Семіздік байлықтың белгісі ме?
Fast food, яғни жылдам тамақтану, одан да дұрысы – жүре тамақтану – Батыс елдері «өнертапқыштарының» ойлап тапқан дүниесі. Батыстың қаратаяқтары уақытты жүре тамақтанғаннан үнемдейміз деп ойласа керек. Алайда «асығыстық – шайтанның ісі» демей ме атам қазақ?! Дәл қазіргі таңда «фаст фудтың» адамзат баласына пайдасынан гөрі зияны көп болып тұр. Әсіресе, ел мақтаған АҚШ-та. Бұл елдің денсаулық сақтау саласындағылар үшін бүгінгі таңдағы №1 проблема семіздік дерті десе болады. Дәл осы қауіптің бүгінде қазақтарға да төніп тұрғанын медицина қызметкерлері жоққа шығармайды.
Шымкент қаласы тұрғындарының арасында ең жиі кездесетін ауру түрі – асқазан және өт аурулары. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, мұндай кеселдер негізінен дұрыс тамақтанбағанның салдарынан туындайтын көрінеді. Яғни шымкенттіктердің басым бөлігі бүгінде АҚШ-тағы секілді жылдам тамақтанғанды жөн көреді.
Түсінікті болу үшін айта кетейік, «фаст фуд» деп отырғанымыз – жүре жеуге өте қолайлы тағамдар (сан түрлі бургерлер, хот-дог, фри, чипсы т.б.). Жуырда Стокгольм университетінің ғалымдары жүргізген зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, «фаст фуд» фанаттарының барлығы дерлік түрлі онкологиялық ауруларға шалдығып жатады. Тіпті «жолым болды, қатерлі ісіктен құтылып кеттім» дегендерінің өздерінің жүйке жүйелері бұзылады екен.
Бүгінде Шымкент қаласында «фаст фуд» өнімдерін сататын сауда нүктелерінің дәл санын сізге ешкім айтып бере алмайды. Анығы, көше сайын, орам сайын кездеседі. Студент жастар да, мектеп оқушылары да сол орындардан тамақтанады. Ал оларға тыйым салып, жауып тастап жатқан мекеменің атын әзірге ешкім естіген жоқ. Өйткені мұндай құзырет әлі ешкімге берілмеген.
Иә, бүгінге дейін семіз болу қазақ үшін беделге саналмайтын. Беделге саналмағаны да «семіз ат – соғым, семіз адам – боғым» дейтіні. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген мақалдың астары да сан қатпар. Рас, бұл жерде «семіздік» дегеніңіз ең бірінші кезекте «бақ», «байлық» деген мағынада қолданылып тұр. Алайда осы мағынасымен ғана шектеліп қалсаңыз, оңбай қателесесіз. Тура мағынасында да семіздікті тек қой ғана көтере алады. Адамыңыз да, басқа мақұлықтарыңыз да семіздіктен берісі зардап шегеді, әрісі өліп тынады. Былқ етпейтін қой ғана. Аталарымыздың «семіздікті қой ғана көтереді» деуінде осындай да сыр жатыр.
Осылайша, кешеге дейін семіздікті жақтырмаған қазақтың бүгінде ері де, әйелі де ырсылдап, екі иығынан әрең демалады. Кешегі жіптей жігітіңіз бүгінде отызға жетпесе де күптей болған. Көзі қаламмен сызылғандай болып, әрең көрінеді. Әзілдеген болып тиісеміз. Байғұс шынын айтады. «Осынша семіргенде бір нәрсе қырып бара жатсам мейлі ғой, тамақты жеп те жарытпаймын» дейді. Сенбейін десеңіз, көзіңіз көріп отыр. Расында да, дастарқанды қырып бара жатқаны шамалы. Бірақ өлгенше семіз... Неге?
Бәтеш ОМАРОВ, Шымкент қалалық №1 емхананың бас дәрігері:
– Соңғы ширек ғасырда демей-ақ қояйын, соңғы онжылдық көлемінде анық байқалатыны – адамдар шамадан тыс семіріп бара жатыр. Оның себебі – сан қилы. Біреулердің табиғаты солай болуы мүмкін, біреулерге бұл кесел көп қимылдамағаннан жабысады. Ал ең бастысы, адамдар дұрыс тамақтанбайды. Осыдан келіп қалада бауыры, өті, асқазаны ауыратындардың саны көбейіп барады. Біз бұл үш кеселді де кешенді түрде емдейміз. Демек, дұрыс тамақтанбау – барлық аурулардың алғышарты.