Шығыс Қазақстан облысында сот шешімімен жабылған шошқа фермасы жұмысын тоқтатпай тұр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
ШҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемен қаласы мен Глубокое ауданы Степное, Шмелев Лог ауылдары халқының наразылығын туғызған шошқа фермасы былтыр күзде сот үкімімен жабылған болатын. Себебі онда бірқатар заңбұзушылық анықталып, ферма иесі берілген уақытта кемшілікті түзетпеген еді.
«Сот үкімі күшіне енген соң департамент мамандары шошқа фермасына барды. Сол кезде бізге жұмыстың тоқтатылғаны көрсетілген. Алайда соңғы күндері тұрғындар тарапынан ферма жұмысының қайта жанданып жатқаны жайлы шағым түсті», - делінген ақпаратта.
Шағымнан соң экологтар шошқа фермасына барды. Нәтижесінде, тұрғындар наразылығының орынды екендігі анықталған.
«Ферма иесі тағы да шошқа ұстап отыр. Енді облыстық әділет департаменті арқылы оның жұмысын тоқтату туралы атқарушылық іс қозғау көзделуде», - делінген ақпаратта.