Білім алушылар министрліктің ұсынысымен академияны жабу туралы шешім шыққалы сенделіп жүргенін айтты.
Алматылық студенттер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Бас лицензиясынан айырылған М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенттері өздерін басқа оқу орындарына мәжбүрлеп ауыстыруға қарсы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарттық порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Білім алушылар министрліктің ұсынысымен академияны жабу туралы шешім шыққалы сенделіп жүргенін айтты. Өйткені, студенттерге ұсынылған өзге ЖОО-ларда олардың таңдаған мамандықтары жоқ. 90 жылдық тарихы бар академияның оқытушылары мен студенттері бүгін кезекті рет наразылық акциясын ұйымдастырды.
«Құрметті Президент және министр (Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов) мырза! Сіздерге сұрағым, неге акамдеияны жауып, оның ішінде өте маңызды мамандық саналатын «Көлік құрылысы» саласын басқа университетке ауыстырмақшысыздар? Не үшін студенттер мен оқытушылар басқа жаққа ауысуы тиіс? Бұл мамандықтар басқа оқу орындарында жоқ, темір жол саласының базасы осы жерде. Теміржолдың тірегі - көлік құрылысы. Ол болмаса онда басқа мамандықтар қалай шығады? Студенттердің жағдайы қалай болады? Мен соңғы курста оқимын. Дипломды қай университетте, кіммен, қалай жазамын? Екі ай ғана уақытымыз қалды. Біздің басқа университетке ауысқымыз да, басқа мамандықта оқығымыз да келмейді», - деді академияның 4-курс студенті Ринат Қалиқанов.
Академияның соңғы курсында оқып жатқан студенттер «дипломсыз қалсақ та, басқа оқу орнына сүмірейіп бармаймыз» деп отыр. Олардың айтуынша, академия студенттеріне ауысуға болатын оқу орындарының тізімі ұсынылған. Ал, ұсынылған университеттер жастардың көңілінен шықпай отыр. Оған қоса, оларды ешбір университет «құшақ жайып» қарсы алып отырған жоқ. Оған қоса, ауысуға болатын университеттерде «Көлік құрылысы», «Темір жол құрылысы, жол және жол шаруашылығы», «Автомобиль жолдары мен аэродромдар салу» және «Құрылыс» сынды мамандықтар оқытылмайды немесе сапалы кадрлар тапшы, білім беру базасы қалыптаспаған.
«90 жылдық тарихы бар, тамыры терең, елімізге теміржолшыларды даярлайтын негізгі оқу орны неге жабылуы тиіс? Мен 1 курсты енді аяқтаймын. Басқа оқу орнына барғым келмейді. Ұсынып отырған оқу орындары бізге мүлдем ұнамайды және ол жерлерде біздің мамандықтар толықтай оқытылмайды. Неге біз басқа мамандыққа ауысуымыз керек? Біз қарсымыз», - деді 1-курс студенті Дильназ Темірболатова.
Оқытушылар мен профессорлар құрамы да «Ауыспаймыз» деп ұрандатқан студенттермен қатар акцияға шыққан. Олар грант иеленіп, таңдаған мамандығымен түскен студенттерді академиядан күштеп қуу құқықтық тұрғыдан дұрыс емес деп есептейді. Академияның тек «Көлік техникасы және құрылыс» факультетінде 583 студент грантта білім алып жатыр. Академия бас лицензиясынан айырылғанда ұжымнан да, студенттерден де маза кеткен. Студенттерге үш айдан бері шәкіртақы да төленбеген.
«Осы академияда жұмыс істегеніме 15 жылдан асты. «Көлік құрылысы» кафедрасында жүріп 15 шақты оқулық жаздым, түрлі жобалар бойынша 130 патент алдым. Жекеменшік оқу орындарында студенттер аз, оқытушы құрамы да нашар. Ал, Тынышпаев атындағы академияның басты мақсаты - көлік құрылысы мамандарын дайындау болған. Енді іргетасы мықты, кадрлық мүмкіндігі қалыптасқан оқу орнын жауып, студенттерді басқа жаққа жібереміз деп отыр. Ол жақта маман дайындайтын кадрлар да жоқ. Бәрін күшпен ауыстыруға болмайды ғой. Бұған студенттер де, оқытушылар да қарсы. Бұны неге министрлік пен әкімдік ойламайды?! 90 жылдық тарихы бар оқу орнын талан-таражға салып, енді міне студенттер жылап жүр. Ата-аналары да уайымдап жатыр. Бұндай оқу орнын жапқанша, диплом сататын университеттерді тексерсін. 50 жылдан бері сабақ беремін, мұндайды көрмеппін. Айтқан сыны аспаннан алынған, ойдан шығарылған сылтау», - деді академияның профессоры Жұмабай Байнатов.
М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына биыл 90 жыл толады. Тарихи оқу орнының басшылары министрлікпен бірнеше рет соттасқан. Академияның Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе және Шымкент қалаларында орналасқан колледждері де бар.
2000 жылы академияға қазақтан шыққан тұңғыш жол қатынастары инженері, көрнекті қоғам қайраткері, алаштың ардақтысы, Түрксіб магистралінің жобасын жасаушы Мұхамеджан Тынышбаевтың (1879-1938) eciмi берілген.
ЖОО алдағы уақытта жаңадан лицензия алып, логистика және транспорт академиясы атануы да мүмкін. 43 сала бойынша білім беретін оқу орнының 300-ге жуық оқытушысы мен 5 мыңға жуық студентінің соңғы үміті ел Президентінде.