СПИД-пен ауырған жеткіншектерді не күтіп тұр?
Бүлдіршіндерге ВИЧ індетін жұқтырып, бүкіл республика жұртшылығының жағасын ұстатқан Шымкенттегі келеңсіз оқиға көпшіліктің есінен әлі шыға қойған жоқ. Осы оқиғаға орай облыс әкімі орнынан алынып, медицина саласының кінәлі деп танылған бірнеше қызметкерлері жауапқа тартылды. Алайда сол кездері күн тәртібіндегі бірінші мәселе болған балалардың бүгінгі ахуалынан бейхабар қалып қойғанымыз рас. Перзенттері аты жаман ауруды жұқтырған ата-аналарға қол ұшын созу мақсатында құрылған «ЖҚТБ-дан (СПИД) балаларды қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорының жұмысы кейінгі кездері қожырап кетті дегенді де құлағымыз шалады. Осы секілді сауалдардың төңірегінде аталған қордың қазіргі президенті Жаннета Жазықбаеваны әңгімеге тартқан едік.
– АҚТҚ, яғни ВИЧ індетін жұқтырғандар төңірегіндегі ахуал қандай болып жатыр?
– Бүгінге дейін ВИЧ індетін жұқтырған 209 бала тіркелген. Қор құрылмай тұрып – 8, одан кейін 3 бала қайтыс болды. Бір бүлдіршінді шетел азаматтары алып кетсе, тағы екеуі бүлдіршіндер үйінде тәрбиеленуде. Оның біреуі індетті жұқтырмас бұрын іштен ДЦП-мен науқастанып туылған.
– Балалардың бүгіні мен ертеңі қандай болмақ?
– АҚТҚ дегеніміз – адамның қорғаныштық тапшылығының қоздырғышы, яғни бұл індетті жұқтырған ағзаның түрлі инфекциялардан қорғану қабілеті төмендейді. Ұсынылған дәрі-дәрмекті уақтылы қабылдаған ағзада мұның орны үнемі толтырылып отырады. Сол себепті ВИЧ індетін жұқтырған баланы қоғамнан оқшаулауға болмайды. Бұл баланың жүйкесіне әсер етіп, өзіне-өзі қол жұмсау қаупіне соқтыруы да ғажап емес. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін әрбір ата-ана алдымен АҚТҚ жайлы өзі толық мағлұмат алып, содан кейін ұл-қыздарына да түсіндіріп отыруы қажет.
Қазір балалардың арасында 25 оқушы бар. Оның 12-сі – ересектер. Біреуі мектеп бітіргелі отыр, «Алтын белгіге» үміткер. Биыл тағы 15 бала мектепке барады. Келесі жылы 25-і мектеп табалдырығын аттайды. Ал 2011 жылы 150-160-тай бала оқушы атанады. Қазір біз балаларға жәрдем беру үшін түрлі жобалармен жұмыс істей бастадық. Ұтып алған жобамыз бойынша аптаның әр жұмасы сайын «Ана мен бала» орталығында психологтармен, дәрігерлермен бірігіп, балалары есейіп келе жатқан ата-аналармен жұмыс істейміз. Бала ес біліп, етек жапқаннан кейін не үшін үнемі дәрі қабылдайтынын ойланады. Ертеңгі күні шеттен үрейлі әңгіме естісе, ол баланың бақытсыздыққа ұшырауына себеп болуы да ғажап емес. Орын алуы әбден мүмкін осындай қауіптің алдын алу мақсатында баланың санасын біртіндеп дайындауымыз қажет. Жаңа айтқандай, 2011 жылы оқушылар саны күрт артады. Сонда оларды мектепке қалай қабылдайды? Әсіресе, ауылдық жерлерде. Халық әлі мұндайға дайын емес. Түрлі әңгімелердің тығынын ағытпасына кім кепіл? Сол себепті мұғалімдермен бірге ата-аналармен де көп жұмыс істеуіміз қажет. Осындай жұмыстарды жүргізудің арқасында қазір бірнеше ересек бала өзінің қандай аурумен ауыратынын біледі. Жан-жақты дайындаудың арқасында жүйкесіне салмақ салудан құтқардық. Ешқандай қорқынышқа бой алдырған жоқ. Тіпті бір-біріне сүйеу бола білді. Соның арқасында өздеріне деген күтімді одан сайын арттырып, ертеңге деген үміттері үкілене түсті.
Бала есейгеннен кейін жыныстық қатынасқа түсіп қоюы мүмкін. Сонда ол өзінің ауруын біліп тұрып, өзгеге жұқтырып алмаудың алдын алуымыз қажет. Басқаша айтқанда, жыныстық қатынас арқылы жұғатын эпидемияның екінші толқынының орын алуына жол бермеуіміз тиіс. Болашақта осындай халықаралық жобаларға жиірек қатысып отырамыз деген жоспар бар.
– Бала денсаулығын сақтау үшін үнемі дәрі-дәрмек қабылдауы керек. Онысы да шетелден жеткізіледі. Дәрі-дәрмек үшін қаражат қайдан қаралады?
– Арнайы заңда қаралғандай, дәрі-дәрмек үшін қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұл жағынан мәселе жоқ. Жалғыз ғана талабымыз – ата-аналар дәрілердің уақтылы берілуіне жіті мән беруі керек. Онсыз бала денсаулығын төмендетіп алары сөзсіз. Балаларға дәріні қабылдаудың қаншалықты пайдалы екенін түсіндіру мақсатында, дәрінің ағзаға түскеннен кейінгі әрекетін бейнелейтін мультфильм түсіруді аниматорлармен бірге қолға алып жатырмыз. Алдағы уақытта мультфильм, кино түсіру арқылы халықтың, мұғалімдердің көзқарасын өзгерту жұмыстарын қолға аламыз. Бұдан бөлек балаларға 16 жасқа толғанша мемлекеттен 14600 теңге көлемінде зейнетақы тағайындалған. Ал облыстық бюджет есебінен ауылда тұратын ата-аналар үшін – 28700, қалалықтарға 18700 теңге көлемінде компенсация беріледі.
– Қайырымдылық ретінде құрылған қордың Сіз үшінші президентісіз. Балалардың көз жасы мен қаны есебінен құралған қор қаражатының бірқатар бөлігі кезінде негізсіз жұмсалды деген қауесет қаншалықты рас?
– Қор құрылғаннан бүгінге дейін есепшотқа 205 миллион теңгенің төңірегінде қаражат түскен. Алғашқы жылы ата-аналарға қаржылай үлкен жәрдем көрсетілді. Келесі, яғни 2007 жылдың тамызында қор қоржынында 30 миллионнан астам қаражат бар болатын. Айналдырған 8-9 айдың ішінде сол қаржыдан 1,5 миллион теңгеге жуық ақша қалды. Арада біраз айтыс-тартыстың, бірқатар келіспеушіліктің болғаны жасырын емес. Алайда мен бұрынғы өткендерге қайта оралғым келмейді. Менің мақсатым қордың жұмысын жаңа, таза парақтан бастау болып отыр. Өйткені өмір бір орында тұрмайды, алға жылжиды. Ендігіде балалардың болашағы үшін жұмыс істеуіміз керек.
– Қайырымдылық қордың қазіргі мүмкіндігі қандай?
– Індет жұқтырған алғашқы кездері бүлдіршіндердің тағдырына республика түгілі әлем жұртшылығының назары ауды. Жан-жақтан қаржы құйылып, қорға 200 миллион теңгеге жуық қаржы жинақталған еді. Мен қорға президент болып келген кезде, яғни үстіміздегі жылдың 14 сәуірінде есепшотта 14-ақ мың теңге қалыпты. Қазір қорға 1 тиын да түспейтін болған.
Қор құрылтайшыларының жалпы жиналысы бойынша індеті анықталған 78 баланың ата-аналарына 1 миллион 500 мың теңгеден үлестірілді. Араға екі айдай уақыт салып тағы 48 бала тіркелді. Олардың ата-аналарына 1 миллион теңгеден берілді. Бұл көрініс екі аптадан кейін тағы қайталанды. Бұл жолы олардың ата-аналарына тиісінше 500 және 300 мың теңгеден тиді. Індеті алғаш анықталған балалардың ата-аналарына қомақты қаржы берілді де, кейінгілеріне аз мөлшерде тиесілі болды. Тіпті ешқандай қаржылай көмек алмаған ата-аналар да бар.
– Әңгімеңізге рақмет!