"Сиқырлы" дәрілердің сергелдеңі! Еркектің қуатын арттырып, ал келіншектерді қыздай құлпыртатын дәрілер бір сәттік бақытқа бөлеген соң өмір бақи баласыз қалдыруы мүмкін, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Қара нарықта қаптаған түрлі қытай қоздырғыштарынан төнген қауіп жөнінде мамандар дабыл қағуда. Бүгінде ер азаматтардың 40 пайызы күмәнді дәріні ішемін деп бедеулікке ұшыраған. "Ұлы сөзде ұят жоқ"! Азаматтар белдің қуатын өсіремін деп жүріп белсіз қала жаздаған. Бүгінде олардың саны жүздеп саналады.
Көбісі артық қыламын деп тыртық қылады. Ауруханаға жыныс мүшем неге қысқа деп шағым айтып келетіндер көп екен. Адамдардың табиғаттың жаратылысына қарсы шығуына түрткі болған жарнамалар екен. Жіңішкені жуандатып, қысқаны ұзартып беретін препараттардың кімнің де болса қызығушылығын тудырмай қоймайтыны анық. Қытайдан әкелінген дәрілерді сатушылардың өздері "сиқырлы" күшке ие деп мақтауын жер-көкке сыйдырмай, ғаламтор арқылы емін-еркін саудалап жүр.
Бүгінде еркектерді "ерен күш" иесі етіп етіп қоймай, әйелді қыздай құлпыртатын дәрілер де емін-еркін сатылуда. Қытайда жасалған "Супразин" деген ғажап таблеткалар эрекцияны күшейтіп жыныстық қатынасты ұзаққа созады екен. 10 таблеткасын 6500 теңгеге еркін сатып алуға болады. Арасында, тіпті омырау өсіретіндері де бар. Ал осындай қытай қоздырғыштарын ішкен адамдар енді перзент сүю бақытынан айырылған.
"Бұл дәрілердің құрамында не бар, не жоғы белгісіз. Қытай медицинасы деп мақтағанымен, оның нақты дәлелі жоқ. Есесіне қанша жігіттер белсіздікке душар болуда", - дейді андролог Владимир Арепьев.
Қазір ер азаматтардың 40 пайызы осындай препараттардың әсерінен белсіздікке ұшыраған. Сау басына сақина тілеп алғандардың бірі – Орынғали. 32 жасқа жаңа толған жігіт қытай дәрісіне қызығып, ақыр аяғында еркектік мүшесін отаның арқасында әрең аман алып қалған.
"Жыныс мүшесін үлкейтеді екен. Еркектік қуатын арттырады екен деген сияқты неше түрлі жарнамаларын беріп қойған. Мен соның барлығына қызықтым. Бар ойым тек қыздар туралы ғана болды. Артынан ауруларға шалдыға бастадым. Еркін жүріп-тұруым қиындады. Жасыру мүмкін болмай кетті", - дейді Орынғали.
Күмәнді дәрілерге ешбір құзырлы орган қызығушылық танытпаған сыңайлы. Кез-келген жерде сатылып жатқанына қарап олай демеске амал жоқ.
Ұрығы сұйылып, салдарынан ауруханаларды жағалап кететіндер күннен күнге көбеюде.
"Сиқырлы" дәріні ішкенін көбі жасырып, тіпті мойындамайтын көрінеді. Ал есесіне, не тіркеуі, не тілдей құжаты да жоқ сол дәрілердің саудасы әлі де қызып тұр. Қажет десеңіз, тіпті, үйіңізге дейін жеткізіп береді екен.