Ақтөбе облысында бұрын сотты болған 60 адам балаларға дәріс беріп келіпті. Облыс прокурорларының өздері «соттылығы жойылмаған 60 бірдей адамның мұғалімдік қызметке қалай алынғаны» деп жағаларын ұстаған. Мектеп қабырғасындағы оқушылардың қауіпсіз жүруін алдымен ойлауға тиісті білім басқармасындағылар сотталған адамның белгілі бір мерзімі өткенше мұғалімдікке қабылданбайтынын қаперлеріне алмаған. Сол туралы заңдылықты сақтамаған.
Өкілетті заң органдарының заңдылықты сақтауы жөніндегі тексерулерінің қорытындысы жария болған алқа мәжілісінде Ақтөбе облысы прокурорының сауалдарына білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова да ләм-мим деп жауап бере алмады. Не деп жауап берсін. Хромтау ауданында тіпті соттылығы жойылмаған адам түрмеден шыға сала денешынықтыру пәнінің мұғалімі қызметіне кірісіп, тағы адам өлтіріп тынған. Шалқар ауданында қылмысқа тартылған мұғалім әлі жұмыс істеп жүр. Қызылордада мұғалім болып жүріп сотталған адамды Мұғалжар аудандық білім бөлімі жұмысқа алған. Істі болған мұғалімдер Ақтөбе қаласында да бар. 2006 жылы мектептегі балалармен келеңсіз оқиғаға қатысты жұмыстан үш жылға шеттетілген мұғалім жаза мерзімі бітпей, тіпті бірнеше айдан кейін қайта орнына қабылданыпты.
Маратбек МЫРЗАМҰРАТОВ, Ақтөбе облысы прокуратурасының бірінші басқармасының бастығы:
– Білім туралы заңда егер соттылығы жойылмаған болса, ұстаздық жұмысқа алынбайды деп жазылған. Хромтау ауданының Сарысай мектебінде бұрын адам өлтіру қылмысымен тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған адам мектепте денешынықтыру пәнінен дәріс береді. Ол мерзімінен бұрын 2008 жылы бостандыққа шыққан екен. Шыға сала мұғалімдік жұмысқа тұрыпты. Әрине, соттылығы аяқталған адамдардың жұмыс жасауына тікелей кедергі келтіре алмаймыз. Бірақ олардың балалармен жұмыс жасауына, мектептерге тұруына тыйымның болғаны керек. Білім және еңбек кодексінде зорлау не істі болғандар үшін білім беру мекемелерінде шектеу болу керек деп ойлаймыз, – дейді.
Облыстық прокуратураның кезекті алқа жиынында мәлім болғандай, кейбір мектептерде мұғалімдердің өздері оқушысын суицидке итермелеген оқиғалар болған. Мұның ішінде тек екі дерек құзырлы орындарда тіркеліпті. Тіркелмей, «жабулы қазан» күйінде жасырылып қалғандары қанша екені бір құдайға аян.
Нұрғалым ӘБДІРОВ, Ақтөбе облысының прокуроры:
– Прокуратура тарапынан мектептерде тиісті комиссия құрып, талдау жұмыстарын жүргізу жөнінде облыс әкіміне хат жолдадық. Ол балалардың ішінде міндетті бір категорияны анықтауға құрылған. Тәртіпсіздікке жол береді-ау деген балалармен психологтер жеке жұмыс жасауы керек. Кеңес Одағы кезінде де арнайы сабақтар болды. Сондай арнайы сабақтар енгізу керек пе деп ойлаймыз. Себебі биыл 37 бала өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Жағдай қайталанбас үшін жасалынатын жұмыстар осыған бағытталуы керек. Мұғалімдер қол көтеріп, оқушысымен керіскен деректер де бар. Мектепте бұл жайлы жасырып келген, тек прокурорлардың тексеруінен соң ғана анықталды.
Қаралған мәселелердің бірі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылыққа жол бермеу болды. Сонымен бірге жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауының алдын алуға арналды. Өйткені жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаушылар көбейген. Өткен жылы жеті жасөспірім өмірімен ерте қоштасса, биылғы жылдың тоғыз айында осындай 10 оқиға болды. Ал 37 жасөспірім өзіне қол жұмсауға әрекет еткен.
Прокурорлар жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауы Ойыл, Мұғалжар, Шалқар ауданында көбірек орын алды деп отыр.
Балалардың суицидке баруына әлеуметтік жағдайларының төмен болуы, ішімдік пен нашақорлық, бала кезінде зорлық көруі, психикасының өзгеруі, отбасындағы және қатарларымен болған кикілжіңдер негізгі себеп болып отыр.
– Профилактикалық есепте тұрған бірнеше жасөспірім бірнеше рет қосымша қылмыстар жасаған. Егер тиісті профилактикалық жұмыс жүрсе, олар полиция мен мұғалімдердің әрдайым бақылауында болса, қайтара қылмыс жасамас еді. Жасөспірімдер қылмысының алдын алумен айналысатын қала әкімдігіндегі арнайы комиссия тек қағаз жүзінде жұмыс жасап келген. Тіпті қағазды да дұрыс толтырмаған. Комиссия отырыстарының хаттамалары жазылмаған. Толтырылған хаттамаларда көрсетілген шаралардың өздері іске аспаған,– дейді Ақтөбе облысы прокуратурасының бірінші басқармасының бастығы Маратбек Мырзамұратов.
Жасөспірімдер арасында күш көрсету, қыздарды зорлау секілді қылмыстың ауыр түрлері де белең алған. Қылмыстың бірқатарына интернет желісі арқылы танысу себеп болуда. Жақында Ақтөбе қаласындағы №9 орта мектептің оқушы қызының әлеуметтік желі арқылы танысып, қарақшының қолынан мерт болғаны көпшілікке белгілі. Мұндай оқиға Хромтау қаласында да орын алды. Сондықтан ата-аналар балаларының түнге қарай интернет-клубтарға бармауын қадағалаулары керек.
Түйін
Ақтөбе облыстық прокуратура алқасы жергілікті атқарушы және өкілетті органдарға жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, олардың қылмысқа бару себептерін анықтау және басқа алдын алу шаралары бойынша ұсыныстар жасады. Қазақстан Республикасы Үкіметі арқылы бұрын сотталған адамдарды мұғалімдікке қайтып алмау туралы заңдылықтарға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын хаттамаға тіркеді.
Дерек
Биылғы жылдың тоғыз айында кәмелетке толмаған 196 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылса, олардың дені мектеп, лицей және колледж оқушылары екен. Еш жерде оқымайтын 62 және жұмыс істемейтін 52 жасөспірім қылмыс жасаған. Қылмыс жасағандардың басым көпшілігі ұялы телефондарды ұрлап, тартып алу сияқты қылмыстар жасаған. Облыс бойынша жасөспірімдер арасында онша ауыр емес – 65, орта дәрежеде 224 қылмыс тіркелді. Сондай-ақ 12 айрықша ауыр қылмыс жасалды.