Қолын тілгілеп тастаған ақтаулық оқушы "Синий кит" ойыны жайлы айтып берді, - деп хабарлайды "Лада" басылымы.
Алтыншы сынып оқушысының айтуынша, ол өз-өзіне қол салуды көздейтін соңғы 50-ші тапсырманы орындағысы келмегенін айтып отыр. Қазіргі уақытта балаға психолог көмектесіп жатыр. Маңғыстаудағы мектептерде оқушыларға смартфон алып келуге тыйым салынған.
"Ойнап көргім келіп, "ВКонтакте" желісіндегі парақшама "Синий кит", "Я в игре", "Жду инструкцию" деп жаздым. Үш күндей күттім, бірақ маған ешкім хабарласпады. Ал бір апта өткеннен кейін менің досым жауап алыпты, сосын мен тағы жаздым, бірақ бұл жолы досымның "кураторына" жаздым. Кейін маған бірінші тапсырма берілді - қолымды тілгілеп, әріптер мен сандарды жазуым керек болды", - деп әңгімелейді жасөспірім.
Қолын 70 рет тілгілеген бала оны суретке түсіріп, ойын кураторына жіберген. Осыдан кейін баланың мектебіндегілер тілінген қолын көріп, дабыл қаққан.
"Мектепте тексеріс жүрген, сөйтіп, менің қолымдағы жараны көріп қойды. Сол кезде ойынды жалғастыратын ойым болған жоқ, аяқтаймын деп жүргенмін", - дейді бала.
Ал Маңғыстау облыстық білім басқармасындағылар қазіргі уақытта баламен психологтың жұмыс істеп жатқанын айтты.
"Бұл Маңғыстау облысында болған жалғыз жағдай. Аймақтағы оқушыларға мектеп инспекторлары мен тәрбие жөніндегі педагогтар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық мектепте смартфон әкелуге тыйым салынған. Мектепке тек батырмасы бар ұялы телефон әкелуге рұқсат бар. Ата-аналар осы мәселеде біздің осы шешімімізді қолдап отыр", - деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының тәрбие ісі жөніндегі бөлімнің жетекшісі Алмажай Райынбердиева.
Айта кетейік, бала қолын 6 қаңтарда сабақтан тыс уақытта "Синий Кит" ойынының тапсырмасы бойынша тілген.