбандары

Кеңес Одағының Гаага және Женева келісімдерін мойындамау саясатының алғашқы құрбандары поляктық соғыс тұтқындары болды. 1939 жылғы 17 қыркүйектегі кеңес әскерлерінің Польша жеріне жорығы нәтижесінде шамамен 180-250 мыңдай поляк офицерлері мен жауынгерлері тұтқынға түскен, оның ішінде 22 мыңға жуығы офицерлер болған. Поляктық соғыс тұтқындары КСРО жеріндегі 8 лагерьге орналастырылды. КСРО Ішкі істер халық комиссариатының айрықша құпия нұсқаулары бойынша тұтқындардың арасынан «күдіктілер» іздестіріліп, олар ерекше лагерьлерге топтастырыла бастады. «Күдіктілердің» қатарына кезінде Польша Ресейдің отары болған кезде, оның тәуелсіздігі жолындағы күресті басқарған партиялардың және Польша социалистік партиясының мүшелері сонымен қатар барлық офицерлер жатқызылды.

1941 жылы 30 шілдеде Кеңес үкіметі мен Лондондағы поляктардың эмиграциялық үкіметінің арасында келіссөздер жүргізіліп, КСРО мен Польша арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды. Кеңес-поляк одақтастық келісім жасалғаннан кейін Кеңес үкіметі КСРО жерінде лагерьлерге қамалған барлық поляктардың соғыс тұтқындары мен азаматтарын босатты. Азат етілгендердің ішінде Козельск, Осташков және Старобельск лагерьлерінде болған офицерлер жоқ болып шықты. Поляктардың арасына кеңес тыңшылары аталған лагерьлердегі офицерлер 1940 жылы босатылып, Польша жеріне қайтарылған деген әңгіме таратты. Польшада астыртын күрес жүргізіп жатқандар тексеру жүргізіп, Лондондағы поляк үкіметінің басшысы   В.Сикорскиге Польшада аталған офицерлер жоқ екенін және офицерлердің жанұялары олардан 1940 жылдың мамыр-маусым айларынан бері мүлде хабарсыз екенін жеткізді. В.Сикорски Кеңес  үкіметіне хабарсыз кеткен поляк офицерлерінің тізімін беріп, оларды табуға көмектесуді өтінді. Бұл өтінішті Кеңес үкіметі жауапсыз қалдырды. 1941 жылдың желтоқсанында В.Сикорски Мәскеуде И.Сталинмен кездесуінде поляк офицерлерінің тағдырын анықтау туралы тағы да талап қойды. Сталин «поляктар еліне қайтарылған, мүмкін немістер басып алған еліне бармай, басқа жақта қашып жүрген шығар» деді. Сикорскидің «қайда қашуы мүмкін?» деген сұрағына Сталин «Маньчжурияға қашып кеткен болар» деп жауап берді. Поляк офицерлерінің батысқа қашпай, шығысқа қашуы туралы жорамал, әрине, тым-ақ қисынсыз еді.

1942 жылы жазда немістер поляк шаруаларын Смоленск қаласына жақын жердегі Катынь орманында жұмысқа салды, олар сол жерде кездейсоқ поляк офицерлерінің мүрделерін тапты. Бұл хабар Польшаға жылдам тарады. 1943 жылы көктемде немістер Катыньда қазба жұмыстарын жүргізді. 14 сәуірде фашистік Германияның Үгіт-насихат министрлігі Смоленск маңында Кеңес үкіметі өлтірткен 12 мың поляк офицерінің мүрдесі табылғанын хабарлады. Мәскеу радиосы поляктардың өліміне немістер айыпты деп жар салды. Лиссабон, Мадрид, Загреб, Стокгольм, Женева, Цюрих, Будапешт, Рим, Копенгаген, Бухарест қалаларынан шақырылған криминалистика және соттық медицина мамандары поляк офицерлерінің мүрделерін және олармен бірге табылған заттарды зерттеу нәтижесінде олар 1940 жылдың мамыр-маусым айларында өлтірілген деп тапты. Ол кезде Катынь орманы КСРО жері болатын.

1943 жылы күзде Смоленск азат етілген соң, Кеңес өкіметі академик Н.Н. Бурденко басқарған комиссия құрып, поляк офицерлері жерленген қабірлерді тексерттірді. 1944 жылдың басында комиссия поляк тұтқындары 1940 жылдың көктемінде Смоленск маңына жол салу жұмыстарына әкелінген, олар Германия Кеңес Одағына шабуыл жасаған кезде осы жерде болатын, оларды осы жерде 1941 жылдың тамыз-қыркүйегінде көрген адамдар бар, демек, поляктарды немістер қырып тастады деген ресми қорытынды жасады.

1946 жылы Нюрнберг сот үдерісінде КСРО өкілі Катынь оқиғасын фашистерді айыптау ісіне қосуды өтінді. Нюрнберг соты Катынь оқиғасын тексеріп, талқылау жүргізді, алайда кеңес жағының дәйекті дәлелдері болмаған соң, бұл оқиға қорытынды айыптау құжатына енгізілген жоқ. Алайда Кеңес өкіметі поляк офицерлерін фашистер өлтірді деген пікірді кеңес халқының санасына берік орнықтырды.

1949-1951 жылдары Катынь мәселесі қайта көтерілді. АҚШ парламенті арнаулы комиссия құрды және Кеңес үкіметіне осы мәселені бірлесіп тексеруге ұсыныс жасады. Кеңес үкіметі қатысудан бас тартты. Осылайша кеңестік тарихта тағы да бір «ақтаңдақ» пайда болды.

Соғыстан кейін КСРО ықпалында болған Польшада поляк офицерлері қазасының ақиқатын анықтау мүмкін болмады. Поляк офицерлері өлімінің сырын ашу жолында Катынь комитеті ұзақ күрес жүргізді. 2007 жылы Польшаға барған сапарымда Катынь комитетінің төрағасы Стефан Мелак мырзамен кездескенімде, ол Катынь қайғылы оқиғасының бірталай «ақтаңдақтарының» бетін ашып берді. 1987 жылғы М.С. Горбачев пен В. Ярузельскийдің кездесуінен кейін ғана Н.Н. Бурденко басқарған комиссияның поляк офицерлерін немістер өлтірді деген пікірі жоққа шығарылды. 1990 жылы 14 сәуірде жарияланған ТАСС мәлімдемесінде 1940 жылы 15 мыңға жуық поляк офицерлері Берияның бұйрығымен өлтірілгені, осы оқиғаға қатысты құжаттардың көшірмесі Польшаға берілетіні жөнінде хабарлады. Соңғы жылдардағы Катынь комитетінің және поляк зерттеушілерінің әрекеті нәтижесінде Катыньда өлтірілген поляктардың нақты саны 21857 адам екендігі анықталды. Катыньда өмірі қиылған поляктардың артында жанұялары, ұрпақтары қалды. 2000 жылы Ресей мен Польша Смоленск қаласының батысында 18 шақырым жердегі Катынь орманында «Катынь» деп аталған мемо- риалды кешен салды. Кешеннің орталығында, поляк офицерлері атылған жерде, алты бауырластар зираты бар. Зираттарды қоршаған қабырғаға қаза тапқандардың есімдері жазылған. Бұл жерге Катынь құрбандарының ұрпақтары жиі келеді...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста