Сейтхан ЖОШЫБАЕВ, медицина ғылымының докторы, КСРО Денсаулық сақтау үздігі: «Қырғыз дәрігерлері біздің дәрігерлерге қарағанда мейірімді келеді»

Сейтхан ЖОШЫБАЕВ, медицина ғылымының докторы ©Алтынбек ҚАРТАБАЙ (фото)

-Мектеп қабырғасынан кейін көршілес қырғыз еліне оқуға түстіңіз, содан соң еңбек жолыңызды аталмыш елдің Нарын қаласында бастадыңыз, неге елге келмей, ұзақ уақыт қырғыз жерінде қызмет еттіңіз?
-Қырғызстанда ұзақ жыл қызмет еттім.1956 жылы мектепті тамамдаған соң, Қырғызстанға оқуға түстім. 1962 жылы оқуды аяқтадым. Содан сол елде қызмет етудің сәті түсті. Кейін зейнетке шығып, бәрін түйіндеп, елге қайттым ғой. Ауылда ағам қалған болатын. Ол кісі қазір өмірден озды. Сол ағамның артында қалған балаларына бас-көз болу керектігін түйсіндім. Бір жағынан зейнетке шықсам да қайратым барда, бойымда білімім жеткілікті болып тұрған шақта елге еңбек етейін деп те ойладым. Өзімді ауылға, елге қарыздар секілді сезінгенім де бар. Алматыға, Астанаға кел деген біршама ұсыныстардың болғанын жоққа шығармаймын. Елбасы Н. Назарбаевқа хат жазып, ешқайда бармай-ақ, елге, туған жерге барып жұмыс жасауды сұрандым. Ол кісі қолдау білдірді. Үйдегі апаң «елдің бәрі Алматыға, Астанаға ұмтылса, сен ауылға қашасың, қызық» деп те айтты. Мен келер кезде елдің көбі Жамбыл жері әлеуметтік-экономикалық жағынан кейіндеп қалған дегені бар. Тым құрығанда жүрекке ота жасау жағын, жүрек хирургиясын, кардиохирургияны қолымнан келгенше көтерейін деп тұжырым жасадым. Осылайша жекеменшік негізде кардиохирургия орталығын аштым. Әйткенмен денсаулық сақтау министрлігінде кеңесші-координатор болып қызмет еттім. 2007 жылы Елбасы кардиологияны, яғни кардиохирургияны мықтап қолға алып, өңірлерде дамытуды тапсырды. Бұл өзі бір осы саланы қолдауға бағытталған бағдарлама еді. Сол кезде барлық өңірлерде болып, аталған мәселені жүзеге асыру үшін, орталық ашу үшін қандай мүмкіндіктер жасалды, аппаратура қаншалықты жеткілікті, операция залдарының жағдайы қандай, шама шарқымыз қай деңгейде деген сұрақтарға жауап табу мақсатымен мәселені жан-жақты зерделегенім бар. Сосын осы жерге келіп, жұмысты бастап кеттім. Жекеменшік десе елдің бәрі алыпсатарлар сияқты бизнес ұйым деп ойлайды. Алайда менің мақсатым мүлде басқа. Елге сапалы қызмет етуім керек. Жүрек отасын жасау жағынан елімізге, қала берді өзге мемлекеттерге біліктілік тұрғысынан өзін таныта алатын, жастарға жақсы тәжірибе көрсетіп, оларды тәрбиелей білетін орталық ретінде өзімізді көрсетуді мақсат еттім. Бастапқыда кардиохирургия орталығы болып ашылғанымызбен, негізгі мақсат – ғылыми клиникалық орталық ретінде қалыптасу болды. Трасплантологияны дамытуды көздедім. Бастапқыда 4 жылдың бедерінде сол үдеден шығамыз деп ойлағанмын, алайда қаржы жетпей, биыл ғана әлгі айтқан дәрежеге жетіп, атымызды өзгерттік. Бізде тек қана практикалық тұрғыдан емес, сонымен қатар балаларды оқыту, яғни, интернатура, резидентура, докторантура тұрғысынан білімдерін шыңдауды да қолға алдық. Осы мақсатта Түркістандағы халықаралық универстетпен келісім-шартқа отырдық. Бізден практикадан өтеді. Сосын балалар келіп, резидентураны оқиды. Бұдан бөлек, Алматыдағы Асфендияров атындағы университеттің түлектері де бізге келіп, резидентура, докторантураны оқып жатыр. Олар бірнеше жл кардиохирургияны оқып, меңгереді.
-Үлкендерді былай қойғанда жаңадан туылған сәбилердің өзі туа бітті жүрек дертімен жарық дүниенің есігін аттап жатыр, одан кейін жас балалар да жүрек сырқатына шалдығуда. Мұның қандай себебі бар?
-Ондай балалар бұрында да бар болатын. Оны аномалия деп қояды. Бүгінде мың балаға шаққанда бір бала туа бітті жүрек дертімен дүниеге келеді. Бұл енді дәрігерлердің диагноз қоюдағы кейбір қателіктерінен көп болып көрініп жатыр. Шынтуайтына келгенде олардың қарасы көбейіп кетті деп кесіп айтуға болмайды. Туа бітті жүрек дертімен дүниеге келген сырқат балалардың алуан санаты бар. Олардың кейбірін туылғаннан кейін 3 айдың көлемінде емдемесе, майып болып қалады. Сондықтан қазір жаңадан туылған балаларға ота жасау біздің алдымызда тұрған үлкен мәселе. Ота жасау бір қарағанда оңай көрінеді. Алайда нархозды дұрыс беріп, операция барысында бала ағзасын қалыпты ұстап, отадан кейін тағы да тұрақты бақылау үлкен қиындықтар туындатады. Бұл тұрғыдан келгенде көп мәселе баланың салмағына да байланысты. Оның салмағы неғұрлым жеңіл болса, соғұрлым аман алып шығу қиынға соғады. Дәл қазір біздің 5-6 келі салмақ дәрежесіндегі балаларға ота жасап, олардың жағдайын қалыпқа келтіруге мүмкіндігіміз жетіп қалды. Бұрын 8 келі болса, енді 5-6 келіге түсірдік. Енді одан да төмен түсіру керек. Өйткені, айына жетпей туылған сәбилер тым жеңіл болып келеді. 4, 3, 2,5 келі балаларға дер кезінде ота жасамасақ, олардың шейіт болу қауіпі басым.
-Аға, осы біздің елдің сырқаттары кей жадайда Қырғызстанға барып емделіп жатады. Бұл қырғыз медицинасы отандық медицинадан мықты дегенді білдіре ме?
-Кезінде мен сол қырғыз елінде жұмыс жасап жүргенде Қазақстанның әр түкпірінен сырқаттар келіп, ота жасатып жататын. Қазірде травматология, ортопедия саласы бойынша көршілес елдің медицинасына жүгініп жатқандар баршылық. Бұрын шын мәнінде олардың дәрігерлері қатал режимде білім алғандықтан өз ісінің шебері болып шығатын. Ал қазір біздің медицина саламыз олармен теңесіп қалды. Дегенмен, бұрынғы жақсы деген аты, деңгейі оларға әлі де жұмыс жасап тұр. Олардағы бір айта кететін жайт, бұрыннан қалыптасқан дәрігерлер құрамының сырқатқа деген мейірімділігі, мәмілесі, ішкі тәртібі, адамгершілік мәмілесі жоғары деңгейде сақталған. Бүгінде менен адамдар келіп, өз дерттері бойынша ем іздегендер «таныстарыңыз бар ма?» деген сұрақтармен қайырылып жатады. Сосын оларға барып, дертіне дауа тапқандар дән риза болады. Профессорлар, академиктеріне дейін өте қарапайым ол жақтың. Ал бізде дәрігерге кірудің өзі кейде қиынға соғады. Сырқаттар әлі күнге дәрігерлердің өздерін кейде жоғары ұстайтындығын айтып қалатыны бар. Ал ауру адам қашанда мейірімділікті күтетіні белгілі. Қырғыздар сол қолжетімділігімен басып кетеді. Жоғарыда келтірілген факторлардың барлығы қырғыз докторларының беделін арттыра түсетіні ақиқат.
-Бүгінде еліміздегі трансплантацияға көңіліңіз тола ма? Жалпы қай деңгейдеміз?
-Трансплантация туралы мана айтқанымдай 2007-2009 жылдары Елбасының қолдауымен бағдарлама қабылданды.Содан айналдырған 3 жылдың бедерінде барлық облыста жақсы дами бастады. 2004 жылдары біз 5 облыста аймақтық орталық ашып, кардиохурургияны оң жолға қойсақ деп ойлайтынбыз, армандайтынбыз. Алматыға әр облыстың балаларын шақырып алып, тәжірибемізбен бөлісетінбіз. Сол кезде іске аспаған шаруа 2007-2009 жылдар аралығында тез-ақ іске асты. Үкімет мықтап қолға алса, түк емес екен.Бүгінде технология дамыды. Күні кеше ғана донорлық жүректі Алматыдан Астанаға ұшақпен апарып, салып жатыр. Бұл ретте жаңа аппараттарды игеру тұрғысынан жастардың дайын екендігін, жақсы екендігін байқадық. Әлбетте бастапқыда өзге мемлекеттің мамандары көмектесер, әйткенмен жас кадрлар соны тез меңгеріп алғаны қуантады. Алайда біз әлі де бір мәселеде ақсап тұрмыз. Ол қазақтың менталитетінен де болар. Адам жол апатынан, болмаса басқа да қиын жағдайда қаза тапса, біз оның тәнін ашып, зерттеуге беруге құлықты болмай тұратынымыз бар. Миы езіліп кетсе де, мәйіттің бауырын, жүрегін, бүйрегін алып, сырқат адамға салуға болады. Ал біз оған рұқсат бермейміз. Бұның бәрі бір жағынан заңның әлі де тура еместігінен болса, екінші жағынан қазақтың менталитетінің әлі де дайын еместігін аңғарта түседі. Әйтпесе ТМД елдері қаржыны да, жеңілдікті де жасаудай ақ жасап жатқанын айтпай кетуге болмас.
-Бүгінде қай өңірде болсын, ана мен бала өлімі өршіп тұрғаны ақиқат. Осы тұрғыдан келгенде бұл медицина саласы мамандарының біліктілік деңгейі әлі де қалыпты емес дегенді аңғарта ма?
-Біріншіден адам өз денсаулығына өзі жауапты болуы керек, екіншіден жұмыс жасаған мекеме назар салуы қажет. Ал үшіншіден, мемлекет қамқорлық жасауы тиіс. Бұл мәселені депутаттар қарап та жатыр. Өкініштісі сол, қазақ өзі әбден ауырып, құлайтын жағдайға жетпейінші дәрігердің көмегіне жүгінбейді. Автокөлігінің құрылымдары істен шықсыншы, бірінші кезекте электриккке барып, соны жөндетеді. Ал, өз денсаулығына келгенде жата беріс қарайтыны ақиқат.
Енді балалар мен аналардың өлімі туралы айтар болсам, бұл тұрғыда жүрек дертінің де әсері болғандықтан, жақсы көңіл бөлініп жатқаны тағы бар. Ай сайын министр өткізетін селекторлық кеңесте де осы мәселелер қозғалады. Біздің бір жаман жеріміз, ереже бойынша бәрі әдемі жазылған. Халықаралық стандарт дейміз, қай жерде қандай маман болуы керек,  қандай кабинет болуы қажет, айталық жүрек ауруларын қабылдайтын кардиологиялық кабинет, онда қандай аппаратура болу керектігіне дейін көрсетілген.Алайда аудан орталықтарында, ауыл аймақтарда кардиологиялық кабинет болса, онда жүректі тексеру үшін қажетті велосипедтен бастап, жүгіру жолағы, жүректі зерделейтін УЗИ аппараты дегендер жоқ. Олар болса, маман жоқ. Осындай бір кемшіліктеріміз бар. Біз Алматы мен Астана арасын жол қылып, қажет болса, донорлық жүректі тасымалдап та алмастырамыз. Ал алғашқы көмек көрсететін жаңағындай мекемелерде біраз жағдай жасалмаған. Әлгі шалғайдағы Мойынқұмнан тексерілу үшін осы таразға келеді мәселен. Бұл қаншалықты дұрыс? Оған уақыт, қаражат керек. Өзі сырқат адам болса, оған оңай соғады ма? Міне біз осы мәселелерді реттестіруіміз керек-ақ. Өткенде ғана Елбасы қазынаның қаражаты игерілген жоқ деп біраз шенеунікке «сыбағасын» берді. Қаржы қалай игерілмейді, түсінбеймін. Қарап отырсаңыз, кабинеттер толығымен жабдықталмаған. Бұл енді ұяттау ғой. Осыдан бірер жыл бұрын кардиологиялық кабинет болу керектігі, онда таразыдан бастап, бойды өлшейтін құрылғы, белді өлшейтін заттарға дейін жазылған. Ол біраз жерде болса, көбісінде жоқ қой. Неге маман жоқ дегенге келсек, айталық, учаскелік дәрігер кардиолгтан жоғары жалақы алады екен. Одан кейін кімнің кардиолог болғысы келеді? Басын ауыртпай учаскелік дәрігер болады.
Ал, кардиологтың жұмысы өте қиын. Осыны әр жердегі жергілікті атқарушы билік қадағалап отырса, нұр үстіне нұр. Өкінішке орай бізде көңіл бөлінбейді. Бұл жаңа айтқан ана мен бала өліміне де, басқаға да әсер етпейді деп айта аламыз ба?
-Бізде жергілікті мемлекеттік оқу ордасынан бөлек, базасы толыспаған болса да, жекеменшік колледждер тағысын тағылар ашылып жатыр. Олар студенттерді қабылдап, жұмыс жасауда. Бұлардан қаншалықты сапалы кадр күтуге болады?
-Қазір енді Үкіметтік пен жекеменшікті салыстырып, бәсекелестіріп қойып жатыр ғой. Бәсеке болса тез дамиды, өрлеу болады дегендері ғой. Ақшасы болмаса да, несие алып той жасайтындар бар. Бұл да сол сияқты көрінеді кейде. Бұл енді жақсы емес. Бәсеке мықты, дұрыс болса, онда оқу орындарының да мықты дамуына әсер етеді. Мен білетін «Болашақ» пен жергілікті медициналық колледждің бір біріне ешбір зияны жоқ. Бізде мейірбикелер жетіспейді. Ол сапаның жоқтығынан емес, талаптың жоқтығынан болып жатады. Бәсеке лайықты болса, база дұрыс болса, ешкім ұтылмайды. Бәрі де жаңа айтқандай талапқа байланысты. Болмаса сынақ дәптеріне өтірік бағаны болмашы ақшаға қойғаннан түк пайда жоқ.
-Медицина мамандары аудан орталықтарында, ауылдарда жетіспейтіні мәлім. Мұны шешу үшін аудан басшылары бірнеше бюджет есебінен грант қарастыратынын білеміз. Осы жолмен біз аталған мәселені шеше алмайтын сияқтымыз. Ал сіз қалай ойлайсыз?
-Оның барлығы неге байланысты? Біз демократия дедік те, бәрін бетімен жібердік. Координация, жүйе, басқару деген болуы керек қой. Мысалы, кардиологияны алып көрсек, Тараздың өзінде ғана үш бірдей кардиохирургия бар. Бұл керек пе, керек емес пе? Облыста 1 миллионнан астам халық бар. Шетелде бір миллион халыққа бір кардиохирургиялық орталық жетеді деп дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәселені таразылап берді. Ал бізде үшеу. Бұлар не істеп жатыр? Осыны бақылауға болады ма? Болатын шығар. Әлде әркім базардағыдай көрінген жерге киоскі аша бере ме? Оның мемлекет үшін қаншалықты пайдасы бар? Айталық, көп жерде ауруханалар бірінен соң бірі салынып жатыр. Оның 200, 250 келушіге арналғаны бар. Солар бізге қаншалықты қажет? Бұл мәселеге басын ауыртқан адам аз-ау... Көп нәрсені бақыласаң, «қайнайды қаның, ашиды жаныңның» кері. Осыны бақылап отырсақ қой. Елімізде кариохургияны дамытам деп жүрген, жүрекке ота жасауға құлықты 26 мекеме бар екен. Ал, дүниежүзілік статистика жаңа айтқандай 1 миллионға біреу жететіндігін айтады. Біз бүкіл әлемдегі дамыған 30 мемлекеттен де асып кеттік пе сонда? Ал, оның сапасы қандай? Қаншалықты өз өзін ақтап жатыр? Қыруар қаржыға алынған аппараттар қаншалықты жұмыс жасауда? Осыны бақыласақ, дұрыс болар еді. Бұл нәрселер маман тапшылығын туындатпай ма?
-Аға, қырғыз елінде ұзақ жыл жұмыс жасадыңыз ғой. Соны кейбіреулер елге өкпесі болғандықтан, сол елде қалды деп айтып жатады. Бұл қаншалықты рас?
-Жоқ, ол өтірік. Елге ешқандай өкпем жоқ. Бір кездері ойымдағы нәрселер іске аспаған соң, қайтадан Қырғызстанға кетіп қалғаным рас. Онда да оңған түгі жоқ. Революциялар қаптап, ақыр соңында мені «Асқар Ақаевтың жақтаушысы» деп те күйе жаққандар табылды. Ал енді елге өкпелі деген өтірік әңгіме. Ондай болуы мүмкін емес.
-Алғаш жасаған отаңыз бен жүрекке жасаған бірінші отаңыз есіңізде ме?
-Алғашқы операция ол енді студенттік кезде қарапайым ота ғой ол. Солқыршекке 5 курста жасадық оны. Жүрекке алғаш Мәскеуде аспирантурада жүргенде жасадым. Ол кезде жүректің ең бір жеңіл операциясын жасаған жайым бар.
-Біраз атақты алдыңыз, әлі де еңбегім еленбеді деп ойлайтын сәттеріңіз болады ма?
-Жоқ, мен еліме, жұртыма, емделушілеріме, бәріне ризамын. Алғыстарын ылғи да айтып жүреді. Маған одан артық не керек?
-Осы орталықты Елбасының өзі біледі ғой...
-Иә, Елбасы біледі. Ол кісінің қолынан «Алтын сапаны» алғанбыз. Қаржылық жағдайларға байланысты кейбір жобамды іске асыра алмай жатсам, оны алдағы уақытта реттестіремін деп ойлаймын.
Қазір бір баламыз Израильде оқып жатыр. Екінші баламыз «Болашақ» бағдарламасы арқылы алдағы жылы Израильге барады деп отырмыз. Сол балалардың операция жасағанын көріп, ортасында ақырын басып жүрсем, олар клеткалық операцияны меңгерсе, менің бір мақсатымның орындалғаны сол. Сосын Тараздың кардиохирургиясын ТМД біліп қалды ғой. Енді әлемнің көптеген елдері біліп, танитын болса деген ой бар. Мысалы, Англияның, Германияның облыстық кардиологиялық орталықтары Лондонмен Берлиннен де мықты ғой. Ғалымдары өскен, дамыған ғой. Сол секілді Таразда да ғылыми пркатикалық орталық болуы керек қой. Осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз.
-Қазақ медицинасы қай мемлекеттің медицинасынан үлгі алуы керек?
-Нақты мына мемлекет деп айтуға болмайды деп ойлаймын. Әр елдің жақсы жағын алу керек. Мәселен Испанияда, АҚШ-та біраз дүниелер жасалып жатыр. Мәселен Германияда «жасанды жүрек» жасалады. Осы секілді елдерден өзімізге керектіні алып отырған ләзім. Қазақ медицинасы еліктемей, қажеттіні алып қана, өзінше жұмыс жасаса, өзіндік бет бейнесі қалыптасады.
-Әңгімеңізге рахмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста