Сергіткіш сусын сергелдеңге салады
Бүгінде энергетикалық сусындар дүкеннің өтімді тауарына айналған. Күш беретін сергіткіш сусындарға мектеп оқушыларынан бастап, естияр жасқа жеткен ересектер де құмар. Алайда мұндай сусындардың адам ағзасына зиян екенін көпшілік елей бермейтіндей. Сусынның зиянына көзі жеткен кейбір елдер энергетикалық өнімді сатуға тыйым салып үлгерген. Ал статистика бойынша қазақстандықтар күніне орта есеппен 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді екен. Мұның арты қайда апарып соғары белгісіз?
Жұрт арасында «энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді» деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Сондықтан да жұмыстан шаршап, күш жинағысы келген кез келген адам сергіткіш сусынды сіміріп жатады. Алайда, дәрігерлердің пікірінше, сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы, яғни сергіткіш сусын ішкен адам өз энергия қорын пайдаланады. Сусын құрамындағы кофеиндік заттар адам бойындағы бір тәулікке жететін қуат мөлшерін 2-3 сағаттың ішінде жұмылдырып, адамның сол сәттегі белсенділігін қамтамасыз етеді. Одан кейінгі тәуліктің басқа уақытында керісінше, депрессияға, зорығуға дейін алып келеді. Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында үлкен мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдың дірілдеуіне себеп болатын көрінеді.
– Кофейннің көптігі салдарынан зат алмасу бұзылады. Гармоналдық жүйе бұзылғанда ұрықтың пайда болуы да бұзыла бастайды. Бұл ұлды да, қызды да бедеулікке алып келеді. Соңғы жылдары инфарктың жасарып кетуі осы энергетикалық сусындарды көп қолданудың салдарынан деп ойлаймын. Өйткені сусынның құрамында қанттың құрамы өте көп, – дейді гастроэнтеролог-дәрігер Гүлмира Өгізбаева.
ЖАЛҒАН СУСЫН САУДАЛАП ЖҮР
Дәрігерлер «энергетикалық сусын зиян» деп қанша жерден дабыл қақса да, маман пікірін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өйткені дүкен сөрелеріндегі энергетикалық сусындардың түрлері күн өткен сайын көбейіп, жарнамасы да жер жарып тұр. Құзырлы органдар биыл 364 энергетикалық сусын түрін сынақтан өткізіпті. Сөйтсе 30 түрлі өнім техникалық регламент талаптарына сай келмей шыққан. Оның 5-еуі қауіпсіздік, 10 өнім қоспалар көрсеткіштерін, ал 17-сі таңбалау талаптарын бұзған. Ескере кететін тағы бір жайт, қауіпті энергетикалық сусындардың барлығы шетелден келген. Мәселен, ресейлік сусындардың құрамында натрий бензоатының мөлшері нормадан асып кеткен. Ал бұл қоспа өнімнің жарамдылық мерзімін ұзарту үшін пайдаланылады. Тексеріс нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы мен Қостанай облысында дәл осындай энергетикалық сусынның 2 түрі, Түркістан облысында 6 түрі дүкен сөресінен алынды.
– Жалпы анықталған фактілер бойынша 1 144 ескерту жасалды. Әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қозғалып, 3,5 млн-нан астам сомаға айыппұл салынды. Сауда орындарынан 4 тоннадан астам қауіпті өнім алынды. Сәйкес келмейтін өнім өндірушілерге қатысты тиісті шаралар қабылдау үшін 30 хабарлама тиісті мекемелерге жолданды, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы Данагүл Қасқатаева.
Нарықта энергетикалық сусындарға түбегейлі тыйым салмаған соң саудагерлер де ақша табудың оңай жолын тапқан. Олар тұтынушылардың энергетикалық сусындарға деген сұранысының жоғары екенін біліп, жалған өнім саудалауға көшіпті. Сондықтан министрлік адамға уақытша қуат беретін сусындарды пайдалану барысында абай болуға шақырады. Алкогольсіз салқын сусындарды таңдау кезінде оның таңбалау кодына, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына назар аудару қажет. Өндірушісі, шығарылған күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілмеген сусындарды сатып алмаған жөн. Себебі мұндай өнімдердің көбі жалған тауар болып шығады. Сондықтан өнімнің сақтау және таңбалау шарттарында заң бұзушылықтар болса, олардың талапқа сай екенін растайтын құжаттарды талап ету керек.
СУСЫННАН СЕКЕМ АЛҒАН
Жалпы мұндай сергіткіш сусындарды XX ғасырдың 60-жылдары Вьетнамда соғысқан америкалық жауынгерлердің моральдық және әскери рухын ынталандыру үшін АҚШ ойлап тапқан. Бірақ бұл сусындарды күнде литрлеп ішкен әскерлердің арасында бас ауруы, ми, бауыр ісігі күрт көбейген. Жауынгерлерді сергітудің орнына сергелдеңге түсірген сусынды кейін пайдалануға тыйым салыпты. Біздің елімізде де энергетикалық сусынның зардабын шеккен жандар аз емес. Елорда тұрғыны Санжар Еділбаев – солардың бірі. Ол қазір энергетикалық сусындардан түбегейлі бас тартса да, азабын әлі тартып жүр.
– Күніне 8 сағаттан артық компьютердің алдында отырамын. Соңғы жылдары энергетикалық сусындарға ерекше құмарта бастадым. Күніне 5 құтыдан ішетін болдым. Кейде түскі асқа да шықпай, энергетикалық сусын ішетінмін. Алайда, жарты жыл бұрын естен тана беретін әдет шығардым. Қазір ондай сусындар ішпеймін, іздемеймін. Бірақ азабын әлі көріп жатырмын. Жүрегім екі рет тоқтап қалды. Дәрігерлер энергетикалық сусынға тәуелділік деген диагноз қойды, – дейді Санжар Еділбаев.
Шынында энергетикалық сусынды үнемі ішетін адамның бойында сусынға деген тәуелділік пайда болады. Бұл уақыт өте келе адам ағзасындағы түрлі ауруды тудыруы мүмкін. Айталық, энергетикалық сусындарды пайдалануға байланысты шетелде бірнеше сот болған. Ирландиялық бір спортшы үш құты энергетикалық сусын ішкеннен кейін табан астында баскетбол алаңында жан тапсырыпты. Ал Швецияда энергетикалық сусын мен алкогольді араластырып пайдаланған үш адам би алаңында көз жұмған. Тіпті ресейлік мамандар да энергетикалық сусындар жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағады. Көршілес Ресей елінде энергетикалық сусын тек кәмелеттік жасқа толған азаматтарға сатылса, Қытайда құрамында тыйым салынған заттар болуы мүмкін деген пайымдаумен дүкен сөрелерінен алынып тасталған. Ал Дания, Франция, Норвегия елдері бұл сусындарды тек дәріханаларда сатуға рұқсат еткен.
Ал Калифорния ғалымдары энергетикалық сусындарды ең зиянды өнім деп бағалады. Америкалық кардиологтар энергетикалық сусындардың зиян екенін дәлелдеген. Олар зерттеу үшін Трэвис әуебазасының әскери қызметкерлеріне тәжірибе жасаған. Қызметкерлердің 75 пайызы энергетикалық сусындар ішкен. Кардиологтар зерттеуге қатысқан еріктілерді екі топқа бөліп, біріншісіне тек энергетикалық сусындар, екіншісіне құрамында кофеин бар сусын берген. Энергетикалық сусын ішкендерде QT интервалының 10 миллисекундқа ұзарғаны байқалған. Бұл жүрек қағысының аралығындағы үзіліс. Осы үзіліс не тым қысқа, не тым ұзақ болса жүрек жұмысы бұзылады. Бұл адам өміріне қауіп төндіреді. Осылайша әлем елдері энергетикалық сусыннан бас тартып отыр. Енді бізге қайтпек керек? Энергетикалық сусындардың қауіпті екенін біле тұра, оған неге тыйым сала алмай отырмыз?
Бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын мәжілісте де көтерілді. Экс-депутат Сәкен Қаныбеков энергетикалық сусындардың құрамында зиянды заттардың барын, ол заттар жасөспірімдердің психологиясына кері әсер етіп, жүйке жүйесін құртатынын қадап айтқан. Сондықтан ол сусындарды сатуға тыйым салу қажет деп санаған.
– Дәрігерлер өскелең ұрпақтың энергетикалық сусындарға тәуелділігін, мұндай сусындардың тосқауылсыз сатылатынын, жарнаманың көбейгенін айтып дабыл қағып жүр. Өйткені аталған сусын түрлері психотроптық зат санатында. Адамдардың жүйке жүйесін бұзады. Құқық қорғау органдары да энергетикалық сусынды шамадан тыс тұтынатын жастар темекі мен есірткіге әуестеніп, бұзақылыққа жиі барады дегенді айтады. Сондықтан жасөспірімдер арасында осы сусындарды сатуға тыйым салу қажеттігін, сатылған жағдайда әкімшілік жаза тағайындау керектігін ұсынамын, – деген еді Сәкен Қаныбеков.
Алайда баяғы жартас, сол жартас күйінде қалды. Жыл сайын мыңдаған қазақстандық энергетикалық сусынның зардабын тартып жатса да, тиісті мекемелер еш шара қолданбай келеді. Соңғы рет энергетикалық сусынға қатысты заң 2013 жылы өзгерді. Онда «мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің жарлығы бойынша мұндай сусындарды мектептер, ЖОО, денсаулық сақтау ұйымдары, жастар мен жасөпірімдердің қатысуымен өткізілетін мәдени іс-шараларда сатуға тыйым салынады» делінген. Бүгінде бұл қаулының іс жүзінде нақты нәтиже көрсете алмағандығына анық көзіміз жетіп отыр.