Қыздардың омырауына қатысты дау мәжіліске жетті
Депутаттар Білім министрінен 8-ші сыныпқа арналған Қазақстан тарихы пәніндегі анайы ақпаратқа жауап берулерін талап етті деп хабарлайды КТК арнасы.
Оқулықта: «қазақ қыздарын күйеуге шыққан әйелдерден ажырату үшін қос анарына қысып білген» деген мәлімет бар. Депутаттар бұдан бөлек, Сәрінжіповтың оқулықтарда өріп жүрген қатесін бетіне басып, оңбай қойған кітапқа бюджеттен ақша бөлмеу керек деп қорқытты. Ал министрдің мақтанып мәжіліске әкелген кітабы жыртылып ұятқа қалды.
Білім министрлігі жыл сайын жаңартатын мектеп оқулықтарын мәжіліске кезекті рет көтеріп келіп, жетістіктерімен мақтанбақ болған. Бірақ, парламенттегі кітап көрмесі сәтсіз басталды. Ұзын-сонар сөредегі сонша оқулықтың ішінен депутаттардың көзі дәл Қазақстан тарихына түсіп, шенеуніктердің басы бәлеге қалды.
«Бар, бар, емшегінен ұстайды деген. Басқаша жақсы тілмен көрсетуге болады. Ал, емшегін ұстап анықтады деген не сұмдық ? Орыстардың аудармасы неге керек? Ол Кеңес өкіметі кезінде жазылған», — деп дауласты халық қалаулылары.
Депутаттардың даулап тұрғаны 8-ші сыныпқа арналған Қазақстан тарихы. Оқулықта қазақ қыздарының намысына тиетін, анайы ақпарат бар деп бұған дейін ұстаздар наразылық білдірген.
«Аузым бармайды. Қайтейін, оқып берейін. Қыздардың күйеуге шыққанын өзге әйелдерден айыру үшін олардың емшегін ұстап шығуға дейін барған дейді. Бұны оқулыққа кіргізуге бола ма?», — дейді тарих пәнінің мұғалімі Катаин Уәли.
Білім министрлігі тарих пәніндегі сорақылыққа қатысты мардымды жауап қатпады. Есесіне, биыл 1-ші сыныпқа арнап қазақ тілінен баламасы жоқ, жаңа оқулық жазып шықтық деп мақтанды. Оған қазынадан 70 миллион теңге жұмсалыпты. Шенеуніктер сол кітаптарды депуттарға түгел тараптып, сүйінші сұрамақ болып еді, тағы да жолдары болмады.
«Мұнда бір жұмбақты жазыпсыздар. Тіл ашар дейді. 1-ші сынып. Жұмбақта былай жазылыпты: Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық. Бұл не жұмбақ па, жаңылтпаш па? Жаңа Халық қаһарманы әріптесім сұрады, айтып берші деп. Әлі шешпедім», — дейді мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев.
Тіпті су жаңа кітап депутаттардың қолына тимей жыртылып қалды. Ал кітап басуды мемлекеттік өз қолына алсын деген бастамаға Сәрінжіпов үкімет келістірмейді деп қарсы шықты. Одан қалды бас мұғалім бастауыш сыныпты кітаппен қамтуға бөлінген 14 миллиардтты жеткізе алмай тағы 2 миллиард сұрап отыр.
«Құрметті әріптестер, министрлік жаңа бюджет үшін тағы келеді. Мен оқулыққа енді бір тиын да қоспайық деген ұсыныс жасаймын. Балама оқулықтарды қысқартып, нақты бір кітапты жазып шықсын, сөйтіп шығынды қысқартсын. Сонда ғана нәтиже болар», — деді мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева.
Ал Білім министрін депутаттар 4 сағат бойы тоқпақтады. Бірақ сөзден сүрінбейтін Сәрінжіпов айтылған сындарды жаңа оқу жылында түгел түзеймін деп ант-су ішті. Тіпті 10-тамызға дейін еліміздегі бүкіл мектепті кітаппен қамтып үлгеруге уәде етті. Оқу жылы аяқталып, алда тест келе жатқанын ескерсек, бас мұғалімнің басы әлі талай даудан арылмасы анық.
Дерек көзі: КТК