«ҚЫЗЫМЫЗ ҚАНДАЙ БОЛСА, ҰЛТЫМЫЗ СОНДАЙ»

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫМЕН сұхбатымыз бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан қазақ әйелінің келбетіне, рухани болмысының сапасына арналды. Сұхбат барысында Айнұр ханым қазақ қызының қандайы болса да осы күні ортамыздан табылатындығын айта келіп: «Қай тарап басым болады – елдің ертеңі соған байланысты болмақ» деген сөздің ақиқатына тоқталды.

- Исраил Сапарбайдың өлеңіне жазылған «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әніндегі қазақ қыздарының образы қазіргі қоғамда қаншалықты сақталып отыр?

- Әйел адамның жаратылысында адалдыққа, тазалыққа бейімділік және табиғи мейірім бар. Ол өз шаңырағының ғана емес, қоғамның да тазалығына, тәртіптілігіне, тәрбиесіне жаны аши біледі, жауапкершілікті сезінеді. Сонысымен де әйел тектіліктің, ізгіліктің бастауы болып табылады. Барлық діндер мен салт-дәстүрлерде әйелдерге қойылатын талаптың жоғары болатыны сондықтан. «Алып анадан, ат биеден туады» дейді халқымыз. Алтын құрсақты аналардың тектілігінің, тазалығы мен тәрбиесінің ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін аталарымыз осы бір мақалдың аясына сыйғызған. «Ет бұзылса, тұз себесің, тұз бұзылса не себесің?» деп мақалдаған қазақ қызды – болашақ ұлт анасын бұзылудан сақтау үшін қырық үйден, қала берді қара күңнен тыйым сала білді. Қыздың әр қадамын назарда ұстап, «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қанатты сөзді қалдырды. Соның нәтижесінде ерлігі ересен, елдігі кемел ұлт болғанымыз баршаға белгілі.

Ал бүгін қандаймыз? Жауап айқын – қызымыз қандай болса, ұлтымыз сондай. Ал қыздарымыз... ала-құла. Тектілігін танытып, ибалы, инабатты мінезін сақтап, иіліп тұрған, «салтанаты санатына жарасқан», қарасаң көз сүйінетін қыздарымыз аз емес. Қолынан да, тілінен де келетін, орнын да, айтарын да білетін, алмас қылыштай жарқылдаған ерге бергісіз бойжеткендеріміз де бар. Бірақ өкінішке орай, арзан әңгіме, орынсыз қылжаққа бой алдырып, құнсыз құндылықтарға алданған, ақыл-парасат пен әдеп-ибаны ысырып тастап, пайдасы өз басынан артылмай, дүнияуи игіліктерді ғана көздеуге бейімделген қыздарымыз да жетерлік. Қай тарап басым болады – елдің ертеңі соған байланысты болмақ, Бір қиыны, ақымақтың үлкен-кішісі болмайтыны секілді, жамандықтың да аз-көбі болмайды. Аз боп көрінетін, бірақ көп болып шығатын, яғни ақырғы салдары көп болатын келеңсіз құбылыстар бар. Қыздарымыздың аз бөлігінің болса да, азуына жол бермеуіміз керек... еді. Өкінішке орай, бұл да өткен шақтың әңгімесі болып қалды. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып, қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөле алмадық. Бізге бой бермейтін еркімізден тыс үдерістер де болды. Ендеше, өкпеміз өз басымызға болуы тиіс. Енді ес жиып, келешекті қамдауымыз қажет.

− Әйел-ананы отбасының ұйытқысы деп жатамыз. Ажырасу сынды жағдайлардың тым көбейіп кетуін әйелдердің уақытын отбасынан гөрі қызметінің көбірек ұрлайтындығымен байланыстыруға бола ма? Некенің құнын қалай көтеруге болады?

− Әйел атаулы білетін бір шындық бар: Ешбір саналы әйел ешқашан отбасынан қызметін жоғары қойып, қолдың кірі болған қызмет үшін өмірінің мәні болған отбасын құрбан етпейді. Санасыз болса – сөз басқа. Әйелдердің табиғи дарыны тасып тұрған санаулы бөлігінен басқасы отағасы бар жағдайын жасап отырса, өмір бойы от басы, ошақ қасында қалудан қашпас еді. Өкінішке орай, қазір әйелдер жұмыс істеуге мәжбүр. Әйелдер өмірдің қиындығын ер-азаматымен бірге бөлісу үшін, тапқаны тамағынан артылмай жатқан отағасына болысу үшін жұмыс істеуге мәжбүр. «Мені асырау - сенің міндетің» шалқайып жатып, ерді жерге қаратып, шарасыз күйге түсірмей, тіршіліктің қамытын бірге киіп, көнбеске көніп жүргені үшін әйел-анаға тек алғыс айтуымыз керек. Күнделікті нәпақасын табу үшін, бала-шағасын асырау үшін әйел-ана бауыр еті перзентін қиып, қараусыз қалдырып немесе көлденең көк аттының тәрбиесіне тастап, шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп, өзі жұмыс істеуге мәжбүр. Сол көлденең тәрбиенің салдарын өмір бойы күйінішпен көтеретін, уайымнан тозған жүйкеден денсаулығынан айырылатын да ананың өзі. Осының бәрі анаға керек пе еді? Бала-шағасының тамағын пісіріп, кірін жуып, ерінің күтімін жасап, қас-қабағына қарап отыруға жағдайы келіссе, қай әйел келісім бермейді?

Осы тауқыметтің бәрін өз басынан кешірген ананың бірі − өзіммін. Қызым дүниеге келгенде, жолдасым әлі жоғары оқу орнын бітірмеген болатын, сондықтан бала күту демалысы дегеннің не екенін білместен жұмысымды жалғастыра бердім. Кіші ұлым қырқынан шығысымен жұмыс істеуге мәжбүр болдым. Ол кезеңде айлық жалақы өте аз болғандықтан, Алматы қаласында пәтер жалдап тұратындықтан, бір емес, үш жұмыста қатар істеуге тура келді. Жауапсыз жалдамалы бала бағушылардан көрген қиындықтарымызды айтпай-ақ қояйын. Күнімен жұмыстан жұмысқа жүгіріп, түнімен үй шаруасымен әлек болып жүретін менің жүрекжарды арманым – баламды алаңсыз құшақтап жатып, мейірімді қандыру болатын. Дәл осындай қиындықтарды қазақтың мың-сан әйелінің басынан өткеріп, қайыспай көтеріп, іштен тынып жүріп жатқанына күмәнім жоқ. Сондықтан жандыға бітпес төзімі үшін қазақ әйеліне әлемде жоқ ескерткіш орнатса артықтық етпейді.

Ал ажырасу деген әлеуметтік дертке келсек, оны жалғыз әйелдердің қызметке келуімен байланыстырып, оп-оңай кесіп-піше салуға болмайды. Дүние тіршілігі бір ғана себептен құралмайды. Әр тағдыр өзінше ерекше, әр ажырасудың өзіндік қайғылы тарихы бар. Ең басты себеп – адам факторы, соны тәрбиелеген қоғам факторы.

Ерлі-зайыптылардың сана-сезімі мен жауапкершілігінің төмендігінен, жас болса, жетіліп үлгермегендігінен, отбасы бүтіндігінен өзінің «менін» жоғары қойғандығынан бұзылатын отбасылар бар. Мұндайда көргенділігін көрсетіп, шаңырақтың шырқы бұзылмауына септеспеген үлкендердің айыбы да аз емес. Ер-азаматтың қадіріне жетпей, бардың бағасын білмей, астамшылықпен отбасын ойран етіп алған әйелдер де баршылық. Бірақ азаматтардың айыпты болатын жағдайлары да жиі кездеседі. Ішкілікке салынып, отбасының берекесін қашырып, тоздырып жіберген азаматсымақтан басы мен баласын арашалап, әрең ажырасып құтылған әйелдерді де, беті жылтыраған көрінген етектінің соңынан еріп, ойланбай отбасын тастап жүре берген жауапсыз ерлерді де көзіміз көріп жүр. Содан кейінгі бір себеп − ерлі-зайыптылардың бір-біріне айқын сәйкес келмеуі. Адамның бәрі алдағыны болжап білетін қасиетке ие емес, жанымның жартысы болады деп сеніп қосылған жарымен сөзі жараспай (мінезі емес, әңгімесі жараспай), «бірі баудан келіп, бірі таудан келіп» отырған соң, тәні қосылғанымен жаны қосылмаған жаттыққа төзбей арасын үзетін жұбайлар да бар. Осынша себептердің арасында «әйелдердің қызметке келуі» себебі адасып та қалады. Тағы да қайталаған жөн – әйелдер отбасын бұзу үшін емес, асырап-сақтау үшін қызметке келеді. Ол да өз кезегінде кейбір келеңсіздіктерді тудырып жатса, оған себеп ретінде емес, салдар ретінде қараған жөн.

Тұжырымдай келгенде, қазақ қоғамындағы дәстүрлі құндылықтардың күйреуі, отбасына деген құрметті көзқарастың өзгеруі, алдыңғы буынның артқы жасқа тәлім айтып, отбасын сақтауға ұйытқы бола алмауы, адамдардың бір-біріне қарайласып, жанашыр болудан қалуы, қоғам түгілі отбасында жалғыздықтың орын алуы, осының бәрін үдете түспесе, тоқтау салуға септесе алмай отырған қазіргі жан-жағына қаратпайтын өмір сүру қарқыны – бәрі қосылып, ажырасу апатын ұлттық деңгейге көтеріп отыр. Білім емес, ақпарат құнды, адам емес, қағаз бағалы болған, құндылық үшін емес, рейтинг үшін қызмет ететін қоғам осы бағытынан танбаса, бұдан тәуір нәтижені күтпесе де болады.

Не істеу керек? Некенің құнын қолдан жасалған құндылықтар, құрғақ уағыз бен жаны жоқ заңдар арқылы көтере алмаймыз. Бәріміз зәру болған, бәрімізден жырақтап бара жатқан адамгершілік, ізгілік, мейірімділік секілді мінездерді қалпына келтіретін қоғам қалыптасуы керек. Ең алдымен әйел-ананың отбасына оралуына жағдай жасау қажет.

Қызметте жүрген әйел отбасының қам-қарекетін қосқанда ерлерден кемінде үш есе артық жұмыс істейді. Сөйткен әйел-ананың жұмыс күнін ерлерден бір сағат болса да қысқа ету, сенбі, жексенбі күндерін әйелдер үшін тұрақты демалыс күндері етіп белгілеу секілді қарапайым қолдау шараларын қабылдап, әйел-ананың отбасына көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік беру қажет.

Әйел-ана ешбір технологиялық жетістіктер, ешбір ғылыми прогресс дүниеге әкеле алмайтын қоғамның ең баға жетпес байлығын – адам ресурсын дүниеге әкеледі. Ендеше неге сол баға жетпес және қолдан жасалмас қазынаны дүниеге әкелген әйел-ана неге бала күту демалысында мемлекеттің қамқорлығынсыз қалуға тиіс? Қазіргі балаға берілетін айлық жәрдемақының ана тұрмақ, нәрестенің өз қажетін өтеуге де жетпейтіні белгілі. Неге оған – қоғам мүшесін тәрбиелеп отырған анаға қызметте жүрген кезіндегідей толық жалақы төленбейді? Неге ол қызметте жүрген кезінде ғана қажетті болып, ал мемлекеттің болашақ азаматын тәрбиелеп отырғанда өмір қиындықтарымен бетпе-бет қалуға тиіс? Өркениетті елдердің кейбірінде бала дүниеге келісімен оның атына қор ашылып, қаржы салынады. Екінші бір елдерде бала кәмелетке толғанға дейін оны толық қамтамасыз етуге жететіндей жәрдемақы беріліп отырады. Үшінші бір елдерде бала тәрбиесімен айналысып отырған ана қызметте жүрген әйелден кем ақы алмайды. Осындай елдік қадамдардың бірін болса да жүзеге асырып, әйел-ананың қорғалуына, қам-қайғысыз отбасы тәрбиесімен айналысуына күш салатын кез әлдеқашан жетті.

Әйел бақытты болса – қоғам бақытты. Әйел дертті болса – қоғам дертті. Дертті қоғамнан дені сау ұрпақ тумайды. Әйелге жағдай жасасақ, ол отбасын өзі реттейді. Әйел-ананың бүгін тәрбиелеп үлгермеген баласын ертең бүкіл қоғам болып қайта тәрбиелей алмайтынымызды есте сақтауға тиіспіз. Ана тәрбиесінің кемдігі ұрпақтар сабақтастығының үзілуіне, рухани жалғыздықтың пайда болып, рухани агрессияның күшеюіне алып келетін табиғи факторлардың бірі. Ал рухани агрессияның соңы – суицид. Өзін-өзі өлтіру ең алдымен өзгенің құндылығына деген наразылықтың, оны күйретуге деген көзсіз құлшыныстың нәтижесі, мейірім мен махаббатқа зәруліктің салдары. Бұл жердегі өзгенің құндылығы – ол істен, болмыстан емес, сөзден ғана көрінетін қоғамдағы әрбір жалған құндылық, жалған тәрбие. Ал мейірім мен махаббаттың көзі – ана, ол аялаған отбасы.

− «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Ендеше қоғамдағы жасанды түсік тастау, жезөкшелік, тастанды балалардың көбеюі сынды жат қылықтардың күн санап артуын тәрбиемен байланыстыра аламыз ба?

− Әрине, байланысты. «Бақпаса бала кетеді, қарамаса әйел кетеді» (сыпайылап айтқанымыз) дейді қазақ. «Баланы жастан, әйелді бастан» деген де сол қазақ. Осының бәрі тәрбиенің төңірегіндегі әңгіме. Бірақ бұл отбасындағы тәрбиеге ғана қатысты сөз емес.

Дәстүрлі қазақ қоғамы қалай қалыптасты? Бүкіл ел болып ортақ құндылықтарды, әдет пен әдеп заңдарын ұстанғаны, қастерлегені, қадағалағаны, сақтағанының арқасында ғана ел болды. Жалпы елдіктің өлшемі – ортақ құндылықтар мен дәстүрлерге адалдық десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінгі қазақ қоғамы да осы қағидатқа бойұсынбаса, ел болудан қалмақ.

Айтқым келгені – қоғамдық тәрбие туралы. «Біреу жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» дегенді Абай тегін айтқан жоқ. Отбасы қанша берік болғанымен, жалпы қоғамда тұтастық болмаса, әлеуметтік дерттер жойылмайды. Әлеуметтік дерттердің бар болуы соларға жағдай туғызып отырған қоғамның бар екенін көрсетеді. Мысалы, бір ғана аты жаман жезөкшелікті алайық. Жарайды, моральдық тұрғыдан азғындаған біреулер адам тәнін саудаға салу арқылы пайда табуға құнықты делік. Ал соны тұтынып отырған кімдер? Олар – қатардағы қоғам мүшелері, сіздер мен біздердің әріптестеріміз, достарымыз, көршілеріміз, керек десеңіз, әкелеріміз бен ағаларымыз! Қоғамда дәл осы дерттің асқынуына қолайлы жағдай жасап отырған солар! Ал осыдан кейін ішкі бірлік туралы не айтуға болады? Жезөкшелермен ұялмай ойнап-күлген ер адамдар өз аналарын, апаларын, қарындастарын, қыздарын біреулердің дәл өзі сияқты қолжаулық қылғанын қалар ма еді? Міне, ар-ожданының алдында тартынбаған адамнан, көкірегіндегі Құдайын жоғалтқан пендеден – қан тамырынан жақын Алланы ұмытқан жандардан барлық нәрсені күтуге болады. «Ұялмасаң, қалағаныңды істе» дегенді пайғамбарымыз осындай кеселділерден түңілгеннен айтқан болар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі бір жазушы ағамыздың баласы менің қол астымда жұмыс істеді. Соның қарсаңында ғана әлгі жазушы ағамыздың курорттағы хикаялар жайлы жазылған әңгімесін оқып, бойымнан түңіліп едім. Жазушы қазір тағы бір әлеуметтік дертке айналған демалыс орындарындағы кемді күнгі көңілдестік сауық-сайрандары туралы шабыттана жазыпты. Шабыттанғаны сондай, мұның ар-ожданға, адамгершілік пен имандылыққа жат іс екенін, нақтырақ айтқанда жеңіл жүріс болып табылатынын, біреудің тағдырын, жан дүниесін тәлкек етіп, тастап кету екенін мүлде естен шығарып, қаны бұзық кейіпкерлерінің біраз күн қыдырып, жүріп-тұрған көңілдес келіншектерін тастап, жаңадан келген басқа қыздармен ойнап-күліп кеткенін бүге-шігесіне дейін айызы қана баяндапты. Ол аз дегендей кейіпкер жігіттердің біріне ғашық болып қалып, жылап-еңіреп соңынан жүгірген алдыңғы келіншектердің бірін «курорттағы аз күн көңіл көтеруді шынайы өмірмен шатастырып алған бейбақ» деп әбден кінәлапты. Шығарманың өн бойында кейіпкерлердің жеңіл жүрістеріне қымсыну, айыптау атымен жоқ, қайта автор жан-тәнімен соларға жанкүйер болып алған, солармен бірге рахаттанып, бірге сайран салған. Осыны жазған ағамыз азамат болған ұлынан, үйіндегі жарынан қалай ұялмайды екен деп таң қалдым. Сөйтсек, ұлы да әкесінен алысқа бармаған екен − көп ұзамай-ақ жеңіл мінезділігінен әркіммен ұстасып, жұмыстан шығып кетті...

Тағы да қайталауға тура келеді, азудың, азғындаудың да шегі бар. Жедел ес жиып, етек жаппасақ, ар-иманымызды түзетуді әрқайсысымыз өзімізден бастамасақ, кейінгі толқын жастарға қарайласып, ағалық парызымызды орындамасақ, сан ғасыр төккен тер, аққан қанмен келген тәуелсіздігімізден ай-күннің аманында көз жазып қалу қаупі төніп тұр. Себебі, рухы жұтаған, рухани тәуелділікке түскен халық мемлекеттілігін ешқашан аман алып қала алмайды.

− «Әйелге деген қарым-қатынас ардың, ұяттың, адалдықтың, парасаттылықтың ең нәзік өлшемі, сезімталдықты тәрбиелейтін ең жоғары мектеп» деген екен В.А.Сухомлинский. Осы бір қағида деуге келетін дүние қоғамда қаншалықты орындалып отыр?

− Жоғарыдағы әңгімелерден кейін бұл сұраққа жауап берудің өзі ұят секілді. Дұрысы, мұндай сөздерді естісек, сағыныштан, көкірек түбінде қалып қойған аңсардан жылағымыз келеді деген жөн шығар. Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен адам сапасын айтарлықтай кемітіп алған қазіргі қоғамымызда ол қағиданы орындамақ тұрмақ, осы сұрақ толғандыратын адамдардың қалғанына да шүкір дер едім.

Сезімді ауыздықтай тұрып, салқын ақылға көшсек, әйел-анаға, жалпы адамға деген қарым-қатынас әр адамның ішкі мәдениетінен, тектілігінен, тазалығынан, парасатынан, азаматтығынан туындайды. Осы өлшемдерге сай азамат ерлеріміз В.А.Сухомлинскийдің сөзін жандандыратын жағдайда деп есептеймін. Ал оған өресі мен мәдениеті әлі жете қоймағандарға Алла ынсап берсін дегеннен басқа айтарым жоқ.

Екінші жағынан өзін сыйлата білу – намысты әйелге тән асыл қасиет. Бұл жағынан жауапкершілік жүгі әйелдердің еншісінде. Бірақ, «аталы сөзге жетесіз тоқтамайтыны» секілді, сыбызғыдай сызылып тұрған әйел затының өзін баса-көктеп, өктемдік жасайтындар да аз емес.

Баршаға таныс «нәпсі» деген ұғым бар. Алла-Тағала нәпсіні жаратқаннан кейін одан: «Сен кімсің, мен кіммін?» деп сұрағанда, менмен нәпсі: «Сен − сенсің, мен − менмін», деп, Жаратушысын мойындамай, қайқайып қарсы тұрған екен. Алла-Тағала нәпсіні тәрбиелеу үшін жүз жыл тозақтың жалынымен азаптап, қайта шығарып алып, әлгі сұрақты қойғанда нәпсі тағы да: «Сен − сенсің, мен − менмін» деп жауап беріпті. Осыдан кейін Алла-Тағала нәпсіні жүз жыл аштықпен сынапты. Содан кейін барып, аштықтан әбден бұратылып, тәубесі есіне түскен нәпсі: «Сен − ұлы Жаратушысың, мен әлсіз жаратынды екенмін» деген екен. Сондықтан ораза арқылы нәпсіні тәрбиелеу мұсылманға парыз етіліпті.

Мұны мысал еткенде айтпақ болғаным басқа. Сол менмен, тәкаппар, ештеңеден тартынбайтын нәпсі достан ұялады екен. Қазақтың «бет көріссе, жүз ұялады» деген мәтелінің бір ұшығы осы шындықпен де жанасатын болар. Қоғамдасып өмір сүрудің, санатты түзеп, ел болудың бір мұраты – бір-бірінен тартынып, бір-біріне қарап бой түзеп, кемтігін толтырып, жақсысын жетілдіріп, ортақ өнеге қалыптастырып, ортақ қағидаға бойұсыну болар. Осыны әйел-еркек, жас-кәрі демей түгел ұғынып, бір-бірімізді тыйып, бір-бірімізді тәрбиелеп, бір-бірімізді қолдап отырсақ, жер бетіндегі жұмақ қоғам сондай-ақ болар еді. Ауыл болса, қауым бола білген, басқаның баласына да бей-жай қарап көрмеген, тәрбиені бірге берген, телісі мен тентегін бірге тыйған, әдет заңы мен әдеп заңын үлкен-кіші демей, бар қазаққа ортақ еткен кешегі ақылман аталарымыздан ең болмаса осы өнегені ала білсек, ұлт ретіндегі өміріміз мыңжылдықтарға ұзарар еді...

− Біз зайырлылық пен діндарлықтың арасын байыппен байланыстыра алып жүрміз бе? Қазіргі қазақ әйелі қандай болуы керек? Және оның басты міндетін немен байланыстырамыз?

− Бірден басын ашып алайық: зайырлылық пен діндарлық екі бөлек дүние емес, сондықтан оларды салалас (параллель) ұғымдар ретінде де, қарама-қарсы ұғымдар ретінде де қарастыруға болмайды. Зайырлылық − мемлекеттің, ал діндарлық − жеке тұлғаның сипаты. Зайырлы мемлекет аясындағы қоғам ішінде діндар да, дінсіз де, құдайды мойындағанмен, құлшылық жасамайтындар да қатар өмір сүре береді. Олардың барлығы да зайырлылық қағидаттарын, мемлекет заңнамаларын мойындамаса, оның аясында тіршілік ете алмас еді. Яғни зайырлы көзқарастарды қабылдап, олардың да дамуға құқылы екенін мойындау – зайырлы мемлекеттегі дінді-дінсіз әрбір азаматқа тән ерекшелік (тіпті өздері оны толық сезінбеген жағдайда да).

Ал зайырлылықтың басты қағидаттары өзіміз білетіндей – ар-ождан және діни сенім бостандығы, құқықтық қорғалу, адамгершілік-өнегелілік қағидаттардан бастау алатын жоғары рухани құндылықтар, өзара құрмет, түсіністік, мәмілегерлік (толеранттылық) ұстанымдарына негізделген ұлтаралық және дінаралық татулық секілді мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен дамуына септесетін қағидаттар.

Әрбір дәстүрлі дінде зайырлылық қағидаттарымен үндесетін көзқарастар мен құндылықтар жеткілікті дәрежеде кездеседі. Әсіресе ата дініміз исламда зайырлылық қағидаттары мейлінше терең орныққан. Ислам шариғаты мемлекетте өмір сүріп жатқан адам өмірінің барлық қоғамдық қырларын, барша қатынастарын реттеуге бағытталған, бұл орайда діндарлық деңгейіне қатысты ешбір алалау орын алмайды. Сондықтан шынайы мұсылман адам зайырлы көзқарастары да берік тұлға бола алады.

Ал «қазіргі қазақ әйелі қандай болуы керек?» деген сауалға келсек, «осындай болу керек» деп ешкімді қалыпқа құя алмайтынымыз белгілі. Тілегім ретінде айтар болсам, қазіргі қазақ әйелі азамат әйел болуға тиіс. Бәлкім, мәжбүр... «Азамат болу» дегеніміз қоғам өмірінен ойып орын алу деген сөз емес. Бесік тербетіп, үй шаруасында отырған әйел де нағыз азамат әйел бола алады. Өйткені, нағыз азаматты сол тәрбиелейді. Тек бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететінін сезінсе болғаны. Елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білсе, қазіргі қазақ әйелі үшін одан үлкен қайраткерлік жоқ. «Әйелдің жақсысы еркектің жақсысынан да жақсы, еркектің жаманы әйелдің жаманынан да жаман» деген нақыл бар қазақта. Артық жаралған адам әлемде жоқ, ал «әр қазақ – менің жалғызым» болып отырған біздің жағдайымызда, әйел-ер демей, ешқайсымыздың жаман болуға хақымыз жоқ.

Қазақ қашанда үлгісіз ұлт болған емес. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ. Қазіргі таңда да көптеген қазақ әйелдері сол ұлағатты үрдісті үздіксіз жалғастырып келеді. «Қазақ қызы» деген атқа лайық болудың өзі аз мәртебе емес. Ұлт болып ұйысқаны үшін қазақ ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар. Тегі бір татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимов өткен ғасырдың басында «Қазақ қызы» атты романымен әйел-аналарымызға арнап әдеби ескерткіш соғып еді. Түптің түбінде қазақ қызына арналып еңселі бір ескерткіш орнатылуы қажет сияқты.

Ал қоғамдық қызметке әйелдердің араласуы мәселесіне келсек, бұл біз айтпасақ та, ерікті-еріксіз болып жатқан үдеріс. Оған жоғарыда біраз тоқталдық. Екінші жағынан, қазақ әйелі қашанда белсенділігімен ерекшеленгенін ұмытпауымыз керек. Атамыз қазақ ел басына күн туса, ер-азаматтармен бірдей атқа қонған, бейбіт күнде білігі асса – билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей таласқан әйелдеріне құқық атаулыдан тыйым салып көрген жоқ. Одан дәстүрлі қазақ қоғамы ұтпаса, ұтылмағаны тарихымыздан белгілі. Соның нәтижесінде қазақ халқы үлгілі ұлт болды. Қазақ әйелі азамат әйел болды.

Әйел адамдардың белсенділігі төмен, тіпті жоққа тән елдерге қарап отырып, шынында да әйел қолы отбасына ғана емес, тысқары қоғамға да қажет екенін еріксіз сезінесің. Тағы да қайталаймын, біз көп санды халық емеспіз. Біздің жағдайымызда әйел, еркек демей, әрбір азаматтың орны бөлек. Әйелдердің тұлға ретіндегі, азамат ретіндегі әлеуетін толық мәнінде жүзеге асыруына қоғамда да мұқтаждық бар. Қазақстандық әйел азаматтарымыздың қоғамдық өмірдегі белсенділігін, ғылым-білімнің, техниканың, өндірістің дамуына қосқан елеулі үлесін ескерер болсақ, әйелдердің қоғам өміріндегі белсенділігі төмендеп кетсе, бізге үлкен интеллектуалдық залал келері анық.

Тағы бір ескерерлік жайт, қоғам өмірінде тек әйелдер ғана қозғай алатын, бастама көтеріп, жүзеге асыра алатын ерекше мәселелер болады. Бұл әсіресе ана мен бала мәселесіндегі сырт көзге байқала бермейтін көптеген қиындықтарға тікелей қатысты. Осындай мәселелердің өз уақытында шешімін табуында әйел-аналардың орны ерекше. Белсенділіктің өзі жанашырлықтан, қоғамға деген аналық көзқарас пен қамқорлықтан туындайды. Сондықтан әйел-аналарымыздың осы табиғи қасиеті жоғалмауы тиіс.

− Жаһандану жағдайында ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін не істеу керек?

− Ұлттық бастауларға оралу керек. Ұлтты ұлт еткен құндылықтарды қайта тірілту керек. Далада туған дәстүрді тым болмаса санада сақтап қалу керек. Ұрпақ тәрбиесіне, адам тағдырына шынайы жанашырлықпен қарау керек. Әйел-анаға, отбасына қамқорлық жасау керек.

Ең бастысы – рухани-адамгершілік тәрбие саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарсы бағытталған іс-әрекеттерге тосқауыл қойылуы қажет. Мемлекет бір жағынан асқақ гуманизмді, жоғары руханиятты, рухани-адамгершілік тәрбиені насихаттап, екінші жағынан ғаламтор ресурстары мен БАҚ-тарда қаптаған зорлық-зомбылықты, агрессияны, қатыгездікті, тамырсыздықты насихаттайтын арандатушы ақпараттарға жол беріп қарап отырмауы тиіс. Бұл қоғамға, әсіресе жастарға бір қолмен бал, бір қолмен у ұсынғанмен бірдей. Жастарды бағдарынан жаңылдырып, ересек буынның наразылығын күшейтетін, құндылықтардың құнсыздануына, рухани жалғыздыққа соқтыратын мұндай қосұдайлыққа мүмкіндігінше шектеу қойылуы тиіс.

- Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА, «Атырау» газеті, 11.03.2015

Түпнұсқадағы тақырып: «ЕЛДІКТІҢ ӨЛШЕМІ – ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ДӘСТҮРЛЕРГЕ АДАЛДЫҚ»

abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста