Шекарадағы Марқакөл жеке аудан бола ма?
Шекара шебіндегі, елдің шеті, желдің өтіндегі бұрын өз алдына аудан болған өңірдің тұрғындары «ауданымыз қайта ашылып, айымыз оңынан туар ма екен?» деген үкілі үміттің жетегінде жүр. Әсіресе, марқакөлдіктердің ең басты арманы да – осы.
Президент пәрмен берді, Үкімет неге үнсіз?
Иә, бұған себеп те жоқ емес. Былтыр қараша айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Президент шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасын дайындау туралы тапсырма беріп: «Шекара маңын бос қалдыруға болмайды. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын» деген болатын.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров мұны тағы да Үкіметтің есіне салып, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. «Шығыс Қазақстан облысының үш шекаралық Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарын ашу мәселесін шұғыл шешу керек» деп мәселені төтесінен қойған депутат бұрынғы Катонқарағай ауданындағы 22 мың халықтан 5, Марқакөл ауданында 25 мың халықтан 8, Тарбағатай ауданында 45 мың халықтан 19 мың адам қалғанын жеткізді. «Азаматтардың көшу процесі әлі де тоқтаған жоқ. Алдағы 5 жыл ішінде тек Катонқарағай ауданында 13 ауыл бос қалуы мүмкін. Халықтың үдемелі көшу процесін тоқтатпасақ, 10 жылдан кейін Израиль мемлекетінің аумағымен тең Марқакөл, Катонқарағай аудандарында 500 тұрғындай ғана қалады», – деді халық қалаулысы.
Десек те Президент пәрмен бергенімен, Үкімет әзірге үнсіз. Бұл мәселеге байланысты позициясын білдірген жоқ. Ал шекаралық аймақтағы тұрғындар Ақорда мен Үкіметтен үлкен үміт күтіп жүр. Жақында бұрынғы Марқакөл ауданының бір топ тұрғыны Президенттің атына бейнеүндеу жолдап, Марқакөл ауданын қайта қалпына келтіруді талап еткен петиция жариялады. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырамыз деген бастамаңызға үміт арта отырып, Марқакөл өңірін қайта қалпына келтіруді ұсынамыз. 1997 жылы аудан тарағаннан кейін шаруашылықтар тоқтады, кәсіпкерлік әлсіреді. Аудандық ауруханамыз да жабылып тынды. Үкіметтен үміт үзген ел орталыққа үдере көшті. Бүгін Марқакөл өңірінде аудан халқының үштен бір бөлігі ғана қалды. Қазір қай жағыңа қарасаң да, игерілмеген егістік, бос қалған үйлер, құлаған балабақша. Көп мәселенің жалғыз шешімі – Марқакөл ауданын қайта қалпына келтіру. Қазір көршілес жатқан Қытай елінің түнгі шамдары жарқырап, тордың арғы жағында елді мекендер саңырауқұлақтай өсіп жатса, біз жақтағы үйлердің шамы жылдан-жылға кеміп барады. «Бос жатқан жер жау шақырады» демекші, шекаралық аудандарды бос қалдыру қандай саясат екеніне халықтың миы әлі жетпей жүр. Егер аудан қалпына келтірілсе, біздің табиғаты көркем, қойнауы қазынаға толы Марқакөл ауданы да еліміздің дамуына өз үлесін қосатынына сенімдіміз» делінген бейнеүндеуде.
Марқакөлдің мүмкіндіктері
«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, «егер аудан құрылған жағдайда ол өзін-өзі ақтай ма, аяғынан қаз тұрып кете ала ма?» деген сауалдардың да туындайтыны заңдылық. Осы сұрақтарды кезінде Марқакөл өз алдына жеке аудан болғанда әртүрлі қызмет атқарған азаматтар, экономистер мен кәсіпкерлерге қойдық. Кеңес заманында Тарбағатай, Марқакөл, Катонқарағай, Күршім өңірлерінде басшылық қызметтерде жұмыс істеп, 10 жылға жуық Тарбағатай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы болған Сайлаухан Аухадиев пайдалана білсе, Марқакөлдің әлеуеті зор екенін айтады. Шекаралық аудандарды бес саусағындай білетін ақсақалдың пайымынша, Марқакөлде туризм мен кен орындарын былай қойғанда, мал, балық, марал, бау-бақша және орман шаруашылықтарын дамытуға мүмкіндік мол. «Марқакөл – мал шаруашылығына қолайлы аудан. Әсіресе, қой, жылқы өсіруге. Кезінде Қаба совхозында асылтұқымды жылқылар көп болды. Марқакөлдің шөбі шүйгін. Марал өсіруге де болады. Марқакөлдің ұшқыш балығы (ускуч) өз алдына, Қара Ертістің бойы балық шаруашылығын өркендетуге сұранып-ақ тұр. Бұл өңірде суармалы жерлер көп. Бау-бақшаға аса қолайлы. Кезінде Қалжыр өзенінде кішігірім ГЭС болғанын айтады. Соны қалпына келтірсе. Марқакөлде орман қоры да мол. Құрылыс материалдарын да көптеп дайындауға болады», – дейді ол.
Марқакөл өңірінің Қаба совхозында 18 жыл мал дәрігері, 15 жыл зоотехник болып еңбек еткен Әділхан Бекбосынов: «Кезінде 25 мыңға дейін қой өсірдік. Марқакөлдің мал шаруашылығындағы әлеуеті зор. Соны дұрыс пайдалана білу керек» деп өз пікірін білдірді.
Марқакөлдің тумасы, қазір Алматы облысында қызмет атқарып жүрген кәсіпкер Нәсимолда Бакиннің пікірінше, өңірде қазба байлықтың қоры да аз емес. «Қалжыр өзенінің бойында «Қаршыға» деген кен орны бар. Ол жерде төрт-бес компания бар. Қазір Маңқан, Жалаңаш деген жерлер ашылып жатыр. Осы кен орындарының өзі-ақ аудан бюджетін толықтырады. Аудан құрылса, өз күнін өзі көріп кетеді» деп Марқакөлдің тағы бір мүмкіндігін меңзеген кәсіпкер Алматы облысында жаңадан құрылған Райымбек ауданының тәжірибесін шығыста да енгізсе деген ұсынысын жеткізді.
Оның ойынша, Марқакөл ауданы қайта құрылған жағдайда мұндағы бұзылып кеткен бұрынғы ғимараттарды қайта қалпына келтіруге облыстың өзге аудандары көмекке келуі керек. «Кеген мен Райымбек аудандары бөлініп, орталығы Нарынқол ауылы болып, Райымбек ауданы қайта құрылғанда Алматы облысының басшылығы өңірдегі аудандарға ғана емес, жергілікті ірі компанияларға осындай өтініш жасады. Райымбек ауданы Үкіметтің қаражатынсыз-ақ құрылды. Мәселені облыс әкімінің өзі-ақ шешті. Жергілікті халықтың өтініш-тілегін ескерді. Мұны шығыста да неге жасамасқа? Бұл кезінде Үкімет басқарған, тәжірибелі басшы Даниал Ахметовтің қолынан келмейді дегенге өз басым сенбеймін», – дейді Нәсимолда Бакин.
Белгілі экономист, сарапшы, GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры Мақсат Халық та осы пікірде. «Халықтың аудан орталығын қайта құру туралы ұсынысы орынды деп ойлаймын. Негізі, шекаралық аймақтағы аудандардың өз алдына дербес болғаны дұрыс. Өңірлік басқарудың осы сценарийін әлемдік тәжірибеде жақсы қолданады. Адамдар аз қалды деп аудандарды біріктіре бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Мәселен, Райымбек ауданын қайта құрар кезде: «Жеке аудан болу үшін 50 мың халық болуы керек, оған адам саны жетпейді» деген әңгімелер болды. Бірақ Алматы облысының басшылығы халықтың мүддесін бірінші орынға қойып, адам саны жетпесе де аудандарды бөлді. Нарынқол өңірі қазір қайтадан жандана бастады. Осы тұрғыдан алғанда шекаралық аудандардың өзге елмен шектесетінін және жергілікті тұрғындардың экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында бөлек аудан ретінде қарастырған дұрыс. Бір мысал айтайын. Алматы облысының шекаралық аймағындағы Саты ауылы қазір ең кәсіпкері көп ауыл болып отыр. Әрбір үй қонақ күтеді. Марқакөлдің көл жағасындағы ауылдарын осы Саты ауылының үлгісінде неге дамытпасқа? Егер Марқакөл аудан ретінде құрылып жатса, осы аймақтағы азаматтардың еңбекақысын бір жарым ставкаға көтеру, көшіп баратын адамдарға жеңілдікпен үй беру, ауыл шаруашылығымен шұғылданамын деген азаматтарға жер беру, 50 пайыз жеңілдікпен несие қарастыру секілді мәселелерді ойластырған жөн», – дейді ол.
Ауылға баруға дайын отырған азаматтар
Егер Марқакөл аудан ретінде құрылса, туған топырақтарына бет бұрып, елді мекендегі елді ыдыратпай сақтау үшін шаруашылық ашып, жерлестерін жұмыспен қамтуға ниет білдіріп отырған кәсіпкер азаматтар да жоқ емес. Мәселен, Марқакөлдің Қарой ауылының тумасы, қазір Алматыда тұратын кәсіпкер Жомарт Сайболатовтың өз ауылын қайта түлету үшін жылқы және қаз шаруашылығын ашпақ ойы бар. «Алатаудың баурайында тұрсақ та, туған жеріміз – Алтайымыздан кіндігіміз үзілген жоқ. Қаройдың жазы – салқын, қысы – жылы. Суы мол, шөбі қалың. Жылқы өсіруге өте қолайлы. Қаройдың маңында бұлақ көп. Сол бұлақтарды бөгеп, шағын су қоймасын жасап, қаз өсіруге де болады. Жазы жаңбырлы. Егін егуге де болады. Бұл жақта бал арасын өсіруге де мүмкіндік бар. Қарой өңірінде 40-тан астам гүл гүлдейді. Әртүрлі шөптен неге бал жинамасқа? Мұнда ағылшын тұқымды жылқыларды да өсіруге болады. Өзім Қаройға 40-50 ағылшын тұқымды биелерді әкелсем бе деген ойым бар. Қазір Ертіс жағасындағы Боран ауылында қаз өсіріп отырмын. Соны ақырындап туған ауылыма көшірсем бе деген жоспарым бар», – дейді кәсіпкер.
Осы ауылдың тағы бір тумасы Нәсимолда Бакин Қаройды жандандыру үшін алматылық достарымен бірлесіп, марал шаруашылығын ашқысы келетінін айтады. Әрине, шаруашылық ашылса, біріншіден, ауылдың бірнеше тұрғыны жұмыспен қамтылып, екіншіден, мемлекетке де салық түсетіні анық. «Жұрт Катонқарағайға не үшін барады? Бұғының мүйізіне түсу үшін, емделу үшін барады. Катон мен біздің Марқакөлдің табиғаты бірдей. Осындай емдеу орнын неге Марқакөлде ашпасқа? Биыл жазда елге келгенде Марқакөлдің сай-саласын асықпай аралап шықтым. Сонда кезінде Марқакөлдің бүкіл совхоздары жылқысын бағып, егін еккен құнарлы жерлердің қараусыз, ен жатқанын байқадым. Бірақ сол жерлердің бәрін совхоз тарағаннан кейін ауылдың адамдары ұзақ жылға жалға алған. Өздері баяғыда қалаға, Өскеменге көшіп кеткен. Жерді сұрасаң, «менікі» деп шыға келеді. Өздері не мал ұстап отырған жоқ, не шөбін шауып отырған жоқ. Мемлекет соның бәріне инвентаризация жасап, кімнің жерді пайдаланып, кімнің пайдаланбай отырғанын анықтаса, жерді дұрыс пайдаланбай жүрген тұрғындар Үкіметке қайтарып берсе. Ауылға көмектесеміз, марал шаруашылығын дамытамыз деп отырған іскер жігіттерге айдаладан емес, сұраған жерлерін беруге көмектессе жөн болар еді. Мәселен, алматылық жігіттер марал шаруашылығын Қалжыр өзенінің маңынан ашқысы келеді. Жер мәселесі шешілсе, жігіттер іске кірісуге әзір», – дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ
Шығыс Қазақстан облысы