«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» депті біздің қазақ. Кiм айтса да, сол сөздің анығына көз жетіп келеді. «Құнанбай» былай қарағанда қазақ көретін тәуір кино болғанмен, әлгі екі құмалақтың кесірінен екіұдай сезімде қалдырады. Сол құмалақты қоспай-ақ қойғанда не болады екен? Содан Құнанбайдың тұлғалық қасиеті кішірейіп кетпес еді ғой. Құмалақ дегеніміздің бірі – қайын ата мен келіннің арасындағы қатынас болса, екіншісі – бұйда шешу ойыны. Біздің түсінбегеніміз, Құнанбай қайын ата мен келінді қатаң жазалайды, ал бұйда шешкен әйелге шапан жабылады. Сонда айырмасы қандай, зинаны тыйған Құнанбай жалаңаштанған әйелді неге құрметтеген?
Алдымен, Қодар мен Қамқа оқиғасынан бастасақ. Былайша айтқанда, ата мен келін арасындағы жағдай. Бұл жағдай өмірде болды ма, болмады ма, оның өзі даулы мәселе. Әуезовтың өзі Абайды кім жазғанда осы оқиғаны ұлттық иммунитеті қабылдамағандықтан, романға енгізбеді. Өз ұятын өзге жұртқа жарияламады. Екеуінің обалын арқалаудан Құдай алдында, қалам алдында қорықты. Ал біз ше? Жүз жыл бұрынғы сондай даулы мәселені фильмге кіргізіп жібердік. Сонда біздің ұлттық иммунитетіміз қайда? Әлде Әуезовтен әулиеміз бе?
Әшейінде ауыз жаппай, тектілігімізді айтып мақтанғанда құдайдаймыз, құдайшылығымызды осындайда көрсетпедік пе? Бықсығымызды айдай әлемге жар салып көрсетуден арланбайтынымыз-ай біздің... Қателік барлық жұртта бар, қай ұлттың тарихын алып қарасаң да бір азғындыққа душар болғаны анық. Бірақ сол азғындықты алақанға салып жүретін біз ғана ма деймін. Тұлға туралы кино түсіреміз, ішіне бір құмалақ қоспасақ қарнымыз ашатын секілді. Құдай-ау, орысың Колчакты қалай түсірді, Поддубныйды қалай шығарды, ойланбайсың ба? Біз мектепте сол Колчакты банды деп оқыдық. Орыстар сол бандыдан ұлт батырын жасады. Ал біз әлі күнге Аманғалиды банды дейміз. Абылайды қандай қылдық, Мұстафаны қайттік? Әшейінде мұрын шүйіретін қырғызымыз да киноны бізге қарағанда қатырып түсіреді екен. Құрманжан датқаны қараңызшы, құмалақ бар ма ішінде? Тұлға ма, тұлға! Ендеше, біздің олардан қай жеріміз кем? Дана Құнанбай қайда, дара Құнанбай қайда? Ағартушы Құнанбай қайда, қажы Құнанбай қайда? Төңірегінде тұлғалығын айшықтайтын осындай қасиеттер мол еді ғой. Ойнас оқиғасын ойып тұрып фильмнің өзегіне айналдырғаннан не ұттық? Онсыз да азған ұрпақты «аталарың сондай болған, көріңдер» деп одан сайын аздырмақпыз ба? Фильм авторлары осы эпизод арқылы Құнанбайды ақтағысы келгенін айтады. Құнанбайды ақтамаса да, одан тұлғасы төмендеп кетпес еді. Өйткені ол бәрібір биік тұлға. Соған қарағанда, бұл пиар үшін жасалған тәсіл сияқты. Сөйтіп, Құнанбайды емес, «Құнанбайды» (фильмді) ақтаудың амалын жасаған. Әйтпесе, басқа не?
Енді фильмдегі екінші құмалаққа ойыссақ. Бұл – «бұйда шешуге» байланысты көрініс. Оқиға желісіне мүлдем үйлеспейтін осынау сұрқия көріністі не үшін қосты екен? Келіншектің омырауын жарқыратып, беліне дейін жалаңаштап, екі қолын артына байлаған күйі түйілген бұйданы тісімен шешіп жатқаны кімге керек болды? Оның үстіне, бұл бұйда шешу деген бәле сол тойда шынымен болған-болмағанын ешкім білмейді емес пе? Кинода жалаңбас жүрген әйел затын көрмей келіп, мына көрініске көзің түскенде түршігіп кетеді екенсің.
Негізі, бұл ойын қайдан шықты, тарихта бар ма? Бұл ерте замандардағы түркі жұртында болған ескі салтқа ұқсайды. Мың жылдық тарихы бар «Манас» жырында осындай салттың болғаны айтылады. Ол кезде Ороңқа деген әйел майданға шығып, түйені шешіп әкетеді. Ал қазақ даласында Ұлытау баурайында болған-мыс. Сонда ойынға шыққан әйел «үлкендердің көрген жері, кішілердің туған жері» деп шөккен түйенің бұйдасын тісімен шешіп әкеткен екен. Айтпақшы, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романында да осы ойын бар. Мерке приставі Сокольский Бектен мырзаның келін түсіру тойында осы ойынды ұйымдастыруын сұрайды. Орыстың шенді ұлықтары қара халықты мазақтап күлгісі келеді. Қазақтың жарамсақ бай-болыстары оларды қолдай кетеді. Сөйтіп, ойын ұйымдастырылып, Тайтақай деген кедей әйел тыржалаңаш күйде байлаулы түйенің бұйдасын тісімен шешуге кіріседі. Оның жанталасып терлегенін көрген жиналған жұрт мәз-мейрам болады. Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керектің нақ өзі. Шерхан атамыз осыны суреттеу арқылы сол кездегі байлар мен кедейлердің образын, қазақ байларының орыс алдында арын сатуға дейін бар қасіретін ашқысы келгенге ұқсайды.
Ал «Құнанбайға» осы көрініс керек пе еді? Осыдан біраз уақыт бұрын otuken.kz сайтында марқұм Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» фильміне жазылған сценарийі жарияланды. Таласбек ағамыз 8-эпизодта былай суреттейді: «Құнанбай нөкерлері көрсеткен жаққа адымдай жөнелген. Үлкен жазықта неше түрлі қызық ойын болып жатыр. Құнанбайға бұрылып қарауға ешкімнің мұршасы жоқ. Байқап қалған азын-аулақ адам ғана оң қолдарын кеуделеріне қойып, аға сұлтанға сәлем беріп жатты. Құнанбай қанша абыржыса да, жымиған болып, ернінің ұшымен сәлемге жауап қайтарды... Бұдан ары озған Құнанбай бір тосын суретке куә болған. Жұпыны ғана төрт қанат киіз үйдің алдына, кәрі-жасы бар, қарауытқан бір топ адам малдас құра отырған. Таяз шұңқырға орнатылған діңгекке үстінде недәуір жүк артқан түйе байлаулы тұр. Бұтында күдері шалбар, аяғында қысқа мәсі, беліне дейін жалаңаш, қолы артына қайырылып байланған жас әйел түйенің жібін тісімен шешіп жатыр. Ақырында шешіп болып, жіпті тістеген күйі орнынан тұрғанда, тобығынан келетін қалың шашы әйелдің қос анарын, бүкіл жалаңаш тәнін бүркеп кетті. Ойынды басқарып тұрған адам иығына шапан жауып, түйенің бұйдасын қолына ұстатты. Жұрт осы жерге келгенде ду ете қалған. Бір жас бозбала қарқылдай күлгенде, артында отырған ақсақалды адам желкесінен нұқып қалды. Бозбала қызарақтап, төмен қарап кетті».
Кейін сценарийде жазылған осы деталь фильмде көрсетілді. Фильмнің Астанадағы көрсетілімінде осы жайында сұралғанда бас режиссер һәм бас кейіпкерді сомдаушы Досхан Жолжақсынов: «Бұл Сағынайдың асында болған оқиға екен. Сол заманның бір суретшісі де мұны анадан жаңа туғандай ғып салған. Сол себепті фильмге қостым» деп жауап беріпті. Ал «сол заманның суретшісі» дегені кім дейсіз ғой. Топшылауымызша, бұл – Николай Хлудов. Өйткені мұндай суретті Хлудовтан басқа ешкім салған жоқ. Оның үстіне, Хлудов Құнанбайдың емес, бертіндегі Байтұрсынұлының замандасы. Байтұрсынұлы дегенді бекер айтып тұрғам жоқ. Себебі, Ахмет ағамыз Хлудовтың дәл осы суретін сын садағына алған. 1935 жылы Хлудов көрме өткізбек болып, өз туындыларын Орталық мұражай қорына тапсырған. Сол кезде мұражайдың ғылыми кеңесшісі болған Ахмет Байтұрсынұлы суреттерді түгел талдап, 10 парақтан тұратын сараптама жасаған. Хлудовтың қазақтың тұрмыс-тіршілігіне жат 18 картинасын сынаған. Ахаң сараптамасында: «Суретші Хлудовтың туындыларына жалпылама назар салғанда, оның қазақ тұрмысы мен өмірінде мүлдем кездеспейтін, не аса сирек ұшырасатын құбылыстарды бейнелеуге құмар бағыты бірден көзге ұрады. Бәлкім, мұнысын қазақтардың тұрмысын көпшілік жұртшылықтың санасына әбден сіңген қалыпта, яғни оларды жартылай жабайы түрде елестететіндердің ұғымына сай бейнелегісі келуімен, не нақты жағдайдың біртектілігі суретші көңіліне жақпайтындығымен түсіндіруге болар да еді. Бәлкім, суретші қазақтардың өмірімен үстірт қана таныс, сондықтан оны қалыпты жағдайда бейнелеуге дәрменсіз шығар» деп келіп, «Жүлде үшін бәсеке» деген картинасын жоққа шығарған. Бұл картинада «Тайлақ тарту» деген ойын суреттелген, яғни тыржалаңаш шешінген әйелдер (арасында қыздар да бар) байлаулы тұрған түйенің бұйдасын ауыздарымен шешіп жатады. Байтұрсынов осы сурет жайлы: «Суретші Хлудов менімен әңгімесінде мұндай тағылық көңіл көтеруді өз көзімен көргенін айтқаны бар. Алайда дәл соған сене қою қиын» дей келе, «Хлудовтың суретінде жас келіншектер, тіпті бойжеткендер де жеңіс алу үшін шешініп жатыр. Суретші, сірә, мұның бәрі оп-оңай атқарылады деп ойлайтын болуға тиіс. Бойжеткенді қалың халық алдында шешіндіре тұрып, ол қазақ қыздарының әдетте жас күнінен құда түскен жері боларын, қалыңмал төленіп қойылатынын, күйеу жігітінің барлығын және оның мұндай «ерлікке» қалай қарауы мүмкін екенін жадынан шығарып алады» деп жазады. Досхан ағамыздың айтып отырғаны осы сурет. Бірақ орыстың қазаққа жаны ашымайтын бір суретшісі салды екен деп, оны «Құнанбайға» қосуға бола ма? Оның үстіне жоғарыда айтқандай, қайын ата мен келінді қатаң жазалаған Құнанбай, бұйда шешкен әйелді жазасыз қалдырар ма еді?
«Хлудов сияқты орыстың өнер адамдары қашанда өзге ұлттарды жабайы көрсету үшін осындай шығармашылық тәсілдерге барған. Олар өз өнерлерін мәңгілік санап, өздерінің келер ұрпақтары да өзгеге сондай көзбен қарауы керек деп есептейді. Ол әзір де бар. Тек Толстой ғана «Қажымұратты» жазғанда ондайға бармаған. Ол тау халқын кемітіп көрсетпеген. Қайта олардың мықтылығын алға тартады. Жазушының гуманистігі сонда. Ал Хлудовтар тек орыстарға ғана тән шовинизм дертіне шалынып, сонымен көзі тұмшаланған өнер адамдары. Әйтпесе, қазақ еш уақытта, қай заманда да мұндайға жол бермеген. Тарихшы Лепшин де сондай. Оны Шоқан «Шығыстың Геродоты» деп кекетіп, оқыған ортада мазақ еткен. Оны біздің кейбір тарихшылар шын мағынасында қабылдап, тарихи айналымға түсіріп, әлдеқандай көреді. Отарлаушы елдің, оның ішінде Ресей тарихшылары мен шығармашылық адамдары бізді еш қашан, еш уақытта да дұрыс жазып, еш нәрсенің ақиқатын айтқан емес. Сондықтан, Байтұрсынов Хлудовты бекер сынаған жоқ» дейді ақын Аманхан Әлімұлы. Міне, біз сол суретті Орталық мұражайдың төріне қойып, «Шедевры казахской культуры» деген кітапқа енгіздік. Ұят-ай! Хлудовтардың қазаққа жаны ашымасы белгілі ғой, неге біздің өзімізге жанымыз ашымайды? Оны айтамыз-ау өткенде Вконтакте желісінде «Неономады. Великая Степь» деген парақшада «Степная обнаженка» деген жазба жарияланды. Сонда Хлудовты Қастеевтің ұстазы деп мақтай келіп былай дейді: «Хлудов қашанда өзінің көргенін немесе жақсы білген нәрсесін ғана сурет қылып салған. 1934 жылы мұсылмандардың сеніміне теріс келеді деген мақсатта аймақтық музейден Хлудовтың картиналары алынып тасталған кезде, арты шуға ұласты. Негізгі себеп «Жүлде үшін бәсеке» суреті үшін болды. Сол кезде Ахмет Байтұрсынов Николай Хлудовты жақтады. Ол 85 жастағы суретшінің картиналарына оң баға берген. «Жүлде үшін бәсеке» картинасының шынайы шығуы үшін әйелдерді тыр жалаңаш етіп салғанын қолдаған» деп жазылған жазбада. Бұл қай сасқаны? Байтұрсынұлының сөзін бұлай бұрмалауға кім рұқсат берген? Ол сынаған нәрсені мақтады деп жазуға қалай ұялмайды! Қысқасы, әркім өз білгенін істеп бағуда. Ал біз үндемейміз.
Қалай десек те, осы жағдайлар бізге ұлттық иммунитетіміздің кемшін екенін көрсетіп берді. Еріккен тексіз байлар тарихта талай таңбасын қалдырған болар. Бірақ сол тексіздікті мұқым қазақтың бетпердесіне айналдырудың қажеті бар ма еді? Үлкендер «сүйекке сіңген дақ ешқашан өшпейді» деуші еді. Сол сөз рас екен. «Құнанбай» фильмі соны дәлелдеп берді.