Мемлекеттік қызметшілердің масқара жазбаларын жергілікті қоғам белсендісі Ербол Бекбосын Facebook-тегі парақшасында әшкере етті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Экспресс К-ға сілтеме жасап.
Қостанай облысында Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Whatsapp мессенджеріндегі статусында "Я за Z" деп жазса, сол ауданға қарасты Ақшығанақ ауылының әкімі сексуалды мазмұндағы жазбаны жариялаған.
"Торғайда қайдан даму болады дейсіздер. Аудан басшылығының істеп отырғаны мынау. Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Бидашев Дінмұхамет Серікұлы орыс пен украин халқының ара-жігін бөліп, орыстарды қолдап отыр. Ал Ақшығанақ ауылдық округінің әкімі Сабыржанов Жарқын сексуалдық ақпаратты жариялады", — деп жазды Ербол Бекбосын.
Экспресс К тілшісі пост авторымен байланысып, жазба туралы сұрап білді. Ерболдың айтуынша, аудан басшылары оған хабарласып, жарияланымды алып тастауды өтінген. Алайда ол бас тартыпты.
Бұл жазбалар туралы Мемлекеттік қызмет істері департаменті де, аудан басшылығы да әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.