«Сэконд хэндтен» сақ болыңыз!
Қазіргі таңда республиканың ірі қалаларындағы сауда кешендері маңында Еуропа, Америкадан әкелінген «сэконд хэнд» киімдерін сататын дүңгіршектер көбейіп кетті. Жалпы «сэконд хэнд» қайдан шыққан? О баста Ұлыбритания монархиялық әулеті киіп тастаған киімдерін «үшінші сортты» елдерге өткізу мақсатында бір орталыққа жинап, экспорттапты. Содан бастап дамушы мемлекеттер мен үшінші деңгейдегі елдерге Еуопа мен Америка тұрғындарының ескі киімдерін жіберу белең алып, "сэконд хэнд" ауқымды сауда саласына айналған.
Қазақстанның ірі қалаларында сэконд хэн дүкендері көп дедік. Сауданың бұндай түрінен түсетін пайда да әжептәуір. Бірақ «сэконд хэнд» сатушысына ақшалай пайда түсіргенімен тұтынушыға тигізер зияны көп екенін шет елдік мамандар айтып та, жазып та жүр. «Сэконд хэнд» киімдері саудаға түспес бұрын химиялық өңдеуден өткізілсе де материалдың арасына енген кейбір бактериялар өлмеген күйі тіршілігін жалғай береді екен. Соның салдарынан біреу киіп тастаған киімді пайдаланған адам биттеп, қышыма, астма, теміреткі, т.б. ауру жұқтырады. «Сэконд хэнд» саудасы дамушы елдерде кеңінен етек алды. Қазақстанда Сырттан әкелінетін ескі киімдер қай деңгейде сатылып жатқаны белгісіз. Ал Украинда халықтың 60-80 пайызы осындай тауарды тұтынады екен. Ескі киімдердің алушысы негізінен зейнеткерлер мен студенттер көрінеді. Дәрігерлер «сэконд хэнд» киімдері денсаулыққа зиянды формальдегидпен өңделетінін айтады. Ал бұл химиялық зат ағзаға түскенде тыныс алу мүшесіне, жүйке жүйесіне, жалпы іш құрылысына оңдырмастан зиян тигізеді. Бүгінде сыртына бадырайтып «сэконд хэнд» деп жазып қоймаса киім дүкендеріндегі тауардың қайсысы «сэконд хэнд», қайсысы жаңа киім екенін ажырата алмастай күнге жеттік. Өйткені еуропалық ескі киімдердің химиялық жолмен жақсылап өңделетіні сонша, фабрикадан жаңа шыққан су жаңа киім тәрізді көрінеді кейде. Зерттеушілер кез-келген адамның «сэконд хэнд» дүкеніне кіріп, тыныс алғанның өзінде астма ауруына ұшырауы қауіп жоғары екенін айтуда. Ал бәрінен сұмдығы сол, шет елден әкелінген, біреудің киіп тастаған киімін үстіне ілген адам қатерлі ісіктің бірнеше түріне ұшырайды. Өйткені "сэконд хэндті" өңдеуде пайдаланылатын формальдегид — қатерлі ісікті тудыратын қауіпті канцерогендік зат болып табылады. Жалпы киімнің қандай түрі болса да, мейлі ол жүннен тоқылған жемпір, мейлі жұқа блузка немесе көйлек болсын, алғаш киген адамның бактерияларын «сіңіріп», келесі пайдаланған кісіге тасымалдайтыны айтпаса да түсінікті. Биыл көктемде басымнан мынандай оқиға өткен еді. «Барахолка» деп аталатын хан базарды аралап жүріп, өзіме лайық шалбар іздедім. Түсі сәйкес келсе өлшемі сай болмай, өлшемі дұрыс болса түсі ұнамай, бірнеше сағат босқа сабылдым. Содан шаршап базардан шыға бергенімде бір бұрышта толықтау әйел шет елдік шалбардың небір түрін үйіп тастап, бірдей бағамен сатып жатыр екен. Қуанып кетіп, көп шалбарға жақындадым. Үйіндінің арасынан өзіме керек шалбар оңай табыла кетті.
Күн салқын болғандықтан химиялық иісін сезбеппін сол сәтте. Үйге әкелгенде тосын иіс шыға бастады әлгі шалбардан. «Сэконд хэнд» деген ойымда жоқ, фабрикалық бояудың иісі шығар деп, жоғарғы температурадағы сумен әбден жудым. Сыртқа жайып кептірдім. Содан әлгі шалбарды кигенім сол еді, жүрегім лоблып, басым айналды. «Осы түрік, қытай, италияндық киім» деп сатып жатқаны сэконд хэнд емес пе?" деген күдікті ой келді. Есіме түрлі ақпарат құралдарынан оқыған "сэконд хэнд" киімін киген соң неше түрлі апатты жағдайға ұшырап, психологиялық ауытқуға душар болып, т.б. ескі киімнің бұрынғы иесінің тағдырын қайталаған оқиғалар түсіп, бойымды үрей биледі. Демек, әйгілі базарлардың өзінде жаңа киімдердің арасында «сэконд хэнд» тауралары да бар деген сөз. Әлгі шалбарды пакетке салып, қоқыс жәшігіне апарып тастадым.
Достар, дүкендер мен базарлардан киім таңдағанда абай болайық. Арасында «шет мемлекеттен әкелінген су жаңа киім» деп сатылатын заттардың арасында (кейбіреуі этикетка жапсырып сатады) әбден киіліп, қалың бояуға матырылған «сэконд хэнд» өнімдері де бар екен. Ақшаны үнемдеймін деп, денсаулығыңызға нұқсан келтіріп алмаңыз. Тілеп алған аурудың жазылуы қиын екенін естен шығармаңыз.