Қылмыскерлер жасарып барады
Қазіргі таңда елімізде 17 000-нан астам жасөспірім қылмыстық есепте тұр. Ал былтырғы жылы балалар қолымен жасалған қылмыстардың саны 5 мыңды құраса, биылғы жылдың басынан бері 2 мыңдай бала кездейсоқ қылмыстардың құрбаны болып үлгерген. Жалпы, жасөспірімдердің қылмысқа қатыстылығының артуы қоғамда алаңдатарлық жағдай тудырып отыр. Былтырғы жылы Тараз қаласындағы жасөспірімдердің қылмыстық топтармен байланысы бүкіл елімізді шулатқаны да есімізде.
Сондай-ақ құзырлы органдар тарапынан да «оқушылардың суық қару қолдануы қалыпты жағдайға айналып барады» деген дабыл қағылуда. Осыдан болса керек, оқушылардың жазғы демалысы кезінде еліміздегі тәртіп сақшыларынан да маза кетеді. Сабақтан босаған балалардың түрлі қылмыстарға үйірлігі артатынын айтып, алаңдаған Ішкі істер министрлігі, тіпті, «кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі мезгілде көшеде жүрулеріне тыйым салынсын» деген бастама көтерді. Өйткені қолда бар мәліметтерге қарағанда, тіркелетін қылмыстардың 80 пайызы қас қарайған кезде жасалатын көрінеді. Осыдан келіп құзырлы органдар түнгі уақытта жасөспірімдердің көшеде жүруіне тыйым салуға асығып отыр. Ал осы уақытқа дейін жасөспірімдерге түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүруге тыйым салынған болатын. Егер беймезгіл уақытта кәмелет жасына толмаған жасөспірім ойын-сауық орталықтарының бірінде тәртіп сақшысының көзіне түсер болса, жасөспірімнің ата-анасы мен көңіл көтеру орындарының қожайындарына айыппұл салынады. Әзірге кәмелеттік жасқа толмағандардың аяғына тұсау салар заң жобасы Мәжіліс депутаттарының талқылауында жатыр.
Егер заң жобасы мақұлдана қалған жағдайда жасөспірімнің түнгі 23:00-ден бастап таңғы 06:00-ге дейін көшеде жүруіне тыйым салынады.
Осы орайда айта кетер жайт, жасөспірімдердің көшеде жүруіне тыйым салғанша алдымен олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға неге күш салмасқа?! Балалардың емін-еркін жүруіне тыйым салатын заң жобасын дайындағанша, алдымен, спортқа бейімі бар балаға жазғы уақытта спорт секцияларына тегін кіре алатындай, өнерге бейімі бар өрендердің талабын ұштайтын мәдени үйірмелерде басын қосатындай жағдай неге жасамаймыз? Онсыз да бүгінгі күні балалардың баратын жері қалмады десе болғандай. Ал енді олардың көшеде жүруіне тыйым салсақ, үйге қамалған баланы компьютер мен теледидар тәрбиелейтіні сөзсіз. Бүгінгі таңда қаланың баласын ауылға демалуға жіберетіндей ауылдың да жағдайы қалмады. Ал қалада жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған аулааралық клубтарды айтпағанда спорт сарайларының балаларға арналған үйірмесінің бағасы аспанға ұшып тұр. Мәселен, Алматы қаласында жоғары оқу орындарының спорттық стадиондарынан бөлек, «Динамо», «Спутник», «ЦСКА» секілді жекелеген спорт сарайлары жетіп-артылады. Алайда олардың қай-қайсысында болмасын, балаларға арналған дзюдо, грек-рим күресі, мини-футбол, суда жүзу секілді спорт секциялары болғанымен бірде-біреуі балаларды ақысыз босағасынан да аттатпайды. Ал ақылы үйірмелердің бағасы 5 мың теңгеден жоғары. Сонда отбасындағы бір баланың жазғы демалыстағы бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін кем дегенде 20-25 мың теңге қажет (стадионға барып келуі мен секцияға төленер ақысын қосқанда). Ал мұны кез-келген ата-ананың қалтасы көтере бермесі анық. Осындайда, бәлкім, қалың қазақтың қанын қыздырып, спортта намысымызды ешкімге бермес футболға немесе бокске бейімі бар жас өрен ақылы стадионның есігінен сығалай алмай жүр ме екен деген ой да еріксіз ойға оралады. Осы орайда айта кетер жайт, Кеңес Одағы кезінде жаз болса «Пионерлер үйіне» жиналатын балалардың әрқайсысының бейіміне сай үйірмелердің болуымен қатар, ол үйірмелердің тегін қызмет көрсетуі бүгінгі жасөспірімдерге ертегі секілді көрінетіні де рас.
Қазіргі таңда ұстаздық қызметтегі кез-келген адам жыл өткен сайын оқушылар тәртібінің, психологиясының жылдам өзгеріп бара жатқанын жасырмай айтады. Бұл – жаһандану процесінің алдын ала болжанған «нәтижесі». Ендігі жерде мектептегі жасөспірімдердің тәртібіне әсер етер мектеп инспекторы қауқарсыз. Сондықтан балалардың тәрбиесіне қатысты мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын арнайы жобаның қажеттігі алдыңғы орынға шығады. Әйтпесе үйге қамалып, теледидар мен компьютер тәрбиелеген баладан ертеңгі ел сеніміне лайық азамат шықпасы анық. Күнделікті кабельді 70-80 каналдық теледидар мен интернет беттеріндегі зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, секс пен эротика мектеп жасындағы балалардың миын аяусыз улап бітті. Ғалымдар балалардың 88 пайызы теледидардан не көрсе, күнделікті өмірде соны қайталауға тырысып тұратынын дәлелдеген. Осыдан болса керек соңғы кездері жасөспірімдер арасындағы іс-әрекеттер күрделі сипат алып барады. Мәселен, соңғы бір-екі жыл көлемінде еліміздегі орта мектеп оқушыларының құрбыларын соққыға жығып, іс-әрекеттерін ұялы телефонға түсіргенімен қоймай, бейнекөріністі ғаламтор арқылы таратқан оқиғалары бірнеше рет қайталанған. Ал қанымызға жат, әдетімізде жоқ мұндай әдетті бала қайдан алып отыр? Ендеше бүгін теледидардан атыс-шабысқа толы киноны көрген баладан ертеңгі күні қылмыс әлемінің серкесі шығары сөзсіз. Сондықтан үйдегі баланы теледидар тәрбиелегенінен, баланы үйге қамаудан ештеңе ұтпайтынымыз түсінікті де секілді. Сондай-ақ соңғы уақытта ата-аналардың да балаларына бөлер уақытының азайғанын ескерсек, баланы жаз мезгілінде бос уақытын тиімді ұйымдастырар мекемеге тапсырудың қажеттілігі туындайды.
Жасөспірімдер тәртібінің қожырап бара жатқанының тағы бір дәлелі, биылғы түлектердің мектеп бітіру кешінің алдында «Қоштасу кеші» жедел алдын алу іс-шарасының екі күндік нәтижесінде бір ғана Алматы қаласының өзінде арақ ішіп, есірткі шеккен 30 жасөспірім полицейлердің құрығына түскен.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, бүгінгі бала ертеңгі болашағымыз екенін ескерсек, жасөспірімдер тәрбиесін, ең алдымен, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды дұрыс жолға қоюдан бастау керек секілді.
Айгүл ШӨПШЕКБАЕВА, Алматы қалалық ІІД-нің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімінің бастығы:
– Жазғы демалыс жақындаған сәттен бастап ата-аналармен, мектеппен және қала әкімшілігімен бірлесе отырып, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың жоспарын жасай бастаймыз. Айта кетер жайт, балалардың жазғы демалыс кезінде көңілін аулайтын орындар аздау. Мәселен, Алматы қаласы бойынша 31 ғана аулааралық клубтар бар. Ал бұл 1,5 миллион халқы бар қалаға өте аз екені айтпаса да түсінікті.