2014 жылы елімізде «Қызыл кітапқа» енген жануарларды атудың 10 дерегі тіркеліп, осы дерек негізінде Қазақстанның табиғат қорғау заңнамасын бұзған 21 адам құрықталыпты. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлап отыр. Заңсыз аңшылық бағытында браконьерлер негізінен қарақұйрықтар мен арқарларды аулаған. Бұл жануарлар «Қызыл кітапқа» енген. «Қызыл кітап» Халықаралық табиғат қорғау одағының, халықаралық дәрежедегі құжаты. Оған сирек кездесетін, жылдан жылға азайып не жойылып бара жатқан, сондықтан да айрықша қорғауды қажет ететін жануарлар мен өсімдіктердің түрлері тіркеледі. Тіркелген сәттен бастап олар ерекше қорғауда болады. Біздің елімізде де біршама аң-құс, өсімдіктер «Қызыл кітапқа» енген. Алайда табиғат қаскөйлерін олардың «Қызыл кітапқа» енгені ойландырар емес.
Ең сұмдығы «Қызыл кітапқа» енген аң-құстардың ерекше қорғауда, мемлекеттің қамқорлығында екенін біле тұра, бас пайдасы үшін қырғандарға қатысты жазаның жеңілдігі болып отыр. Мәселен өткен жылы «Қызыл кітапқа» енген аңдарды атқаны үшін ұсталған 21 адамға тағайындалған жазалар тіпті айтуға да тұрмайтындай. Сот шешімімен үш адам екі жылға бас бостандығынан айырылса, екеуі шартты түрде сотталған. Қалғандарына жануарлар әлеміне келтірген шығынның орнын толтыру талап-арыздары берілген. Жаза жеңіл ме, ауыр ма? Негізі «түлкінің құйрығы өзінің соры» дегендей «Қызыл кітапқа» енген қайбір аң болмасын өзінің бір артықшылығымен адамзаттың көзіне түскен деуге болады. Мәселен киіктің немесе бұғының мүйізі қымбат бағаланғандықтан оны әдетте броконьерлер шетелге өткізуге әуес. Сондықтан мүйізі үшін атып өлтіріп, мүйізін кесіп алып, ал денесін қан сасытып далаға тастап кете баратындар жетерлік. Ал халықаралық дәрежедегі «Қызыл кітапқа» енген, мемлекеттің ерекше қамқорлығындағы аң-құстарды өзінің бас пайдасы үшін атқандарға бір-екі жылға бас бостандығынан айыру немесе шартты түрде жаза тағайындай салу дұрыс па?! «Қызыл кітап» «қорғаған» жан-жануарларды біз қорғай алып отырмыз деп айта аламыз ба?
Сондай-ақ көктемнің хабаршысы бәйшешектер де жойылып бара жатқан өсімдік ретінде «Қызыл кітаптан» орын алған. Осы ерекше қорғауға алынған бәйшешектердің бір шоғы қазіргі таңда көктемнің лебі басталғалы бері Алматы көшелерінде 200 теңгеден сатылуда. Ал оны сатушыларға бар болғаны 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады екен. Тіпті бәйшешекті заңсыз сатушы қайталап ұсталса 10 АЕК көлемінде айыппұл белгіленеді екен. Айналып келгенде бар жаза айыппұлмен ғана шектелетін көрінеді. Сатушылар да «Қызыл кітапқа» енген ерекше қорғаудағы өсімдікті болмашы тиын тебен үшін сатуға шығарып отыр. Әдетте гүл сатушылар бәйшешектерді Талғардан сатып алып келетінін айтуда. Бір қызығы олардың бәйшешекті сатып бастағанына он шақты күн өтсе де құқық қорғау органдары тарапынан ешкім ескертпеген, айыппұл да салмаған. Демек «Қызыл кітапқа» енген аң-құс, өсімдіктерге заң түгілі құқық қорғау органдары да қорған бола алып отырған жоқ деуге болады.
Алматы қаласы Медеу аудандық табиғатты қорғау полициясының инспекторы Өмірғали Тоқсанбаев бәйшешек сатудың заңсыз екенін айта келіп, «таяу уақытта табиғатты қорғау полициясы прокуратурамен бірге рейд шараларын жүргізеді, жеке тұлғаларға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайтара заң бұзған адамға 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал заңды тұлғаларға айыппұл көлемі үлкен», - дейді. Демек бәйшешекті заңсыз сатушыларға қыз келіншектер мерекесі 8-наурызға дейін қауіп төніп тұрған жоқ деуге болады. «Қызыл кітапқа» енген аң-құстарды атқандарға шартты жаза тағайындап, гүлдерді жұлғандарға болмашы айыппұл салып жүре берсек, өзі сиреген, жойылудың аз-ақ алдында тұрған аң-құс, өсімдіктерді таяу арада таппай да қалатын шығармыз.
Сәдібек ТҮГЕЛ, эколог:
- Заңсыз аң аулаушылар «Қызыл кітапқа» енген аң-құсты аулау кезінде олардың арнайы кітапқа енгенін, ерекше қорғауда екенін біле тұра аулайды. Қасақана табиғатқа залал келтіруге тырысады. Бас пайдасын көздейді. Тығылып аулап, жасырып сатып, шетел асырады. Сондықтан олардың қасақана істелген әрекетіне сай, жаза да жеңіл болмауы керек. Бізге ең алдымен жалпы табиғатқа жанашыр болатындай мықты заң керек. Менің ойымша біз «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарларға, құстар мен өсімдіктерге жеткілікті дәрежеде қамқор бола алып отырғанымыз жоқ. Броконьерлер оларды қалауынша атып, сатып, жойып, бас пайдасына жаратып жатыр. Олардың жойылып бара жатқаны, ерекше қорғауда екені, «Қызыл кітапқа» енгені оларды ойландырмауда. Өйткені оларға тағайындалатын жаза оларды ойландыратындай дәрежеде емес. Жалпы елімізде табиғатқа жанашырлық өте төмен деңгейде. Табиғаттың қай байлығы болмасын аяусыз тоналып жатыр. Осы жағдайда ең болмаса «Қызыл кітапқа» енгендеріне ерекше қамқорлық жасай білсек дұрыс болар еді. Өйткені осы бетімізбен кете берсек, оларды мүлдем жоғалтып аламыз. Неге халықаралық деңгейдегі қорғалып жатқан аң-құс, өсімдіктер біреулердің жеке мақсаты үшін жойылуы керек?! Сондықтан тез арада табиғатты қорғауға қатысты, жазасы күшейтілген, әсіресе «Қызыл кітапқа» енген аң-құсты жойғаны үшін залалының орнын бірнеше есе көбейтіп қайтаратындай жаза қарастырмасақ «Қызыл кітапты» ғана құшақтап қалуымыз әбден мүмкін.