Қазақстанда «Қызыл кітапқа» енгізілген құстардың саны жыл сайын көбеюде. Себебі бізде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан құс түрлерін қолдан өсіріп-көбейтетін арнайы бағдарлама жоқ. Орнитологтер осылай деп отыр.
Бір кездердегі әйгілі Хвалын теңізінің жұрнағы – Жайықтағы жағдай тіпті алаңдатады. Ежелгі теңіз шегінгеннен кейін орнында қалған сулы-батпақты өлкеде аң-құстың неше шұрайы айран-асыр тірлік кешкен. Өзен-көл аңғарларынан арагідік табылатын солтүстік бұғысының, жабайы мүйізтұмсық пен мамонттың сүйектері сөзімізге дәлел бола алады. Қарт Қаспийге итбалық пен арқанбалық та осы ежелгі теңізден барды деген болжам бар. Тарихқа тереңдемей-ақ, XIX ғасырдағы ахуалға көз жүгіртейік. Белгілі орыс саяхатшысы Г. Карелин Орал өңірін аралап жүріп, бір ғана құстың 345 түрін хатқа түсірген. Және бұл құстардың барлығы көршілес Атырау мен Орынбор облыстарын да мекендейді деп мәлімет беріпті.
1929 жылы Жайық бойымен саяхат жасаған жазушы Алексей Толстой өзінің «Аңшы күнделігінен» атты жолжазбасында: «Бұл өңірдің шөбі адамның бойынан асады. Үйеңкі мен қайың қаптап өскен тоғайда келе жатсаң, табаныңнан астынан шіл мен құр пыр-пырлап ұшады. Бұл – аңшы үшін нағыз жұмақ жер» деген екен. Барылдауық үйрек, қоңыр қаз, қасқалдақ, дуадақ, сары шымшық, балшықшы құс және тағы да басқа толып жатқан қанаттылардың қазір орнын сипап қалдық. Бірін етті болғаны үшін атып алсақ, екіншілерін жай ғана ермек үшін қырып салдық. Мысалы, бүгінде дуадақ – күллі Қазақстан үшін сирек құс. Ал осыдан бір ғасыр бұрын Жайық өңірін дуадақсыз көзге елестету мүмкін емес-тұғын. Топ-тобымен жүретін, салмағы 10 келіге дейін жететін бұл құстың да «ажалы» аңшылардан болды. Әсіресе қыс кезінде қанатына мұз қатып ұша алмай қалған дуадақты атпен қуып жетіп соғып алатындар табиғаттың байлығын емес, қарынның тоқтығын ойлағаны айдан анық.
«Шынтуайтында, бұл құс шөптің дәнімен, ұсақ жәндіктермен қоректеніп, табиғатқа орасан зор пайда әкеледі. Бір дуадақ бірнеше гектар жайылымдық жерді сақтап қалады» дейді ғалымдар. Каспий жағалауы мен Жайық бойында қырғынға ұшыраған – жалғыз дуадақ емес. Аққұтан мен аққу да ашкөздіктің құрбанына айналды. Аққұтанды әдемі қауырсыны үшін, ал аққуды нәзік мамығы үшін аулады. Осындай жауыздықтың салдарынан Қазақстанның «Қызыл кітабы» бірнеше мәрте жаңғыртылып басылып, оған енген сирек және жойылудың алдында тұрған құстардың қатары өсуде. Бір айта кетерлік жағдай – «Қызыл кітапқа» кіргізілген еліміздегі барша құс атаулының тура үштен бірі Жайық өңірінің еншісіне тиеді екен. Олардың арасында қызыл және бұйрабас қоқиқаз, жалбағай, қиқылдақ, қарашақаз, шүрегей үйрек және басқалары бар.
Әрине, Кеңес Одағы тұсында көптеп құрылған қорықтар мен заказниктер құстардың түбегейлі жойылып кетпеуіне септігін тигізді. Дегенмен соңғы жылдардағы қиындықтар құс қорғау шараларын тағы қиындатты. Тіпті кей жерлерде құстың санын өсіру емес, сақтап қалу жөнінде әңгіме қозғауға мәжбүрміз. Судың азаюы, жайылымның тарылуы, урбанизация, жабайы туризм, жағымсыз экологиялық факторлар да құстардың өсуіне кедергісін тигізіп жатқаны рас. «Мүмкін, біз кейбір факторларды өзгерте алмаспыз. Бірақ мемлекеттік деңгейде сирек және жойылып бара жатқан құстарды қолдан өсіріп, табиғи ортаға жерсіндіруге арналған арнайы бағдарлама қабылдауымызға болады ғой. Бұл шаруаны атқару үшін бізде мамандар да, қаржы да жеткілікті. Жетпей тұрғаны – тек ниет қана», – дейді зоология ғылымының докторы Қанағат Айқанов.
Әзірге сирек құстар мәселесін шешуді тек жеке питомниктер мен шағын кәсіпкерлер қолға алып отыр. Солардың бірі – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының тұрғыны Ербол Кенжалиев қаланы ауылға айырбастап, туған жерде қырғауыл өсіруге кірісті. Бүгінде фермасында 400-дей құс бар.
Ақсоғым ауылының 33 жастағы тұрғыны туғанынан табиғатқа жақын. Ат жаратып, тазы жүгіртеді. Үй құстарын да өсіреді. Қаз-үйрек пен тауықты айтпағанда, ауласында бөдене, мысыр тауығы, қырғауыл қаптап жүр.
Ербол КЕНЖАЛИЕВ, кәсіпкер:
– Қырғауылдың екі түрін өсіремін. Румын қырғауылында павлиннің түсі бар. Оны таңдаған себебім – тоғаймен түстес, қоңыр-жасыл. Сарылары – аңшылық қырғауылы. Оларды қамыста жүруге асыраймын. Қырғауылдың еті дәмді, жұмыртқасы нәрлі. Салмағы тауықпен шамалас. Менің көздегенім – оны етке тапсыру емес, қырғауылға арналған аңшылықты дамыту. Осы оймен Жайықтың жағасынан жер алдым. Болашақта демалыс базасын, аңшылық шаруашылығын дамыту жоспарымда да бар. Қазір 400 қырғауылдың 100-ін еркіндікке жібердім. Егін шаруашылықтары көп болғасын, жемшөптен мәселе жоқ. Бірнеше ауыл адамын жұмыспен қамтып отырмын.
Батыс Қазақстан аумағында табиғи жағдайда кездеспегенімен, бұл құсты болашақта облыстың аңшылық шаруашылықтарынан кездестіруіміз әбден мүмкін. Себебі қырғауыл атуға аңшылардың қызығушылығы орасан. Бүгінде облыста 36 аңшылық шаруашылығы бар. Соның екеуі қырғауыл өсіруге көңіл бөліп, теректілік кәсіпкерден құс сатып алыпты.
Юрий ЧАЛУСОВ, облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы:
– Қырғауыл атудың қызығы мол. Құстар нулы жерде жүреді. Итті жібересің де, үркіп ұшқан қырғауылды нысанаға аласың. Қазір құс ату мерзімі – көктем мен күзде екі аптадан. Ал арнайы өсірсе, демалушыларға жыл бойы жағдай болады.
Мамандардың пікірінше, бұл браконьерліктің азаюына әсер етеді. Қырғауылға құмартқан теректілік кәсіпкердің бастамасы туризмнің дамуына да түрткі болмақ.
Құстарды тек «Қызыл кітаптан» іздеп жүрмейік
Последние статьи автора