«Сарыағаш»: ішсең – сусын, емі сан мың
«Сарыағаш» емдеу-сауықтыру шипажайы – облысымызға ғана емес, бүкіл елімізге танымал сауықтыру орны. Биыл аталған шипажайға 50 жыл толып отыр. Осы жарты ғасырдан бері шипажайдың минералды суынан миллиондаған адам ем-дом алған. Қазақстан ғана емес, әлемге аты әйгілі Сарыағаш шипажайының іргетасы 1963 жылы қаланған. Орталықты Ресей, Қытай жұртшылығы да жақсы таниды. Мамандардың айтуынша, мұндағы минералды су – әсіресе асқазан-ішек аурулары мен өт және зәр шығару жолдарын емдеуге таптырмас дауа.
Соның айғағы болса керек, 25 жылдан бері осы орталыққа үздіксіз келетін емделушілер де бар екен. Науқаспен туған-туыстай болып кеткен мейірімді мейірбикелер қант диабетіне шалдыққандарды да емдеп шығарыпты. Атаулы мерекеге орай шипажайда «Қазақстан Республикасындағы реабилитация қызметін дамытудағы ұйымдастыру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өткен еді. Шипажай ұжымын мерейтойымен құттықтауға Ресей, Қырғызстан және Болгарияның дәрігерлері қатысты.
Камардин СӘРСЕНБЕКОВ, «Сарыағаш» шипажайын ең ұзақ басқарған басшы:
– Қазақстан курорттар кеңесi басқармасы тiкелей басшылық еткен санаторий 1961 жылдан бастап кәсiподақтар қарамағына берiлдi. Оның құрылымдық атауы бертiнде «Сарыағаш» акционерлiк қоғамы, одан Мемлекеттiк қазыналық кәсiпорын болып өзгердi. Мен басшылыққа келген 2000 жылы ол осылай аталатын. Ал 2008 жылдың 17 наурызында «Сарыағаш» шипажайы» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi болып қайта құрылды. Әрине, қайнардың тiкелей шығып жатқан көзiнен пайдаланылатын минералды судың емдiк қасиетiне ештеңе тең келмейтiнi түсiнiктi. Негiзiнде, «Сарыағаш» курортында бұрын минералды су шығатын жеті ұңғыма бар едi. Қазiр небәрi екеуi ғана қалды. Курорт аймағындағы шипажайлардан «Сарыағаш» курортынан бөлек «Алтын бұлақ» санаторийi ғана ұңғыма суын пайдаланады. Бұрын «Арманда» бiр ұңғыма бар едi, ол iстен шыққалы берi сол аумақтағы басқа демалыс орындары секiлдi ол да бүгiнде минералды суды тасымалдап пайдаланады.
Мәртебелі меймандар әуелі «Арай Делюкс» шипажайының мәжіліс залында бас қосып, өзара пікір алмасты. Шетелдіктердің айтуынша, «Сарыағаштағы» арасан минералды суы, физиоемдері, жанға жайлы ауасы және емдік балшығы – адамның он екі мүшесіне дауа. Мәселен, болгар елінде сумен емдейтін төрт шипажай ғана бар екен. Оның өзі 7 миллиондай халқы бар болгариялықтарға аздық ететін көрінеді. Жиын барысында Болгария елінің «Нови Пазар» ауруханасының басшысы мен «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешенінің директоры Бағлан Батыршаев медицина саласы бойынша сауықтыру орталықтарындағы дәрігерлерге тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін меморандумға қол қойды.
Меморандум медициналық қызмет саласында тығыз ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды, семинарлар мен отырыстар өткізуді, біріккен бағдарламалар әзірлеуді, екі елдің сауықтыру орталықтарының қызметкерлеріне арналған өзара курстар мен тренингілер ұйымдастыруды қарастырады.
Атанас АТАНОСОВ, «Нови Пазар» ауруханасының басшысы:
– Болгарияның сауықтыру орталықтарында сіздер білмейтін, ал сіздердің шипажайларыңызды біз білмейтін емдеудің әдіс-тәсілдері бар. Міне, осыған орай тәжірибе алмасу мақсатында одан қалса екі елдің қарым-қатынасын жақсарту үшін келіп отырмыз.
Демалушылармен бірге қатысушылар да шипажайдың ең алғашқы іргетасын қалауға мұрындық болған Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр аймағынан келген қонақтар ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты. «Әсем-Ай» компаниясының мәжіліс залында өткен конференцияда Ресей елінің гомеопатологиялық ассоциациясының президенті, кафедра доценті Николай Замаренов баяндама жасады. Тарихи тамыры тереңге тартқан «Сарыағаш» шипажайының 50 жылдық мерекесі мәдениет сарайында жалғасын тауып, онда еліміздің ақын-жазушылары мен қаламгерлері, депутаттар, сондай-ақ еліміздің құрметті азаматтары қатысты. Аудан әкімі мен мерекеге келген қонақтар емдеу-оңалту кешенінің 50 жылдық мерекесімен құттықтап, осы салада талмай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Қуаныштысы, шипажай әкімшілігінің бастамасымен осы мерейтойға орай жолдама ақысы жыл соңына дейін 20 пайыздық жеңілдікпен ұсынылуда.