Сейсмологиялық жаттығу өтеді
Қыркүйектің 25-і күні Алматыда жалпықалалық сейсмологиялық жаттығу өтеді. Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды оқыс дабыл қағылған кезде сабыр сақтауға және жаттығуға белсенді қатысуға шақырады.
Сәрсенбі күні күндіз қала көшелерінде сирена үні естіліп, «Бәріңіз назар аударыңыздар!» деген дабыл қағылады. Төтенше жағдайлар қызметкерлері сейсможаттығу кезінде тұрғындардан үйде су, газ, электр желілерін ажыратып, көшеге шығуды сұрайды. Алматылықтар тап жер сілкінісі кезіндегідей сыртқа құжаттарын, қажет киімдері мен азық-түлігін алып шығуы керек. Үйдегі қарияларды көшеге шығаруға дайындық жасау қажет. Мектептер мен балабақша ұжымдары балаларды қауіпсіз жерге көшіруге әрекеттенуі тиіс. Басқа мекеме-кәсіпорын ұжымдары да жаттығуға белсенді араласып, қауіпсіздік ережелерін пысықтағаны абзал. Айта кетейік, өткен жұма күні сағат 22.30 шамасында Алматыда жер сілкінді. Қуаты MSK-64 шкаласы бойынша 2-3 балл болды. Зілзаланың эпицентрі оңтүстік астанадан 111 шақырым жерден, Қырғызстан аумағынан анықталды. Жер сілкінісін алматылықтар діріл түрінде сезді, қатты тербеліс болған жоқ және афтершоктар қайталанбады.