Жергілікті тарихшы Бақытжан Ахметбек жұрт "елесі бар үй" деп үрейленетін қараусыз қалған коттедждің астында қуғын-сүргін құрбандарының мәйіті көмілген дейді.
Тарихшының айтуынша, қалада "халық жауы" деген жаламен атылған азаматтардың мәйіті жерленген аумақтар көп, деп хабарлайды Экспресс К.
Арай ықшамауданындағы бірнеше жылдан бері қаңырап тұрған коттедждің астында да жала жабылып, оққа ұшқан азаматтардың сүйектері жатыр. Бұған дейін Экспресс К бұл баспананы елестердің иемденіп алғаны туралы жазған еді.
Бақытжан Ахметбектің айтуынша, атылғандар жерленген аумақтар мемлекеттің қорғауына әлі күнге алынбапты. Ол елеусіз қалған қорымдарға қасіретті жылдардың белгісі міндетті түрде қойылуы керек дейді.
Мынау елесі бар үй деп жүрген баспана солардың мазарының үстінде тұр. Репрессия құрбандарын жерлемеген ғой. Әкеп көме салған. Бұларды ел білуі керек. Белгі қойылуы керек. Қазір аяққа тапталып жатыр, — дейді тарихшы.
Ресми дерек бойынша Сыр бойында 220 адамның қуғын-сүргін құрбаны болғаны белгілі. Алайда тарихшы өңірде сол жылдарда жала жабылып, атылып кеткендер саны бұдан көп дейді. Бақытжан Ахметбек қазір оларды анықтап, жаптым жала, жақтым күйенің құрбандарын ақтап алу үшін жұмыс істеп жатқанын айтады.
Ақталмаған адамдар өте көп. Мысалы, көтеріліс басшысы болған Ақмырза Ишан әлі ақталмады. Сондай-ақ Қармақшыда алтындардың көтерілісі болған. Олардың басшылары ақталмады. Біз қазір мемлекетпен бірлесіп, марқұмдарды ақтап алуға міндеттіміз, — дейді Бақытжан Ахметбек.