Семейде жаңа цех іске қосылды
Семей қаласының іргесіндегі «Прииртыш бройлер құс фабрикасы» ЖШС жаңа технологиялармен жабдықталған инкубация, құс сою және ет өңдеу цехын іске қосты. Бұл шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Ел нарығында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын өндірістік модернизациялаудың бірнеше сатысынан өткен. Нәтижесінде, жылына 8 мың тоннаға жуық тауық еті мен өнімдерін өндіруге қол жеткізіп, облыс тұрғындарының құс етіне деген 40 пайыз сұранысын қамтамасыз ете алды. Келешекте бұл көрсеткішті жылына 12-15 мың тоннаға дейін өсіру көзделген.
– Біздің басты мақсатымыз – елімізді сапалы, әрі арзанқол азық-түлікпен қамтамасыз ету. Сондықтан өндіріс өнімділігін жоғарылату үшін шетелдің бір орталықтан басқарылатын автоматтандырылған ең озық технологияларын пайдалануға көштік. Сол арқылы Елбасының айтқан индустриалды-инновациялық бағдарламасын іске асырып жатырмыз деп ойлаймын. Бұған қоса, фабрика жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын көтеру де қаперімізде. Шамамыз келгенше оларға көмектесеміз, – дейді «Прииртыш бройлер құс фабрикасы» ЖШС-ның директоры Бейсенғазы Тастекеев.
Бройлер балапандарын өсіру көрсеткіші бойынша елімізді былай қойғанда, ТМД шеңберінде ең үздік деңгейге көтерілген семейлік құс фабрикасының келешегі зор. Балапан бағудың бабын білетін білікті мамандар айналасы 42 күннің ішінде бройлерлердің салмағын 2,2-2,4 келіге дейін жеткізеді.
– Егер біз дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат етсек, ғылымның, жаңа технологиялардың жетістіктерін меңгеріп, кәсіпорындарға енгізуіміз қажет. Фабрикаға орнатылған әлемдік стандарттарға сай заманауи құрал-жабдықтар шығынды азайтып, өнімді молайтуға көмектеседі. Осы жаңарту жұмыстарына 800 млн теңгедей қаржы жұмсалды, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құс фабрикасындағы цехтың ашылу салтанатында.
Қазіргі уақытта 372 адам жұмыс істейтін құс фабрикасының аумағында – инкубатор, 39 бройлер балапандарын өсіру корпусы, құс сою және ет өңдеу цехы, тоңазытқыш қоймалар, жемшөп цехы, жылу қазандығы, жөндеу шеберханасы сияқты ғимараттар орналасқан. Кәсіпорын 2006 жылдан бастап ISO 9001:2000 стандарты бойынша жұмыс істеп келсе, былтырғы маусым айында UKAS-та тіркелген «Bureau Veritas Certification» компаниясы ISO 9001:2008 халықаралық стандарт талаптары бойынша фабрикада ре-сертификациялық аудит жүргізген.