Бүгінде Шымқалада аяқ басқан сайын шаурма, лаваш, донер-кебаб сататын сауда нүктелері көп. Жеңіл дайындалатын осы тағам түрінің көрігі қызып тұр. Әрі алармандары да көп болған соң, күніне бір сауда нүктесі ашылады деп айтсақ артық болмас. Расында, қазақтың қара қазанына пісірілетін жұқпа нанды әлдеқандай етіп лаваш атандырып, арасына ет салып, дәмдеуіштерін араластырған осы бір тағамға құмбылдар көп. Оның қалай дайындалатынына бас қатырып жатқандарды және таппайсыз.
Базарларда, кір-кір асханаларда, ашық күн көзінде тұрып дайындалатын тағам қайбір санитарлық талапқа сай болсын! Әрине, пісірілгеннен кейін күн көзінде сағаттап тұратын ет асқазанға түскен соң тыныш жатсын ба? Ал асқазан – тапқаныңның бәрін тыға беретін «сиқырлы қойма» емес. Оның да тағам қорытудан шаршайтын, жүрісінен жаңылатын кездері болады. Әсіресе жоғары калориялы әрі тазалыққа тән емес осындай тағам түрлерін тоғытқанда, «мінез» көрсететіні бар. Асқазан жарасы, гастрит деген дерттер осыдан пайда болады. Медицина мекемелерінің статистикасына үңілсек, базарларда сатылып жатқан еттің 25 пайызы санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай келмейтін көрінеді. Егер етті тиісті дәрежеде қайнатып не қуырмаған жағдайда, гельминт жұқтыру қаупі жоғары. Ал әлгіндей «импортный» тағамдардың дәл осы еттерден дайындалмасына ешкім де кепілдік бермейді.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы Раушан ҚАСЫМҚҰЛОВА: «Бүгінде Шымкентте шаурма, донер сататын сауда нүктелері қаптап кеткен. Олардың барлығында да қарапайым санитарлық ережелер сақталмайды. Қол жуатын орын түгіл, дәретхана да жоқ. Тез дайындалатын әрі тез бұзылатын тағам түрлерінің қауіптілігін айтып, дабыл қаққан сайын, алушылары көбейіп барады. Ішек инфекциялары осындай тағам түрлерінен өршуі мүмкін. Тамақтан уланудың төрттен бірі таза пісірілмеген ет тағамдарынан болады. Басқармаға күн сайын көптеген телефон қоңырауы түсіп жатады. Бірақ жаз айында бірде-бір рет арнайы арыз жазып келген адам болған жоқ. Сол себептен санитарлық талаптарды сақтамаған сауда орындарына қарсы ешқандай да тексеру жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Арызданушылардың басым бөлігі өз аты-жөнін айтудан жалтарады», – дейді. Расында, 2011 жылдың 6 қаңтарында қабылданған №377 ІV ҚР «Мемлекеттік бақылау және тексеру туралы» Заңының қабылдануына байланысты тиісті органдар тексеру жүргізе алмайды. Осылайша мемлекеттік басқарманың аяқ-қолы матаулы. Осы заң талаптарына сай тексеру екі сатыға бөлінеді. Жоспарлы және жоспарсыз. Қандай да бір сауда не болмаса тамақтану орындарын тексеру үшін прокуратура рұқсат беруі тиіс. Ал жоспарсыз тексеру жеке азаматтар тарапынан берілген арызға байланысты жүргізіледі. Әрине, заң шағын және орта бизнесті дамыту үшін қабылданғаны белгілі. Кейде осы заң талаптары кәсіпкерлердің мүддесін көздейтіндей, жауапкершіліктен босатып жатады. Шынында да, «жауапкершілігі шектеулі» деп аты айтып тұрғандай, ЖШС-лер осы заңның арқасында тым тайраңдап кетті. Осы заң талаптарының алғаш рет кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырғандарға көп көмек беретіні сөзсіз. Оларды тиісті органдар бір жылға дейін тексеруге құқы жоқ. Мұндайда, әрине, олардың арына салған дұрыс. Алайда ақша жүрген жерде арды ойлап жатқан жанды табу тағы қиын. Осының салдарынан небір сорақы әрекеттерге жол беріліп жатыр. Жуырда Шымкенттің қақ ортасында орналасқан «Лаваш орталығы» жабылды. Бірнеше ай бойы жұмысын жалғастырып келген орталықты тексерген прокуратура қызметкерлерінің өзі жағасын ұстап таңғалды. Онда тағамдарды сақтайтын мұздатқыш деген атымен жоқ, тіпті ет турайтын үстел де жоқ екен. Тағамды кәдімгі жерге дайындай береді екен. Шыбын-шіркей басып қалған. Қоқыс үйіліп жатыр. Бұл тірлікті өз көзімен көрген адам екінші мәрте лавашы құрысын деп, безіп қашары сөзсіз. Антисанитарлық жағдайдағы асханасымақтар бір бұл ғана емес.
Еркін Байымбетов, Еңбекші ауданы прокурорының көмекшісі:
– Ешқандай санитарлық талапты сақтамай отырған орталықты жабудан басқа амал қалмады. Өте лас, еттің бәрі жерде жатыр. Ми қайнатар ыстықта оларды қалай сақтап, қалай дайындайтындары белгісіз...
Бүгінде Ресейде де шаурма саудасы сәнге айналған. Ондағылар оның құрамына сиыр, шошқа, қой етін қосса, Түркия, Ливан сияқты мұсылман елдерінде – қой мен түйе етін, ал Израильде балапан мен түйеқұс етін пайдаланады. Бүгінде елімізді түрік асханасы жаулап алғаны белгілі. Соған орай, көбі түрік асханасынікі деп шатасып жүр. Негізі, ол – араб елінің тағамы. «Көше тағамдары» деген атқа ие болған мұндай дәмдерден, әрине, пайда жоқ, асқазан ауруларының бәрі осындай тез дайындалатын тағамдардан пайда болады. Дені сау ұлт болу үшін денсаулыққа зияны жоқ тағамдарды пайдаланған дұрыс емес пе? Бұқараға дұрыс тамақтану үшін үгіт жүргізу қажет, ал кәсіпкерлерді жөнге салатын бап қажет. Оңтүстік өзге өңірлерге қарағанда бай асхана мәзірімен озық тұр. Бағасы да өзге аймақтарға қарағанда арзанырақ. «Дәмді қақпанға» түсіп қалмау үшін кәсіпкерлердің пайдасына жұмыс істеп жатқан жұмсақ заңды қатайту қажет деп есептейтіндер көп...
Шаурма-қауіп
Шаурмада 120 грамм май болады. Негізі, күнделікті тағам құрамында май 70-80 грамнан аспауы тиіс. Оны күнделікті тұтынған жағдайда салмақ қосу қаупі бар. Жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынып, тіпті ішек инфекциясын жұқтыру қаупі тым жоғары. Медиктер шаурманы асқазан-ішек жолында ауруы барларға, семіруге бейім адамдарға жемеуге кеңес береді. Үш жасқа дейінгі балалар да бас тартқаны дұрыс. Ал емшектегі баласы бар аналарға мүлдем жеуге болмайды.