Қазіргі кезде Қазақстанның үкімет мүшелері мен кәсіпкерлері кіретін делегация Ресейде жүр. Делегация бірқатар тауарлар бағыты бойынша шектеулер енгізу мәселесін талқылауда. Себебі рубльдің бағамы күрт түсіп кеткеннен кейін елімізге арзан ресейлік өнімдер лап беріп, отандық өндірістерді тақырға отырғызды. Оның ішінде құс еті, құрылыс арматурасы, аккумуляторлар, сондай-ақ автокөліктер саудасы бар. Әзірше, келіссөздердің нақты нәтижесі белгісіз. Дегенмен, қазірдің өзінде қазақстандық делегацияның ұстанымы белгілі бола бстаған тәрізді.
Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, бүгінде көлік тасымалын тек ресми дилерлер арқылы ғана жүргізу мәселесі қаралып жатыр. «Біз бұл мәселені жан-жақты зерделеудеміз. Көлік тасымалын «сұр» дилерлер арқылы емес, ресми компаниялар арқылы жеткізу керек. Ресейлік әріптестермен ол мәселені талқылап қойдық», - дейді Альберт мырза. Ал журналистердің Еуразиялық экономикалық одақ бойынша автокөліктердің бағасы теңестіруге қатысты сұрағына вице-министр: «Егер ресми дилер арқылы жұмыс істейтін болсақ, онда соған (бірдей баға – авт.) келуге тиіспіз», - деп жауап берді.
Енді, шенеуніктің сөзін түсіндіріп, тарқатып көрелік. Вице-министрдің «сұр» дилерлер деп отырғаны, ол машина таситын делдалдар болуы тиіс. Қазіргі кезде ондай алып-сатарлар көптеп саналады. Бұрын бұлар Еуропадан көлік тасыса, қазір рубльдың құлдырауын пайдаланып, ресейлік автомобильдерді сатып алып, қайта сатып жүр. Міне, осы сипатты бизннестің төңірегіндегі кәсіпкерлерге тыйым салынатын болуы кәдік. Бірақ, байқауымызша билік енді қарапайым халықты да дилер болғызбайды. Демек, алдағы уақытта Ресейдің автосалондары жаңа машиналарды өзге елдің азаматтарына сатпауы әбден мүмкін. Ондай тәжірибе былтырғы қарбалыс кезінде де болған. Мәселен, өткен жылы қараша-желтоқсан айларында Қазақстан мен Белурасьтың азаматтары жаңа машиналарды жаппай сатып алып жүргенде, Toyota компаниясының Ресейдегі салондары өзге елден келген азаматтарға тауар сатуды тоқтатқан еді.
Дегенмен, жаңа көліктер тек ресми дилерлер арқылы сатылса, Қазақстан мен Ресейдегі баға теңеседі деп айту қиын. Себебі қазіргі кезде көрші елде тұрақсыз экономикалық жағдай қалыптасты. Рубльдің бағамы мұнай бағасымен бірге құбылып тұр. Соған қарамастан, Ресей үкіметі бағаларды жіті бақылап, қымбатшылықты болдырмай отыр. Сондықтан ол елдің автосалондары тауардың бағасын Қазақстанның деңгейіне көтере алмайды. Оған қоса, бүгінде сұранысы жоғары маркалардың зауыттары орыс жерінде орналасқан. Демек, ресейлік көліктердің бағасын көтеру арқылы бағаны теңестіре алмасымыз анық.
Қазақстандық автодилерлер де Ресейдің бағасына түсе алмайды. Оған бірнеше экономикалық себеп бар тәрізді. Біріншіден, бізде Ресейде сияқты көлік жүргізетін тұтынушылардың саны көп емес. Көрші елде көліктерді миллиондап сатса, біздің бір жылдық көрсеткішіміз 200 мыңға да жетпейді. Екіншіден, автосалондардың күнделікті шығындары – менеджерлер мен техникалық байқау мамандарының жалақысы, ғимаратқа кететін электр энергия, су, жылу сияқты коммуналдық қызметтер және тағы басқасы бар. Ал сауда-саттық қатты қызып тұрмағаннан кейін сол шығындардың бәрін көліктің бағасына енгізуге тура келеді. Үшіншіден, халық арасында кеңінен танымал көлік маркаларының басым бөлігі шетелде құрастырылады. Оның барлығы Қазақстанға жеткенше, қымбаттай түседі. Сол себепті Қазақстандағы көліктердің бағасы ешқашан ресейлік машиналармен бірдей болмайды.
Сонымен, әзірше екі жақтың бағасын теңестіру мүмкін емес. Ресейдің арзан туарлары болса, Қазақстанның экономикасының бірқатар салаларын қыспаққа алды. Одан шығар бір-ақ жол – шектеу қою. Мәселен, елімізге ресейлік көліктерді әкелуге тыйым салса, отандық автосалондар өз бағасын ұстай алады. Дегенмен, рубльдің бағамы бұрынғы деңгейге (1 доллар – 30 рубль) түссе, Қазақстан мен Ресей тауарларының бағасы теңесуі әбден мүмкін. Алайда, рубльде енді ондай қауқар жуық арада болмайтынын жұрттың бәрі де түсініп қалған тәрізді.
Ресейден жаңа көлік әкелуге тыйым салына ма?
Последние статьи автора