Соңғы кезде жастардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары тіпті жиілеп кетті.
Таяуда ғана Ақтөбеде үш бірдей 11 сынып оқушысының өз-өзіне қол жұмсағаны жайлы жазған болатынбыз. Тағы да сегіз жасөспірімнің суицид жасауға әрекеттенгені анықталған еді. Артынша, Астанада екі оқушы тұрғын үйдің 11-қабатынан секріп мерт болды. Ал, оған дейін Семейде де үш жасөспірім көпірден секіріп өмірмен қош айтысқан болатын.
Енді міне, Тобылдан суық хабар жетті. Бұл өңірде жыл басынан бері 6 оқушы өз-өзін өлімге қиған. Ал тағы 6 жасөспірім суицид жасауға әрекеттенгені анықталып отыр.
Өрімдей жастар неге өз-өзіне қол жұмасайды? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Әр саланың мамандары әртүрлі болжам айтады. Мысалы, психологтар «оған 1) Отбасылық кикілжіңдер; (отбасыда ата-ана арасының дұрыс болмауы, ажырасуы, материалдық жетіспеушілік т.с.с. секілді факторлар) 2) Қатар-құрбыларының теріс көзқарасы; (сыныптастарының шеттетуі, кемсітуі т.с.с. 3) Баянсыз махаббат; «қыз бен жігіттің ара қатынасына ата-аналардың қарсы болуы, ғашығынан айырылу, сүйгеніне қол жеткізе алмау, қыздардың алданып, жүкті болып қалуы т.с.с.) 4) Жоғарғы сынып оқушыларына ҰБТ- ға дайындалу процесінің психлогиялық әсері; (Мектеп түлектеріне ҰБТ кезінде көп жүктеме жүктеледі. Мұғалімдер жыл басынан бастап ҰБТ-да қалайда жақсы көрсеткіш көрсету керек деген талапты әр күні қайталаумен болады. Оған қоса ата-аналардың да «ҰБТ-ға дайындал, грантқа түсуге тиіссің, бізді жерге қаратпа» деген секілді сөздерді жиі айтуы баланың жүйкесіне жүк түсіреді. Мұндай жағдайда жақсы оқитын баланың өзі де үнемі «мұғалімдердің, ата-анамның үмітін ақтай алмай қалсам не болады?» деген оймен жүріп, бойында сенімсіздік пайда болады. Соның салдарынан кей баланың жүйкесі сыр беріп, суицидке барады) секілді жағдайлар себеп болуы ықтимал» дейді.
Қостанайда өз-өзіне қол жұмсаған жасөспірімдердің бірінің жанынан ноутбук табылған. Жасөспірім наутбук арқылы суицидті дәріптейтін сайттарға кіріп, жазбалар қалдырған көрінеді.Сондықтан ішкі істер органы мамандары «жас балалардың суицидке баруына ғаламтор ықпал етуде» деген тұжырым жасап отыр.
Ал әлеуметтанушы мамандар «суицидтің бір себебі – әлеуметтік теңсіздікте жатыр» деп топшылайды.
Нұрболат АЙЕКЕШЕВ, әлеуметтанушы:
- Әрине бұл басты себеп дей алмаймын. Бірақ жастардың суицидке баруының бір себебі әлеуметтік теңсіздікте жатқаны рас. Нашар киіну, арзан ұялы телефон ұстау секілді жайлар кей баланың жүйкесіне кері әсер етпей қоймайды. Өкінішке қарай, қатар-құрбысының арасынан ондай балаларды кемсітетіндер де табылады. Сонан соң ол бала өзін төмен санап, ортаға қосыла алмай, оқшауланады. Ондай күй кешкен бала суицидке баруы ғажап емес.
Ал кей мамандар «оқушылардың өз-өзіне қол жұмсауына ҰБТ-ның да әсері бар» деген пікірде. Алайда, ұстаздар қауымы мен ресми органдар ондай пікірді түбегейлі жоққа шығарады. Біз де «бар пәле ҰБТ-да» деуден аулақпыз. Десе де көрсеткіш қуып, нашар оқитын балаларды ҰБТ-ға жібермеу, таңертеңнен кешке дейін ҰБТ жауаптарын жаттатып, «қалай да жоғары көрсеткішке жетуге тиіссің» деп шектен тыс жауапкершілік артып, жүйкесіне жүк салмағанымыз абзал болар.