Қонағына бас тартатын қазақ, бұл күнде қыз «тартатын» болыпты...
Ұят туралы әңгіме қозғаудың өзі «ұят» болып барады. Өткен жылдың аяғында Шымкентте бір топ әйел 50 мың теңгеге 14 жасар қыздың «ұятын» саудалаған. Кейіннен прокурорлық тексеру кезінде әрекеті әшкере болғандар жеткіншекті ұзақ уақыт бойы пәтерде қамап ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп келгендігін мойындады. Жайшылықта, «интимдік бизнестің» ауылы қазаққа жырақ қонған деп құқық қорғау органдары саласының мамандары есеп беріп, мақтанып жататын. Ал, мына сұмдықтан кейін олардың ақпары «құмнан құлақ тарттық» дегенмен бірдей болып қалды. Біз өз әлімізше бүгінде көлеңкелі бизнеске айналған «тән саудасы» туралы көз көргенді жұртқа жеткізуге тырыстық.
ТҮНГІ ТОМПЫШТАР
Есіңе француз қоғамының ащы шындығын бейнелейтін Ги де Мопассанның «Томпыш» атты повесі түседі. Әйелдің өмірін әйелден артық суреттей білген жазушының қаламына арқау болғандар—қоғамның ауруы мен адамның соған бейімделуін өз өмірімен дәлелдеп беретін нәзік жанды кейіпкерлер-тұғын. Ондағы Томпыш—жезөкше. XIX ғасырдағы осы «ежелгі кәсіп» біздің қоғамымызда белең алып бара жатыр. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қоғамның да «Томпыштары» баршылық. Олар—шаһардың тозығы жеткен көпқабатты үйлерінде, вокзал маңында, қараңғы көшелерде көптеп кездеседі. Шынайы көзқарас тұрғысынан қарасақ, жезөкшелікті жойып жібере алмаймыз. Қоғам болып себеп-салдарын анықтап, тежеуге талпыныс жасағанымыз болмаса...
ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР—ЖЕЗӨКШЕЛЕРДІҢ МЕКЕНІ
Интимдік бизнестің саудасы қызып-ақ тұр. Қай қаланы алсақ та осындай «ыстық нүктесі» бары жасырын емес. Адамдарды өзіне жетелей жөнелетін нәпсілік азғырудың не сиқыры барын бұл азғырудың құрбаны болған жандар ғана біле алады. Кеш түсе жарыққа ентелеген жынды көбелектердей жол бойы «клиент» торыған сыбай бикештердің ерсі қылығы тыйлар емес. Шымкентте де сол жағдай. Республика даңғылы, Жангелдин, Айбергенов көшелері, 8-ші шағынаудан маңы «қыңсылаған» үн мен дарақы күлкілерге тұншығады. Бұл аудан тұрғындары түн тыныштығын бұзған келеңсіздікті жою туралы айта-айта ауыздары талды. Бір сөзбен «айғайлай, айғайлай қасқырдан да ұят болды». Жуырда «жеңіл жүрісті қыздарға пәтерін жалға бергендер заңмен жауапқа тартылатын болады», – деген заңды құжат та қабылданған болатын. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Кодекске жаңа бап енгізілді. Ішкі істер министрлігі заң бұзушыға салынатын айыппұл көлемін жария етті. Атап айтқанда, жезөкшелерге жалға пәтер берген жеке тұлғалар 100 айлық есептік көрсеткіш, заңды тұлғалар 200, ал шағын және орта бизнес өкілдері 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Нариман ҚҰЛДЫҚОВ, ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бөлімінің басшысы:
–Заңға өзгеріс енгізудегі мақсат адам саудасымен күрес саласындағы заңнаманы қатаңдату. Бұл заң бойынша Кодекстің 4-бабы толықтырылды. Қайыршылықпен және жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегендер және «түнгі көбелектерге» пәтер жалға бергендер жазаланатын болады.
Бүкпесіз баяндасақ, біздің қоғамда жалдамалы пәтерлердің саны ит басына іркіт төгілердей көп. Бағасы да арзан. Пәтер жалдаушылардың жаңа заң қаулысынан қаншалықты хабардар екендігін білмек мақсатта түнгі шымқалаға жасырын рейдке шықтық. Сол күні Республика даңғылы мен А.Асқаров көшелерінің қилысында картон қағазға «квартира» деп жазып алып, өткен-кеткенге «жігіттер, квартира бар» деп «менмұндалап» тұратын «үй қожайындарының» шоғыры аз екен. Елена есімді апайды сөзге тарттық.
–Үйіңіздің бір сағаты неше теңгеден?
–Ой, жігіттер, арзан ғой, сағаты 500-ақ теңгеден. Егер бір түнге алсаңыз, бағасына келісеміз»,-дейді апай.
–Өзіңіздің пәтеріңіз бе?,
–Е, жоға, әпшемдікі ғой. Маған беріп қойған, өзім жалдаймын.
–Егер қыздар алып келсек қалай болады?
–Ол жағын өздерің қатырасыңдар-ғой. Мен тек пәтер жалға беремін. Дегенмен, көшеде тұрған жезөкшелерге көп сене бермеңдер. Олардың кейбірінің «крышалары» болады. Сенімен келіскен соң бейғамдығыңды пайдаланып, шу шығарып, «косякқа» тығып кетуі де мүмкін. Онан да «тазасын» алып келсеңдерші. Егер қажет деп тапсаңдар, саунаның байланыс телефонын берейін.
–«Менттер» тексеріп, мазаны алмай ма?
–Қорықпай-ақ қойыңдар, барлығы шешілген шаруа ғой. Оның үстіне біздің пәтерлер «Нұр Отан» ғимаратының маңында, полициялар бара бермейді. Өйткені, «шамның түбі қараңғы» деген... Мемлекеттік органдар маңын көп тексере бермейді, – деп жымиды.
Бұл маңда самсап тұратын пәтер жалдаушылардың қарасы неге аз екендігін сұрағаным «менттердің» соңғы кездері жиі рейд жүргізіп жатқандығын көлденең тартты. Арзан пәтер керек екендігін алға тартып, әлгі апайдан әзер құтылдық. Онан әрі жұрттың аузында «Огонёк» атанып кеткен Республика даңғылы мен Т. Айбергенов көшелері бойындағы бір қауым жалдамалы «квартира» қожайындарына бардық. Мұнда саусақтарымен кілттерді шыр айналдырғандар көп екен. Алдымызды кескестеген бір қыз өз пәтерінің жарнамасын келістіре жасап-ақ жатыр. «Еуро жөндеуден өткен. Тоңазытқыш, желдеткіш, телевизор бар. Қолайыңызға келсе өзім де «қызмет» етуге дайынмын», – деді. Бойжеткеннің айтқаны бойынша сондағы көп қабатты үйлердің ауласына беттедік. Пәтерін көрдік. Біздің түпкі мақсатымыз бұл емес еді. Кетуге асықтық. Дегенмен, біраз жол жүргендігін, уақытын қиып келгендігін айтып, қыз «саудасын» өткізбекке асықты. Тіпті: «Жігітім, сен кімді ақымақ етіп тұрсың? Менің «крышаларым» бар, – деді. – Қазір осы ауданда үш «мент» жүр. Соларды шақырып, сазайларыңды беремін». Мына сөзді естіген соң, жалдамалы пәтерден тез кетуге әрекет жасадық. Шығып бара жатқанымызда қазақ қызының бізді адам аузы барып болмайтын былапыт сөздермен балағаттағанын естіп, жанымдағы серіктерім қатты қапаланды.
Міне, екі-үш пәтер жалдаушылармен болған әңгіме осылай «сәтсіз» аяқталды. Біз көше бойынан рейдке шыққан құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кездестірдік. Алайда, олар тек бетін ғана қалқып жүргендігіне көзіміз жетті. Себебі, ондағы «қожайындар» жоғарыда айтылған заңнан бейхабар. Полицейлер осы күнге дейін пәтерді жалға берушілердің бұл ісіне араласа алмайды. «Жаңа өзгеріске байланысты интимдік бизнестің қарқынын азайтуға мүмкіндік туды» деген мамандар пікірінің құқық қорғау органы қызметкерлері тарапынан өз жемісін беріп жатқаны шамалы.
«ТӘН САТЫП, ТЕҢГЕ ТАБУ ДА ОҢАЙ ЕМЕС»
Әрине, бізді қынжылтатыны, бір кездері көрікті үйлеріне көз тойған 8-шағынаудан бүгінде жеңіл жүрісті қыздар мен ащы суға тойып алған «қонақтардан» арылмай тұр. Біз жезөкшелердің өздерін да сөзге тартып көрдік. 24 сағаттың 6-7 сағатында ұйықтайтын олар түнімен «клйенттерге» қызмет етеді екен. «Огонёк» аялдамасы маңында орналасқан дүкен алдында жиырмадан енді асқан қызды кездестірдік. Аз-кем сөйлесу барысында біраз дүниені түсінгендей болдық. Есімі Аяна.
–Жігіттер көп «қырта» бермеңдер, көңіл көтергілерің келсе, дұрыстап сөйлесіңдер. Әйтпесе «қызметіме» көлденең тұрмаңдар, – деді. Қасымдағы серігім сол маңдағы сыбай бикештің бірімен «түнгі көбелектердің ұясына» еніп кетті.
Әрине, мұндайда уақыт өткізу керек. Аяна бір тал «KENT 3» сұрады. Сатып алып бердік. Темекіні дембіл-дембіл сорып, «қызметінің» өте ауыр екендігін айтты.
–Иә, әр түрлі адамдар бар. Кейбірі, әсіресе жастар жағы ойына келгенін істегісі келеді. Тисіп алып, ұрып-соғатыны бар. Біреулері ақша төлегісі келмейді. Қашып кетеді. Әуел баста өзім жеке «қызметіме» кейіннен «крыша» іздеуге мәжбүр болдым. Себебі, кей жағдайда «клиенттерден» ақысын ала алмай қалатынмын. Кейін «жеңгетай» мама таптым, – деді.
–Осында тұрасың ба?
–Е, жоға, бұл «қызмет» орнымыз. Басқа ауданда тұрамыз. «Қызмет» түріне қарай бағасы да өседі. Бір сағаттық көңіл көтеру үшін 2500-3000 теңге. Ал, бір түнгі «қызметің» 12000-15000 теңгені құрайды.
–Осы көше бойындағы жезөкшелердің бәрін білесің бе?, – дедім.
Сықылықтап күлген қыз:
–Мен осы маңды бес саусағымдай білемін. Олар тіпті, топқа да бөлінеді. Мәселен, өз пәтерлерінде тән саудасымен айналысатындар, «Мамаларының» қолында қызмет ететіндер, шаһар сауналарында «сағаттық» қызмет көрсететіндер, – деді қыз.
Қызды-қызды әңгімемен көше бойындағы тәртіп сақшыларын көрмеппін.
–Ойбай, «менттер» келе жатыр. Тез құрып кет, бұл маңнан», – деді.
–Сен не істейсің? Ұстап алып кетеді ғой, – дедім.
–Үйреншікті жағдай, таңырқамай-ақ қой. Бізді ұстап алып, қайта босатып жібереді. «Мама» сөйлеседі ғой бұлармен, – деді.
Жаныма жеткен полицейлердің біріншісі маған шүйліге бастады. Қызмет бабымен жүргенімді айтып куәлігімді көрсеткен соң абдырап қалды.
–Алдын ала ескертіп қоюларыңыз керек еді. Мұнда нашақорлар, бұзақылар көп жүреді. Амандықтарыңызға көңіл бөліңіздер. Біз осы «районның» мәселесін қараймыз, – деді екі құқық қорғау қызметкері. Иә, әжептеуір ойланып қалдым. Екеуі жайбарақат Аянамен сөйлесіп тұр. Аянаның манағы айтқан сөзіне иланбасқа шара қалмады.
Осындағы тәуліктеп немесе сағаттап жалға берілетін пәтерлердің кесірінен шаһар-аудан тұрғындарының тыныштығы кеткен. У-шу, түнде ұйқы жоқ. Ыңырсу, шыңғыру... Тұрғын үй аулаларында шашылған мүшеқап осы жәйттердің шындығын дәлелдей түседі. Бізбен сөйлескен екі қызметкер келеңсіз жағдайды ретке келтіру мақсатында түнгі рейдке шығыпты. Шымкент қалалық ішкі істер органының қызметкері Бақытжан есімді азамат әкімшілік құқық бұзұшылық туралы кодекске енгізілген өзгерістердің қаладағы «теріс тіршілікті тоқтатарына», тәртіп орнататындығына кәміл сенімді. «Бүгінде атышулы №8 шағын ауданға арнайы бейнебақылау құрылғыларын орнаттық. Осы арқылы заң бұзушылықтарды, түрлі қылмыстардың бетін ашып, тұрғындарға жайлы жағдай жасаймыз», – деді.
Дегенмен, осы шаһардың тұрғыны Елшібек Сағатбеков мұнымен келіспейді.
–Түнгі айқай, қатты қойылған музыка, балағат сөздерді жиі естиміз. Мұндай келеңсіздікке етіміз үйреніп кетті. Полицейлер күнде рейдтік тексеру жүргізеді. Алайда, өзгерген ештеңе жоқ, – деп ашынды ол.
Тәртіп сақшыларының мәліметіне жүгінсек, шағынаудандағы пәтерлердің 50 пайыздан астамы жалға беріледі. Ал бұл қылмыстық ортаның қалыптасуына түрткі болып отырғандай. Осыған байланысты мұнда жыл басынан бері рейдтер өткізіліп тұрады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер жалға берілетін пәтер төңірегінде тәртіп орнатуға мүмкіндік береді. Бұған дейін баспанасын жалға беруді бизнеске айналдырғандар уақтылы салық төлеп отырғанын алға тартатын. Енді, жеңіл жүрістілерге пәтерді жалға бергені үшін үйдің қожайынына айыппұл салынады.
ҮЙ ІШІНЕН «ОТАУ» ТІГІП АЛЫПТЫ
«Тән саудасы» түрінің дүркіреп тұрғаны соншалық, Республика даңғылы, Айбергенов пен Жангелдин көшесінің бойындағы бес қабатты үйлер төсегінен шиқыл кетпейтін «жезөкшелердің» мекеніне айналған. Осыдан біраз бұрынғы рейдте анықталғанындай, бір пәтер ішінде 8-10 бикеш үй ішінен «үйшік» жасап алыпты. Бір уақытта бірнеше клиентті қамтамасыз ететін пәтердің түрі жаман. Гүлді қытай кездемесімен бөлінген үйшіктен көршінің қыбыр-сыбыры ап-анық естіліп жатады. «Отауға» кіріп шыққан серігім жанындағы көршілерінен ұялып «міндетін» дұрыс атқара алмағандығын айтып, мәз болды. Ең сұмдығы сол, араларында кәмелет жасына толмағандары да бар. Күніне бес мың теңгеге дейін «таза табыс» табады екен. «Таза» дегенде қай оңған тазалық. Қолына түскен ақшаның бір бөлігінен «қорғаныс» ақысына берсе, «медициналық тексеру» ақысы, «мамасының» ақысын алып тастағанда, қалтасына түсетінін айтады екен. Бірақ, әр жолғы рейдте белгілі болғандай, ешқайсысының құжаты жоқ. ҚР Заңнамасында 16 жасқа толған азаматқа жеке куәлік берілетіндігін ескерсек, жеңіл жүрістілердің жеке куәлігінің жоқ екендігі күдік туғызады. Әрі оларды мұнда кім алып келгені және қыз-ойнақтың ордасын кімнің ұйымдастырып жүргені сұрақ белгі болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, жезөкшеліктің өзінен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың, адам саудасының түбі көріне бастайды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, «бұзылған» қыздардың арасында көрші елдерден келгендер көп. Алайда, оларды еліне қайтаруға болмай ма деген сұрақтың туындайтыны бар. «Қолға түскен қыз-келіншектер полиция бөліміне жеткізілді. Кәмелет жасына толмағандары жасөспірімдерді оқшаулау орталығына жіберіледі. Олардың ата-анасы мен мекен-жайы анықталған соң, нақты шаралар қолданылады», – дейді полицейлер. Рейд жүргізуден кенде емеспіз. Дегенмен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Осыған дейін 30-40, тіпті 50-60-қа жуық қолға түсетін бойжеткендердің кем дегенде 20-шақтысы – кәмелет жасына толмағандар. Құқық қорғаушылардың өзі де «тексеруден» мезі болған. Жезөкшелерге саусақ іздерін алып қалғаннан басқа шара қолдана алмайды. Бүгінде, кәмелет жасына толмағандарды уақытша оңалту орталығына жеткізіп, жатыр. Тіпті, жеңіл жүрісті қыздар өз қолдарымен «мен жезөкшемін» деп жазып береді екен. Қазіргі таңда Парламент қабырғасында «Адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері» бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Депутат Ұ.Сәдібековтің ұсынысы бойынша осындай притондарды ұйымдастырғаны үшін, жезөкшелік мақсатқа пәтер, орын-жай бергені үшін, кәмелеттік жасқа толмағандарды сексуалдық әрекеттерге тартқаны үшін, жезөкшелік қызметті ұйымдастыруға қолдау көрсеткені (такси, күзет, байланыс, делдалдық және т.б.) үшін қылмыстық іс қозғалады. Мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер қайталап жасаса 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілетін болады.
ҚОНАҚТЫ САУНАҒА СҮЙРЕЙМІЗ
Біздегі вокзалдар сырттан келгендерге өзгеше түсінік қалыптастырады. Себебі, тәніне құн сұраған «түн көбелектері» мұнда интимді бизнес жасап жатыр. Бейне бір Париждің «қызыл фонарлар» көшесіндегі секілді. Бұл жалғыз Шымкентте ғана емес. Елордасы Астананың, ару Алматының вокзалдарында да кездеседі. Соңғы кездері біздің шаһарымызда қонағын саунада күту үрдіске айналып бара жатқандай. Ал сол сауналардың қожайындары кімдер деген сауал сізді ойлантама қадірменді оқырман. Біле білсеңіз, білдей бастықтар. Сол шіркіндер салық төлей ме екен?!. Саунасын «секс қызметіне» айналдырып, арам олжа тауып жатқанына ұялмас па екен? Әй, қайдам...
Жуырда, Астана қаласында демографиялық комитет құрылып, ол әрбір қыз-келіншектерді есепке алады. Қаншасы тұрмысқа шықпаған, қаншасы некесіз бала тапқан, қаншасы ажырасқан, қаншасы лесбиянка екенін анықтап отырмақшы екен. Міне, осындай дүниелер бізге де керек-ақ.
«Сауна» шетелдерде тазалық орны ретінде пайдаланады. Ал, біздегі мақсаты 180 градусқа өзгерген. Екінің-бірі саунашыл. Алыстан қонақ келсе, «саунаға» заказ береді. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, қаламызда 100 ден астам сауна бар. Ал олардың қаншасы «халал»? Ал, сол «халал» атауын жамылып, «харам» тірлік істеп жатқандары қаншама? 24 сағат бойы қызмет ететін сауна ішінде ұлтымыздың қаншама ұл-қыздары «уланып» жүр. Бұл--ойлантарлық жағдай.
ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫН ҚОР ҚЫЛМАЙЫҚ
Ата-анасы ұрпағын қорлық көру үшін тумайды. Иә, осы арада ұлттық намысқа шоқ түсетіні даусыз. 18 жасар қыз Алматыдағы қытайлардың «Алтын айдаһар» қонақ үйінде қызмет көрсетеді. Көзінің құйрығын сызып, сығырайтып, жапон мен қытайдың гейшаларына ұқсап кеткен. Қытай нақышындағы татуирьвка салып, қытайы жібектен тігілген жапон көйлегін төгілте киген шымкенттік қыз туралы ақпаратты газеттен оқып, жаға ұстап, зығырданымыз қайнағаны бар.
Біз нені көріп жүрміз? Мұндай «үрдіс» өте көп. Мәселен, елімізге сырттан келген «келімсектер» әуелі іші-бауырымызға еніп, онан кейін ойына келгенін істеп жатыр. Біраз жыл бұрын, тағы сол Республика даңғылы бойындағы жын-ойнақтың бірінде бір әріптесім түрік жігітімен сөзге келіп қалады. Сөйтсе, түрік азаматы сондағы «қызметші» қыздардың үстінен өз «долясын» алып, «клиент» тауып берумен айналысады екен. Онда келетіндердің көбісі өзге ұлт өкілдері. Маржан есімді қыздың айтуынша, олар ақшасын жақсылап төлеп болған соң, ойына келгенін істейді екен. Мұндай жайтты ғаламтор бетінен де жиі көзіміз шалады. Мысалы, көптеген қазақ қыздарының әлеуметтік желідегі парақшаларында жартылай жалаңаш тау халықтарының, оның ішінде, орыстардың, дағыстандық, шешен жігіттермен жабысып түскен суреттері көптеп кездеседі. Сурет астындағы коментарийді оқуға дәтің шыдамайды. Сонда қазақ жігіті құрып қалғандай, денесін түк басқан «қоңқақ мұрындыларға» біздің қыздар неге құмар? Ата-ана бала шағынан бастап қыздарымызға тәрбие беруді күшейтуі керек. Ұлттық дүние таным қалыптастыруы қажет.
ТҮЙІН СӨЗ:
Жезөкшелік әлемнің барлық елінде бар делік. Оған өз тарапымыздан тыйым салуға болмай ма? Ұяты ұясында қонатын қазақ қыздары елге келген бөгде жұрттықтарға «қызмет» қылса, ертең одан қандай ана шығады? Қазақ қыздарының жезөкшелігінің басты себебі әлеуметтік мәселеден екен деп жаппай тән саудасымен шұғылданып кетуі керек пе?
Мен не көрдім? Ұлтымыздың сайқымазаққа айналып бара жатқан ұл-қыздарының басындағы сорақылықты көз алдымнан өткердім.
Ата-аналар абайлаңыздар, ұл-қыздарыңыздардың не істеп жүргендігіне бір сәт назар аударыңыздаршы...