«Шаһнама» қазақша сөйледі
Шығыс шайыры Фирдоуси өмірінің жартысын арнап жазған «Шаһнама» эпопеясы қазақ тілінде жарық көрді. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы аударған дастан ұзақ уақыт қолжазба күйінде сақталып, 2010 жылы Мемлекет басшысына табысталған болатын. 36 дәптерді құрайтын дастан 39 411 жолдан тұрады. Түпнұсқасының жалпы көлемі 55 мың жолдан тұратын жырды қазақша аудару Сыр сүлейі Тұрмағамбет ақынға да оңайға соқпаған деседі. Сондықтан еш жерде жоқ мәдени жәдігердің құны біз үшін жоғары, бағасы қымбат.
«Шаһнаманы» қазақ тілінде басуды биыл Қызылорда облысы әкімдігі қолға алып, антология етіп шығарып отыр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осы мұраның тұсауы кесілген-ді. Шығыстың жауһарынан саналатын «Шаһнаманы» аударып қана қоймай, оны музыкалық антологияға айналдырып, Сыр бойының 22 жыршы-термешісі түрлі мақам-саздарға салып орындағанынын ерекше атауға болады. Айта кетерлігі, әйгілі дастанды қазақшаға қотару ерте бастан қолға алынғанымен, оның аудио нұсқасын басып шығарған Қызылорда облысы әкімдігі бұл игі шараны Тәуелсіздікке тартқан тартуымыз деп түсіндірді. Сондықтан да қызылордалықтардың қолдауымен Астанада тұсауы кесілген «Шаһнама» елдік мерекесі егемендікке жасалған тарту ретінде халыққа жол тартты.
«Шаһнаманың» аударылу тарихы да оңай емес. Сол тұрғыдан тоқтала кететін жайт, жалпы қазақ халқы қолынан іс келетін ұлт азаматтарын қашанда бағалап, оның қолынан не келетінін, не атқара алатынын жақсы білген һәм бағамдай алған ғой. Сондай қысылтаяң уақыттары түрмеде жатқан Тұрмағамбет ақынға арнайы беріліп, «Шаһнаманы» қазақша аудару тапсырылған екен. Бұл шаруа 1936 жылы қолға алынып, оны бастан-аяқ Тұрмағамбет Ізтілеуұлы аударып шығыпты. «Шаһнаманың» алғаш рет қазақ тілінде жарық көруі 1960 жылдардың басымен тұспа-тұс келеді. Сондай құнды басылым елімізге тарап, Тәуелсіздіктің арқасында жұрттың қолына да тиді.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Халық жазушысы:
– Қазақ елі өз алдына дербес мемлекет болған шақта Мәдени мұраларымыз қайта тіріліп, сол бағдарлама аясында «Шаһнаманың» қазақпен қайта қауышқанын үлкен мақтаныш етемін. Шығыста туып, сол жерде тәрбие алған ақын Тұрмағамбет еді. Ол сол маңдағы Көкілташ медресесін тамамдап, араб пен парсы тілін еркін меңгерген оқымысты болатын. Орталық Азия елдерінде Фирдоуси шығармалары сан рет жарық көрді. Бұл – ел болып, ұлт болып ұлықтайтын үлкен шығарма. Және Тұрмағамбет бабамыздың осы істі тездетіп жүзеге асыруы оның бойындағы үлкен біліммен қоса ақындық талант пен тегеурінді көрсетеді.