Сені қалай қорғаймыз, бүлдіршін қыз?

Жуырда Маңғыстауда жантүршігерлік оқиға орын алды. Және әдеттегі түсінікке сай «шым-шытырыққа толы» қалада емес, айрандай ұйыған ауылда. Маңғыстау ауданына қарасты Сай-Өтес ауылында 12 мамыр күні кешкі сағат 20.00 шамасында үй маңындағы шағын дүкеннен өзіне қажетті әлденелерді алуға жүгіріп кеткен бала қыз қайтып оралмаған. Қолына тиын-тебен түссе «балмұздақ алам, кәмпит алам» деп дүкенге жүгіре жөнелетін бала біткеннің әдеті ғой, оның дүкенге кетуіне кәдуілгі шаруадай қараған үй ішіндегілер бастапқыда «достарымен ойнап жүрген болар» деп ойлайды да, арада бір сағаттан астам уақыт өткенде қызды іздей бастайды. Құлдыраңдай жүгіріп үйден шыққан бала ұшты-күйлі жоғалады да кетеді. Көрші-көлем, ағайын-туыс жабыла қарап, қора-қопсы маңына дейін жіті тінте жүріп, түнгі сағат 2-лер шамасында бүлдіршіннің өлі денесін табады. Әбден азапталып өлтірілген дене өз үйінен қашық емес, яғни көрші деуге боларлық үйдің сарайынан табылады. Сегіз жасар қыз балаға ойына келгенін жасаған белгісіз біреу оның ауыз-мұрнына, тыныс жолдарына топырақ құйып тұншықтырып өлтіреді. Бірақ, күдіктіні табу қиынға түспейді, адамдықтан безген ол жан – сол сарайдың иесі, бұрын үш рет үйленген, қазір де отбасылы, үйінде үш бала өсіріп отырған 26 жастағы азамат болып шығады. Қатыгез әрекет, үлпершектей қыз баланың аянышты өлімі ауыл тұрғындарын, барша маңғыстаулықтарды, тіпті құлағдар болғандардың барлығын есеңгіретіп жіберді. «Хайуанды жазалаймыз!» деп желпінген ауыл жігіттері де табылмай қалмады. Сөйтсек, әлгі қаражүрек сол ауылға өзге өңірден көшіп келіп, сауда жасап, күнін көріп жүрген отбасының азаматы екен. Ауылдың адамдарын іштартып, еркелей қарайтын ауыл баласы күнде көріп жүрген көрші ағай жылы жымиып еркелетіп тұрғасын, аңқылдап сеніп қалды ма екен, әлде қапияда шапқан хайуан таса жерге күшпен көтеріп кетті ме екен?! Әйтеуір, желкілдеп өсіп келе жатқан қызғалдақ-ғұмыр оқыста жұлынды, бір отбасының көңілінің нұры семді және қалай десеңізші?!. Жас өлімнің өкініші бөлек болар-ау, бірақ тағдырдың жазуымен науқасты болса, амал жоқ, ал үйден жаңа ғана жайраңдай күліп шығып, өлі денесі оралған, он екіде бір гүлі ашылмай жатып еңгезердей еркектен зорланып, күл-паршасы шыққан, аузы-мұрнына топырақ құйылып, азаппен өлген сәби өлімінің ауыртпалығы мен жан азабы айтпаса да түсінікті… Ауылда бұрынырақта бірнәрсені бүлді¬ріп алған іні-сіңлілерімізге қабақ шыта қал¬сақ, анамыз «жерден бауырын енді көтеріп, көзін енді ашқан күшік қой бұлар, нені білсін?» деп басу айтатын. Өмірдің мәнін түсінбеген, қатыгездікті ұғынбайтын және зорлық-зомбылық деген қаныпезерліктің бар екендігін білмейтін бүлдіршін атаулыға керегі әзірге тамақ, киім, ойын мен ұйқы ғана. Бірақ, бізде қазір солай ма? Балалардың ұрлануы, балалардың өлімі және педофилдердің жас балаларды зорлауы жиі болатын оқиғаға айналды. Тіпті, жиі-жиі «кішкентай қызды зорлап кетіпті» деп дүңк-дүңк еткен әңгімелер, ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар ессіздердің есірі¬гін арттырып, құмарлығын оята түсетіндей. Кейбіреулердің құлағына оң жағатын болу керек, келесіде өзі жасап көруге тырысады ма, кім білген? Немесе, психикалық ауру, нашақорлықтың кесірі ме, әйтеуір, көбейіп тұр… Ақтау қаласынан 300 шақырымға жуық қашықтықтағы, теміржол бойындағы Сай-Өтес ауылында соңғы төрт-бес жыл ішінде педофилдердің ойраны тұрақты орын алып келеді деуге болады. Бұдан төрт жыл бұрын пойыздан мас күйінде түсіріп кеткен жолаушы вокзал маңынан 12 жасар қызды далалық жерге күштеп алып барып, бірнеше сағаттар бойы қатыгездікпен зорлаған оқиғасы да елді дүр сілкіндірген. Педофил санаулы сағаттардан соң вокзалдан ұсталған болатын. Бұдан басқа он балалы отбасының отағасы және ауыл жас¬тарымен бірге өзінің ұл-қыздарын спортқа баулып, бірнеше додаларда топ жарған жаттықтырушы-әкенің үш қызын бірдей зорлап, тіпті біреуімен бірнеше жылдар бойы еріксіз түрде жыныстық қарым-қатынаста болып келгендігі әшкере болған еді. Айтуға әкесінен қорқып, үнсіз көніп келген қыздарды ақыры әкенің «ыстық құшағынан» сот ажыратты – зорлықшыл сотталып кетті. Ендігісі мынау… Құдай бетін әрі қылсын, бірақ «жаман айтпай жақсы жоқ», алда тағы кімді не күтіп тұр? Бұл тек қана Сай-Өтесте немесе Маңғыстауда емес, республикамыздың барлық өңірлерінде кездесетін және жылдан-жылға қарқын алып бара жатқан үрейлі құбылысқа айналды. Маңғыстау облыстық Ішкі істер депар¬таменті баспасөз қызметі хабарлаған мәлімет¬те департамент базасында педо¬филдікке қатысты 144 оқиға тіркелген, бұл оқиғалардың біреуінің «басты кейіпкері» жүйке жүйесі аурулары диспансерінде есепте тұрады екен, ал қалғандары кімдер? Өн бойын құмарлықтың құрты кеміріп, балғын денеден тоят іздегендерді кім деу¬ге болады? Ғаламтор қойнауын ақтарып отырсақ, бір ғана Ақтау қаласында жас қыздарға шабуыл жасаудың бірнеше деректеріне куә боламыз. Мысалы, 2012 жылы 24 жас¬тағы азамат Ақтау қаласындағы 5 шағынауданда қаңтардың 20 күні таңертең сабаққа кетіп бара жатқан 12 жасар қызды 9 қабатқа күштеп алып шығып, зорлаған. Сол жылы қыркүйек айында Ақтаудағы 12 шағынауданда белгісіз біреу 4 жасар қызды зорламақ болған. Арада үш күн өткенде бір жас жігіт 27 шағынаудандағы тұрғынүйлердің бірінің подъезіне екі оқушы қызды алып келген. Алайда, кішкене екі қыздың ортасында серейіп келе жатқан ер адамның жүрісінен сезіктенген өзге адамдар дереу тиісті орындарға хабарлап үлгереді. Ақтау қалалық ІІБ қызметкерлері оқи¬ғаға қатысты 23 жастағы жігітті ұстайды және 4 жасар қызды оңашалаған алдыңғы оқи¬ға да осы күдіктінің әрекеті болып шығады. Педофилдердің ісі қазір қаладан шы¬ғып, ауылдық жерлерге қанат жая бас¬тады. 2013 жылы Ақтау қаласының ір¬гесіндегі Ақшұқыр ауылында 51 жастағы ер адам ойнап жүрген 5 жасар қыз баланы кәмпит беріп алдап, үйге шақырып алып шешіндіре бастайды. Абырой болғанда шошына айқайлаған қыздың дауысын естіген көршілер құтқарып қалады. Ал, дәл сол жылы Мұнайлы ауданында 44 жастағы өгей әке 12 жастағы өгей қызын жыл бойы зорлап келгендігі анықталған. Тағы да осы жылы наурыз айында облыс орталығындағы 27 шағынауданда белгісіз ер адамнан 2-сынып оқитын қыз бала қашып құтылса, бір сағаттан соң 29 шағынауданда 3-сынып оқушысына шабуыл жасалған. Оны да жолаушылар құтқарып қалады, осы жолы 37 жастағы Ақтау қаласының тұрғыны ұсталады. Ал, Жетібай ауылында кешқұрым дүкенге барған 16 жасар қызды күштеп көлікке салып алып, біреуінің үйіне апарып зорлаған, сонан соң тағы 6-да танысын шақырып алып, қызды «сыйға» тартқандардың оқиғасы тағы бар. «Лада» газетінің сайты 2013 жылғы 11 наурыздағы хабарында «Ақтау қалалық ІІБ криминалдық полиция қылмыстық іздестіру бөлімі қызметкерлері «наурыз айының басынан бері осындай 10 оқиғаның тіркелгендігін айтты» деген дерек келтіреді. Сонда, он бір күннің ішінде он оқиға тіркелсе, жағдайды шамалай беруге болатын болар?! Ал, ҚазТАГ агенттігі сайтында 2013 жылғы 29 сәуірде жарияланған Мадина Алимханованың республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі Ғ.Жолдығұловпен жүргізген сұхбатында «2010 жылдың 9 айында елімізде 94 педофилдік дерегі тіркелсе, 2011 жылы осы мерзімде 111, 2012 жылы 248 зорлау және 120 жыныстық сипаттағы күштеу әрекеті тіркелген» деген дерек келтіреді. Республика бойынша да жағдайдың мәз емес екендігі көрініп тұр. Мұндай оқиғаларды және статистика деректерін тізбектей беру міндет емес, айтпағымыз – педофилдер неге көбейіп кетті? Және олардың тек қыз балаларға ғана емес, арасында ұл балаларға шабуыл жасауы да кездесіп қалады. Біз балаларды қалай қорғаймыз? Бүгінгі сұрақ та, мәселе де – осы. Әлі есімде, бала кезімізде біз жататын шопан балаларына арналған кеңшар орталығындағы интернатта әлдебір әңгіме тарады. Аудан орталығы Бейнеуде «ересек ер адам бес жасар қызды зорлап, өлтіріп, көпқабатты үйдің подъезіне отырғызып кетіпті» деп қорқынышты әңгіме айта¬тын жасы үлкен қыздар. «Зорлау» дегеннің мәнін түсінбесек те, әңгіменің үрейлі мәнері, қыздың өлтірілуі оқиғаның жақсы емес екендігін бірден сездіртетін. Кейіннен оқиғаға қатысты ұсталған азаматты «өлім жазасына кесіпті» дегенді де естідік, қор¬қыныш ұлғая түсті. Қалай болғанда да іске кінәлі саналып, абақтыға аттанған сол адам қайтып ауылға оралған жоқ. Содан кейін кішкентай қыздарды зорлау туралы әңгіме құлағымызға тиген жоқ, яғни жігіттер жағына осы оқиға және жазықтының ауыр жазалануы сабақ болған сияқты. Қазір педофилдердің «дәурені» жүріп тұр. Олардың көбеюіне бірінші жазаның жеңілдігі әсер етсе, екіншіден ақпараттың ашықтығы да өзіндік ықпалын тигізеді деп ойлаймыз. Мысалы, 10-15 жылға сотталған педофил тірі болса бәрібір оралады, келген соң өз ісін қайталамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондай-ақ, барлық ақпарат құралдарында жарнамаланғандай-ақ атыс-шабыс, кісі өлтіру, қыз зорлау, суицидке бару түрлері, т.б. қылмыстық оқиғалардың тынбай берілуі адамдардың оған бойын әбден үйретіп, психикасына тықпалап, құлағына сіңдіріп жібергендей. Жалпы педофилдермен күрес өзге мемлекеттердің де «бас ауруына» айналған, сол себепті олармен күрес немесе оларды жазалау қатаң назарда. Әдетте оларға қолданылатын жаза химиялық, хирургиялық кастрация мен өмір бойы түрмеге жабу. Деректер химиялық кастрацияның құмар¬лықты басатын психикалық-фарма¬кологиялық тәсіл, ол адамға анти-андроген дәрілер ішкізу арқылы жүзеге асады десе, хиургиялық тәсіл жыныс бездерінің тіндерін хирургиялық жолмен алып тас¬тайтын жол. Бірінші тәсіл Молдова, Польша, Оңтүстік Корея және АҚШ-тың бірқатар штаттарында жүзеге асырылса, екінші тәсіл Германия мен Чехияда жолға қойылған. Заңда қарастырылғанмен, оны да талқылап-сараптаушылар көп. Бір тарап «қылмыскердің құқы» дегенді айтып, оған мәжбүрлі түрде жасалмауы керек, оның келісімі қажет дегенді айтса, екіншілер «олар кәмелетке толмаған жасты, кішкентай баланы зорларда оның құқын ойлап, келісімін алып па еді? Оның өміріне қаншалықты нұқсан келтірді, тіпті бірқатары мезгілсіз ажал құшты емес пе? Оларға ауыр жазалар лайық» де¬генге саяды. Кастрация жасалған жан¬ның біржолата жыныстық қабілетінен айырылмайтындығын ескерсек, оның мұндай қылмысқа қайта айналып соғуы да әбден мүмкін екен. Бірақ, Чехияда кастрация жасалған 100-ге жуық қылмыскер 10 жылда бірде-бір рет аталмыш қылмысты қайталауға жол бермеген көрінеді. Көрші Ресей елінде де бұл – өзекті тақырып. 2009 жылы бұл елде түрмедегі мерзімінің төрттен бір бөлігін өтесе мерзімінен бұрын босататын заң тармағына сай босап шыққандардың 90 пайызы қылмысты қайталаған. Қайталаушыларды өмір бойы түрме күтіп тұрады және химиялық кастрация да қолданылуы мүмкін. Қазақстанда педофилдерге берілетін жаза – 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Біздіңше, жаза тек қылмыс жасаушыларды жәй жазалап қана қоймай, көз қорқыту үшін кем дегенде бір рет болса да кейінгіге сабақ болатындай дәрежеде болуы тиіс. Сонда ғана балалардың обалына қалып жүрген озбырлар аяғын тартуы мүмкін. Әйтпесе, қылмыскер мемлекеттен бөлінген қыруар қаржыға ішіп-жеп, түрменің төсегінде «шалжиып» жатып, мерзімі біткенде немесе әлдеқандай жеңілдіктерге ілігіп қайтып келері анық. Ал, ажал құшқан сәбидің обалы мен оның отбасы, туыс-туғандарының жан азабын, қасіретін кім өтейді? Кей кездері оқиғадан бірнеше күн өткен соң «күдікті» ұсталады, ал ол болса «мен емес» деп ақталудан танбаған күйі жазаланады. Жұрт арасында «кінәлі нақты сол ма?» деген сұрақ қалады. Ал, Сай-Өтесте орын алған оқиғада қылмыскерді ауыл тұрғындары тапжылтпай ұстап, нақты анықтап отыр. Дәлел-дәйек, кінәліні іздеп әреге түсудің қажеті жоқ. Осындай нақты анықталған қылмыскерді елімізде бір рет болса да ауыр жазаласа, өзгелерге сабақ болар еді. P.S. Ауыл тұрғындарынан жеткен мәлімет бойынша, қылмыскердің отбасын әзірге ашулы ауыл тұрғындарының арасынан алып кеткен. Ойда-жоқта кісі қолынан азапталып өлген бір отбасының жалғыз қызының денесі 14 мамырда жер қойнына тапсырылды. Хайуанның әрекетін естіген ел үрей құшағында. Оқиғадан соң ауылға молдалар келіп, уағыз-насихат жұмыстарын жүргізіп те кетіпті. Кісі өлтірушіні асыл дініміздің құптамайтыны, оның о дүниедегі жауабы мен жазасы ауыр болатыны діни ілімнен белгілі. Алла алдындағы жазасын әркім өзі-ақ тарта жатар, ал қоғам мен заң, адам алдында, ең бірінші нәресте рухы алдында қылмысына сай жазасы болуы тиіс.

egemen.kz
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста