Қызылордада кене шаққан 4 адам қайтыс болды
Мамандардың айтуынша кене оларды жайылымдық жерлер мен егіс алқаптарында шағып алған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Облыстың бас санитар-дәрігері биыл облыста кененің тым көбейіп кеткенін айтады.
Жыл басынан бері кененің шағуынан болатын конго-қырым гемморагиялық қызбасы 14 науқастан анықталған. Олардың 4-еуі ауруханада көз жұмған.
Соңғы кісі өлімі кеше Жалағаш ауданында тіркелген. 50 жастан асқан марқұмға улы кене мал бағып жүргенде, жайылымда жабысқаны белгілі болды.
- Бізде өткен қыста ауа райы жылы болды. Яғни кенелер үшін қолайлы болды. Сондықтан кене көп. Жыл басынан бері 600 адамды кене шағып, дәрігерге жүгінген. Біз қазір улау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — дейді облыстың бас санитар-дәрігері Әлия Әбдіқайымова.