Шортаны шоршыған Шалқар шабаққа ғана мекен болды

Шортаны шоршыған Шалқар шабаққа ғана мекен болды

Қазақстанның байлығы болып есептелетін өзен-көлдеріміз құрғап барады. Бұған ауа райының қуаңшылығы, адамның табиғатқа жасаған аяусыздығы және басқа да көптеген фактор себепші екені түсінікті. Су азайғасын экология нашарлайды, балық қоры кемиді. Содан келіп адам баласының күнкөрісі қиындайды. Әсіресе бар тіршілігі балыққа байланған халыққа оңай емес. Балық болмағасын оның бағасы да күн өткен сайын шарықтап барады. Тез арада мемлекеттік деңгейде шара қолға алынбаса, келешек ұрпаққа балық атаулы тек Қызыл кітап арқылы жетуі ғажап емес.
Оралдың бір мақтанышы Жайық өзені болса, екіншісі – Шалқар көлі. Аумағы 21 мың гектарды құраған, шортаны шоршып, сазаны тулаған Шалқардың дәурені жүріп тұрған кезең­де жыл сайын 1400 тонна балық аула­на­тын. Қазіргі көрсеткіш 100 тоннаға да жет­пейді. Себебі көлдің көлемі едәуір тартылды. Жығылғанға жұдырық болғандай 2008 жылы жазық далада жер сілкінді. «Қарашығанақтың қоры азайған сайын жер қыртысының текто­ни­калық қозғалысы жиілей береді», – дейді экологтер. Тіпті болашақта «мұнайдан босаған қуыс­тарға көл суы түгелдей жұтылып кетуі мүмкін» деген де қорқынышты болжамдар бар. Әрине, Құдай оның бетін аулақ қылсын дейміз.
Айдынның ажарынан айырылуына әсер еткен тағы бір фактор – оған құятын Шола­қаң­қа­ты мен Есенаңқаты өзендерінің кеуіп қалуы. Бір кездері қарт Жайықтан Шалқарға арна салу туралы жоба-жоспар болған екен. Бірақ күні бүгін Жайықтың да жағдайының жетісіп тұр­ғаны шамалы. Өзі там-тұм суды көлге бұ­ра­тын болса бір емес, екі бірдей экологиялық апат ошағы орнамасына кім кепіл? Шал­қар­да­ғы су дең­гейін бақылап отыратын гидробекет кеңес­тік өкіметпен бірге келмеске кетіпті.
1990-шы жылдардан бері ешқандай ба­қы­лау жоқ. Оны қайта ашайын десе, қаржы бөлінбейді. Мәселе ушыға берсе, көлден өзек жалғаған елге де, пайда тапқысы кел­ген кәсіпкерге де қып-қызыл зиян келгелі тұр. Ашығын айтсақ, келіп те жатыр. Об­лыс­тық табиғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқар­ма­сы­ның бөлім бастығы Марат Мәшекеновтің ай­туын­ша, Шалқардан балық аулауға рұқ­сат алған кәсіпкер Олег Лазаренко бұл ша­руа­дан бас тартыпты. Судың азаюынан көл жағасындағы Сарыөмір ауылының халқы да зардап шегуде. Сары сазаннан басқа балықты менсінбеген тұрғындар торға түс­кен шабаққа да шүкіршілік айтатын болды.
Төреш МЫРЗАШЕВ, «Қазақ балық шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС БҚО филиалының директоры:
– Айдынды мекен қылған шортан, сазан, көксерке, жайын, ақмарқа се­кіл­ді бағалы балық жойылуға жақындап, қызылқанат, алабұға, мөңке, оңғақ секілді құны төмендеу балық түрі кө­бейді. Су азайғасын құрамындағы от­тегі кемиді. Органикалық қосылыстар артады. Оның үстіне, Шалқар – ай­рық­ша тұзды көл. Бұл да – балық қорының жұтаңдануына ықпал ететін фактор. Менің ұсынысым  әуелі көлдің гид­ро­ло­гиялық режимін толық зерттеу қажет. Сосын су тарту көздерін іздестіруге жол ашылады. Сонымен қатар табиғатты пай­­да­ланушылар да табиғи қорды үз­діксіз пайдалана бермей, балықты өсі­ріп, көбейтумен айналысулары тиіс. Ға­лым­дар «балықтың өсіп-өнуіне кем дегенде үш-төрт жыл қажет, осы мер­зім­де балық жы­ныстық жағынан жеті­леді және өнім береді» деп есептейді.

2008 жылғы тектоникалық жер сілкі­ні­сі­нен кейін көлдің солтүстік-шығыс бөлігі жағалауындағы қамыс-қоға біткен судан шығып, тақырда қалды. Ал қоға бұрын ба­лық уылдырық шашатын субстрат болатын. Субс­траты болмаған соң, балық уыл­ды­рығын шаша алмай жүргенге ұқсайды. Шал­қардың шығыс жағынан құятын Шолақ­аңқаты, Есенаңқаты өзендері шағын әрі қар суына тәуелді болып қалды. Айдынды мекен ететін балық түрлері көктемде уылдырық шашуға суы тұщы осы өзендерге шығып, ұрпақ өрбітетін. Кейін шабақтар өзен ағысымен ағып келіп, Шалқардың қойнауында жайылып, өсетін.
«Осы екі өзеннің суы тартылып қалған жағ­дайда Шалқар суының тұз­ды­лы­ғы ша­мадан тыс артып, онда тірі жәндік қалмасы анық. Көктемде екі өзеннің саға­сын таза­лап, мелиорациялық жұмыстарды жүр­гізу қажет. Онсыз көлдегі балықтың өзендерге шығуына мүмкіндік жоқ», – дейді биология ғылымының кандидаты Төреш Мырзашев.
Мұндай шараларға облыстық бюд­жет­тен қаражат бөлу мәселесі аз айтылып жүр­ген жоқ. Сол өзекті мәселе шешіл­мейінше, облыстың маңдайына біткен ғажайып көлдің табиғатын сақтап қалу, ондағы балық түрлерін молайту жайында әң­гіме қозғау қисынсыз.
Сапарғали КӨПБОЛСЫНҰЛЫ, БҚО бойын­ша балық инспекциясының бастығы:
– Жалғыз Шалқарда ғана емес, облыс аумағындағы 300-ге жуық суқой­масында, 40 шақты өзен-көлде балық атаулы азайып кетті. Балықты көбейту үшін кемі үш-бес жылға балық ау­лауға мораторий жариялау керек. Сол уақыт аралығында шабақтар өсіп, ұр­пақ жалғастыруға жарап қалады. Шал­қарға және өзге де су көздеріне био­ло­гиялық негіздеме жасалса құба-құп. Балықты сақтау, қорғау және оның өсіп-өнуіне бақылау жасайтын об­лыс­тық балық инспекциясында штатта 23 инспектор жұмыс істейді, маман тап­шы. Дегенмен бір инспектор Шалқар көліне бекітілген. Су көздерін 10 жылға жалға алған кейбір табиғат пайда­ла­ну­шы­лардың балықты көбейту жұмыс­та­рына салғырт қарап, тек пайда көзіне айналдырғандары жасырын емес. Сон­дықтан біз жоспарлы тексеріс өткізіп, соның нәтижесі бойынша балықты өсіру, молайту жолында тер төккен кә­сіп­керлерді іріктеп алмақшымыз. Ал «қу­райдың басын сындырмай» келген­дерді көлге жолатпауға күш саламыз.

Сарыөмірлік Мүтиғолла Жанбозов – «Жанбозов» жеке кәсіпкерлігі басшысының орынбасары. Балықшы отбасында туып-өскен. Шалқар көлінің солтүстік-шығыс аква­ториясын 2006 жылдан бері ұзақ мер­зімге жалға алып, пайдаланып келеді. Кә­сіп­кер 2011 жылы – 88 тонна, 2012 жылы 83 тонна балық аулап, өткізуі тиіс болатын.
– «Балық аулау квотасы кеш бөлінеді. Биыл 16 қаңтарда бөлінді, оны жергілікті ат­қарушы орган қаулы шығарып бекіт­кен­ше, бір ай уақыт өтті. Квота бекітілгеннен кейін Атырауға сапар шегіп, Жайық - Каспий бассейндік инспекциясымен келі­сімшарт жасаймыз. Сөйтіп, нағыз балық аулайтын үш айды текке өткізіп аламыз. Биыл­ғы жоспарым бір пайыз да орын­далған жоқ. Өзім Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аквамәдени орталығымен бай­ланысып, балық көбейтумен шұғыл­данып көргенмін. Онда су тұщы, көлде ащы, шаруа үйлеспеді. Келешекте инку­ба­циялық цех ашып, балық көбейтумен ай­на­лысқым келеді. Шолақаңқатының Шал­қар­ға келіп құятын сағасында жайылма бар. Көктемде балық соған шығады. Сол жайылманың жағалауын көтеріп, 100 гектарлық тоған салуға өз есебімнен жоба жасатсам деймін. Тоған салып, балы­ғы­мыз­ды көбейтіп жатсақ, ауылымыз көр­кейе түсер еді. Балықшыларымызға да жұмыс болар еді», – дейді кәсіпкер.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста