Өнерсүйер жұрт дария бойында қоныс тепкен Қызылорда облысын «Сыр елі – жыр елі» деп атайды. Расында, бұл өңірде небір күміс көмей сүлейлер мен бұлбұлдай сайраған әншілер, небір жақсы мен жайсаңдарының дүние есігін ашып, кіндік қаны тамған. Осындай өресі биік, өнегесі мол жандардың дауыстарын кейінгі ұрпаққа аманат ету біздің басты парызымыз болса керек-ті.
Жақында Сыр бойында игілікті іс жүзеге асты. Дария бойындағы дарабоз атанған белгілі қайраткерлер, өнер және мәдениет саласындағы майталман жандардың кезінде жазып алынған дауыстары жинақталған “Қайталанбас дауыстар” атты антологиясы жергілікті жұрттың қолына жол тартты. Онда халықтың ардақ тұтар азаматына айналған 225 белгілі есім енгізіліп отыр.
Берік ЖҮСІПОВ, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің өңірде “Сыр сүлейін сұрасаң” атты музыкалық антология жарық көрген. Онда аймақта сақталған дәстүрлі әншілердің, жыршылардың мақам саздары, күйшілердің туындылары енген. Соның нәтижесінде, өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін жеткен туындылар қамтылған. «Қайталанбас дауыстар» – соның жалғасы іспеттес дүние.