Құмар - ойыншықтардың құны артып барады
Төсек төңірегіндегі әңгіме қазақы БАҚ-да бағы ашылмаған тақырыптардың бірі емес. Тіпті айдарынан жел ескен мәселелердің бірі десе де болады. Өйткені көк көрпенің бүлкілі төңірегін қаузаған мақала шықса бітті жұрттың назарын бірден аудара қояды. Оқылымды. Бір күннің ішінде артына бірнеше нөлді ерткен цифлар ертесіне тағы да бірнеше нөлді қосақтап қояды. Ұлттық, халықтық тақырыптағы мақалаларды шаң қаптырып кетеді кейде. Мәселе мазмұнында емес, тақырыбында болса керек. Қалай жазылса да әйтеуір тақырыбы тарта ма оқырман санын арттырып отырғаны. Жә, айтпағымыз бұл емес... Бүгінде көпшіліктің көкірек көзі ашық, көңілі ояу. Барлығынан хабары бар. Тіпті секстен де. «Бізде секс жоқ!» деп зар заман орнататын кеңестің кезі келмеске кеткен. Төсек мәдениетінен көзі ашылып, оның сан қырлы сорабының да дәмін татып үлгерді. «Ойбай, ұят қой...» деп бетін басып, қатты сасып қашып жатқан жұртты көрмейсің. Қайта төсектегі тоят мәселесіне келгенде «білімі мен біліктілігін жетілдіріп» отыратын болған. Тіпті оң жақта отырған қыздарға төсек тәрбиесін үйретеміз дейтіндер бар.
Олар кімдер? Ия, бәсе кімдер?
Алдымен интернет, сосын теледидар, газет, арасында арнайы «продюссерлік орталықтары» да бар. Яғни, еркекті қалай баурап алу, қалай ынтықтыру мәселелерін көзбе-көз отырып үйретеді. Тіпті төсекте өзін қалай ұстау керектігін тәжірибе жүзінде үйрететіндері де бар. Соңында табақтай сертификатын қоса береді. «Бәрін үйренген, төсектің шебері» деген погоны қоса бар. Соткадағы сорақылықтарды айтып ауыз ауыртудың өзі артық. Ал ғаламтордағы «ғажайыптар» өз алдына бір төбе. Бейнероликтері бар, анимациялық фильмдері бар. Тіпті арнайы ойындары да бар. Яғни мультфильм ретінде жасалған ойын. Мәселен, бір қызды сіз қалай қанағаттандырар едіңіз дегендей. Орысша мәтініне әңгіме жоқ. Ал қазақшасына келсек сұмдық енді. Айтуға ауыз бармайтын небір сөздерді жазғанда... Мәшқаррррааааа.... Орысшасының тікелей аудармасы. Осындай-осындайларды көре-көре көсем болғандар тәжірибесі артпағанда қайтеді?..Мейлі, үйренсін, жиренсін... Бірақ соның бәрін кішкене балалар бесіктен белі шықпай жатып-ақ қанығып жатыр ғой. «Папа, мама» ойынын олар беске білетін болған. Интернеттің арқасында. Реферат жасаймыз деп ғаламторға үңілгендерінде жылт-жылт етіп шыға беретін жалаңаш қыздарды ашып көрмейді дейсіз бе?.. Нәтижесі... кәмелетке толмай жатып аяғы ауырлаған қыз... 13-те отағасы атанған ұл. Бұл бүгінде құлаққа әбден сіңісті болған жағдайлар. Олардың осындай қадамға ерте аяқ басуына үлес қосып жатқан көрнекіліктердің арқасы... Айтпағымыз да бұл емес...
Жасанды мүше жарға жықпай ма?
Жейтініміз жасанды тамақ, ішетініміз жасанды сусын. Одан басқа да жасанды дүние жетіп артылады. Енді ол да аз болғандай... жасанды мүшеге күніміз қарап қалмай ма деген қауіп басым. Бүгінде қала біткеннің бәрінде секс-шоп дүкендері жұмыс істейді. Онда не жоқ дейсіз? Еркектің жасанды мүшесі (әйелдікі де бар), үрленетін қыз (батарейкамен жұмыс істейді, үздіккен дыбыс та шығарады) жаны жоқ демесең кәдімгі адамнан аумайды. Страпон дейді, түрлі жақпа майлар, арнайы киімдер... қысқасы тәнді тояттандыруға арналған дүниенің бәрі бар. Осы дүкендердің саудасы бүгінде қыз-қыз қайнап жатыр. Әрине сұраныстың арқасында. Егер сұраныс болмаса сауда болмайтыны тағы анық. Ал алушыларының басым бөлігі өзіміздің қаракөздер. Бағасы... бас айналдыратындай соншалықты қымбат та емес. Қолжетімді. Тәнін пластмас тетікпен тояттандырып жүргендер тірі жанды мойнына масыл қып қайтсін? Ұлдың үйленбей сүрбойдақ, қыздың тұрмысқа шықпай кәрі қыз атануына басты себептердің бірі де осы шығар бәлкім? Кім білген? Ия, расында кім білген? Басқа мәслеледе көзі ашық, көреген бола қойсын, бірақ қазақ қызының тән тоятында тым көп білгені артық шығар енді. Күйеуінен көп нәрсені талап етіп ақыр соңында тым «білгіш» әйелінен секем алғандар талақ етіп жатса кім кінәлі? Осындайда еске түседі Әбіш Кекілбаев «Махаббат мұнарасында»: «Еркектің соры сөзінде де, әйелдің соры көзінде емес пе? Еркек неме айтқаныма жетіп тынам деп тыпырласа, әйел неме көзіме көрінгенді иемденіп тынам деп әуре болмай ма? Сондықтан көңілі сөзден азатын еркек кіндікті көлденең сөзден сақтандырған ата-баба әйелді көлденең көзден қорғаштап баққан ғой. Ақ некелі қосағының құшағынан табылатын төсектен басқа жердің бәрін де ұрғашының көзін қара түндей қара пердемен қымтап ұстаған ата-баба соның бәрін білмей істеді дейсің бе?» дегені дөп келетіндей. Батыста жастардың әбден азғындауға ұшырауы осы көп білгендіктерінен де болар. Бізде де мәз емес. Бүгінде көзі де тоймай көңілі тоят іздегендер айуандықтың неше атасын жасап жатыр ғой...
Мүшеқапты білмейтін елдер де бар...
Құмарды басуға арналған ойыншықтардың бүгінде заманауи индустриясы қалыптасып, жоғарғы технологиялық деңгейге шығып кетті. Ең алғаш АҚШ-та ХХ ғасырдың 20-шы жылдары қарапайым ғана гаражда жасалған ойыншықтар кейіннен үлкен сұранысқа ие болып құмар ойыншықтар империясына айналады деп ешкім де ойламаса керек. Сараптама жүргізген мамандардың өзі секс-ойыншық индустриясының тым дамып кеткеніне таңдай қағып отыр: құмар ойыншықтардың 1 800-ге тарта түрі бар екен. Ал ирландиялықтарды төсекқұмар емес десек те болғандай. Өйткені бұл елде сексуалдық революция гүлдемеген: мұнда секс ойыншықтар мен мүшеқаптарды сатуға қатаң тиым салынған. Ал Америкада сексуалдық «қайта өрлеу» дәуірі туып тұр демеске амал кем. Американдықтар жыл сайын 430 миллион долларға мүшеқап сатып алса, 1 миллиард долларды секс ойыншықтарға жұмсайды екен. Секс ойыншықтар саласындағы ірі ритейлердің хабарлауынша Вайомингте, Аляска, солтүстік Дакотада жан басына шаққанда бір-бір ойыншықтан келеді екен. Ал қашанда бәрінен озуға тырысатын қытайлықтардыкі тіпті таң қаларлықтай. Өйткені мұндағы Гуандун провинциясына қарасты Гуанчжоу қаласында жыл сайын сексуалды мәдениет атты фестиваль өтіп тұрады. Қытайда 1 000-нан астам компания секс ойыншықтар өндірісімен айналысады. Әлемде өндіріліп жатқан өнімнің 70 пайызы осындан шығады. Жылына 2 миллиард долларға жуық бағаға сатылады екен. Резеңкеден жасалған адамнан айнымайтын қуыршақты осында жеңілдікпен 6 400 АҚШ долларына сатып алуға болады. Ал өндіруші компанияларға қайтыс болған жарларынан айнымайтын етіп қуыршақ жасап беруін қалайтындардан өтініш көп түсетін көрінеді. Әрине әлемдік брендтердің көшірмесін айнытпай жасаудың шебері қытайлықтарға бұл түк емес десең де болады... Әлем ғалымдары енді түк қалмағандай «болашақтың сексі қандай болмақ?» деген мәселемен бас қатыра бастады (Енді жетпегені осы еді...). Олай демеске де негіз жоқ емес. Өйткені жуырда ғана виртуалды түрде құмар қандыруға болатынын дәлелдейтін бейнеролик ғаламторды дүр сілкіндірген еді. Жаратылыс бойынша бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын ер мен әйел енді болашақта бір-бірін керек қылмауы да мүмкін екен. Өйткені секс-ойыншық бар, виртуалды секстің де көмегі көп. Әрине Кеңестік идеологиямен «уланғандарға» бұл масқара сұмдық болып естілуі мүмкін. Ал бүгінгі жастар оған «онда тұрған не бар?» -мен жауап береді... Оларға бұл дұрыс емес масқара тірлік қой деп көріңізші, өзіңізге дүрсе қоя береді. «Немене енді қола дәуірімен қайта өмір сүрейік пе? Заманымыз осы...» дейді. Қашанда қай нәрсенің де қараңғы тұсынан қашып, жарық сәулесіне ұмтылатын ұлттың ұрпағы қай мәселенің де күнгейімен жүрсе дегендік біздікі. Батысқа еліктегенмен бәрібір батыс болып кетіп жатқан ешкім жоқ. «Жақсысын үйреніп, жаманынан жирен» деген де атам қазақ. Төсектің түнгі дүбірі демографияға дүбір қосып жатса оған сөз жоқ. Әрине оған жасанды дүниенің қосар ешқандай да жақсылығы жоқ. Сондықтан да нәпсінің тілеуін қанағаттандырудың соқпағын шиырлай беруден сақтансақ..........