Қазір Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов саяси репрессия құрбандарын еске алу үшін Алматы облысының Жаңалық ауылына барып жүр. Талғар ауданына қарасты бұл ауылда репрессия құрбандарына арналған ескерткіш Елбасының қолдауымен 1993 жылы ашылған-ды. Ал Астананың әкімі бұл атаулы датаны атап өту үшін енді Ақмола облысына баратын шығар. Өйткені Астанадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған монумент «ойын-сауық орталықтарының тасасында қалды» деген желеумен Ақмола облысының Ақмол елді мекеніне «жер аударылған» болатын.
Елбасының Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Осы күні жер-жерлерде жұртшылық қызыл саясаттың құрбандарына арналған ескерткіш жанына жиналып, олардың рухтарына тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер Ақмолада, Петропавлда, Алматы облысында, Павлодардың Екібастұзында, Батыс Қазақстан мен Қарағанды өңірлерінде бар. Алайда еліміздің ең ірі әрі бетке тұтар екі қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешен жоқ. «Еліміздің бас қалаларында саяси репрессияға арналған ескерткіштердің болмауы — елдігімізге сын» дейді қоғам қайраткерлері.
Әшірбек СЫҒАЙ, қоғам қайраткері:
– Мен мұны енжарлық деп түсінемін. Сондай-ақ мән бермеушілік, өткенін ұмытушылық деп айтар едім. Әйтпесе қазақтың қаймағы жиналған, саяси-мәдени орталығымызда ескерткіш қоюға не кедергі? Керек десеңіз, олар біздің ел болып, ұлт болып ұйысуымызға қанын төкті емес пе? Солардың рухын ескеруді шенеуніктер ойлануы керек. Мен мұны көңіл бөлмеушілік деп білемін. Басқа ешқандай кедергі көріп тұрғаным жоқ. Еліміздің бостандығы мен келешегі үшін күрескен оғландарымызға Алматы мен Астанадан үлкен мемориалдық кешен орнатуға тиіспіз. Өлген адам өлді, оларға ешқандай марапаттың керегі жоқ. Біз солардың өмірін үлгі етіп, ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуіміз керек емес пе? Олардың батырлығын, елі үшін жасаған жанқиярлық ерліктерін келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырмасақ, ол – біздің азаматтығымызға сын.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Бұрын 31 мамыр ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып аталатын. Алайда неге екені белгісіз, Парламент кейіннен «ашаршылық» деген сөзді алып тастады. Осылайша ашаршылық құрбандары тасада қалып, саяси репрессия аталып жүр. Бұл жерде екеуін бөле-жарып қарауға болмайды. Себебі екеуі де – сталинизм құрбандары. Ашаршылық та, қуғын-сүргін де қызыл саясаттың кесірінен болды. Сондықтан ашаршылық және саяси репрессия құрбандарына арнап мемориалдық кешенін салу – бүгінгі күннің басты талабы. Бірақ мұның іске аспай жатуының бірнеше себебі бар. Біріншісі, 90-жылдардың басында экономикамыз қирап, ел есін жинауы керек болды. Екіншісі – саяси себеп. Ол кездегі жағдайды еліміздегі басылымдар геноцид деп атап жүрді. Егер геноцид десек, онда ол бір халықтың бір халықпен жауласуы немесе бір режимнің бүтін бір халықты жоюы болып табылады. Онымен қоса, мұның арт жағында Кремль тұрды, сонымен қатар «біз – Ресеймен мәңгі бақи достастықта болуды ұйғарған елміз, сол үшін де ертеңгі күні олармен қырғиқабақ болып қалмаймыз ба?» деген саяси сақтық болды. Үлкен мемориалдық кешендерді салуға осылар кедергі болды деп ойлаймын. Енді мұндай жағдайдан қалай шығуымыз керек? Мысалы, оны геноцид емес, «сталиндік режим құрбандары» деп атасақ қалай болады? Сталиндік режимді қазір Ресейдің өзі айыптап отыр. Оның ескерткіштерін түгелімен тұғырынан тайдыруда. Мүмкін, геноцид деп атамай-ақ, «сталиндік қызыл режим құрбандары» деп саясатқа келтіріп, Астана мен Алматыдан үлкен мемориалдық кешен тұрғызуға болады ғой. Осыны біз қазірден қолға алуымыз керек. Мұны кешіктіру – қылмыспен тең. Себебі қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Біз жазықсыз, жоқтаусыз қырылып кеткен бабалардың алдында қарыздармыз. Оларды еске алатын кешендерді салу — бүгінгі ұрпақтың мойнындағы парыз. Егер біз жасамасақ, оны кейінгі ұрпақ бәрібір тұрғызатын болады. Сондықтан бүгінгі билік абыройға ие болғысы келсе, бұл мәселені тез арада шешуі тиіс.
Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 20 жыл болды. Егеменді ел болдық. Экономикамыз да қарыштап даму үстінде. Өзге елдердің арасында да беделіміз жоғары, түрлі шетелдік ұйымдарға төрағалық етіп келеміз. Енді бізге не кедергі? Небір нәубетті бастан өткерген ата-бабаларымыздың шынайы тарихын келешек ұрпаққа жеткізу бүгінгілердің парызы емес пе? Сондықтан қалай да болса, еліміздің ірі қалаларынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешен салатын уақыт әлдеқашан жетті. Ал бұған қос әкім қалай қарайды екен?..