Жамбыл облысының Гвардия гарнизонына Маңғыстаудан шақырылған сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі деген күдікпен қамауға алынған атыраулық Айболат Азаматұлының анасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әйел Қазақстан президентіне үндеуінде қайғылы оқиғаға ұлының қатысы жоқ екенін айтқан. Ол Айболат Аманжоловты қамаудан босатуды және оған қатысты тергеуді тоқтатуды талап етуде.
Еске сала кетейік, қатардағы жауынгер Әлібек Қалбай 22 сәуірде Жамбыл облысы Гвардия гарнизоны базасында сап түзеу кезінде қаза тапқан болатын. Бұл туралы ақпарат қоғамда қызу талқыға түскен еді.
Бұған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Ол қорғаныс министрінен, Бас прокуратурадан және басқа да құзырлы органдардан жан-жақты тексеру жүргізуді талап етті.
3 мамырда Қазақстан ішкі істер министрлігі Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының ведомствоаралық тергеу-жедел тобы қылмыстық іс бойынша күдіктіні ұстағаны белгілі болды. Ол сол бөлімшенің әскери қызметкері Айболат Азаматұлы болып шықты.
Егер күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, ол сегіз жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты күдіктінің анықталғаны туралы хабарлаған едік.